Текелінің тәтті тағамдарын жеп көрдіңіз бе? Әсіресе дәмі тіл үйіретін пірәндігін. Жетісудан тіске басар жұмсақ ас іздесеңіз, моноқалаға барыңыз. Бұлай әсірелеп айтуымыздың басты себебі, Текелі кондитерлік фабрикасында күніне 1,5 тоннаға дейін пірәндік пісіріледі. Бүгінде кәсіпорын жұмыс санын қысқартпай-ақ заманға сай автоматтандырылып жатыр. Тұтынушылар саны күннен күнге артып келеді.
Ас – адамның арқауы. Ұннан жасалатын ас-дәмді қарапайым халық күніге қолданады. Жұмысбасты қыз-келіншектер үшін тәтті тағамдарды дүкеннен сатып ала салған әлдеқайда тиімді. Сондықтан жетісулық әйелдер алдымен текелі өнімдеріне кезекке тұрады. Оның ішінде жиі сұранысқа ие – шоколад жағылған «Умка» пірәндігі. Оның дәмді болып дайындалуының сыры тек «Баделхан» ЖК-ның тәжірибелі шеберлеріне ғана аян. 10 жылдан бері осы игілікті іспен айналысып келе жатқан аспаздар қыр-сырын бізге баяндап берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осыдан 20 жыл бұрын шағын цех ретінде ашылған кәсіпорын бірте-бірте іргесін кеңейтіп, бүгінде айтулы өндіріс орнына айналған. Екі мыңыншы жылдардың басында достарымен өзара кеңесіп, осы келелі істі кәсіпке айналдыруға ниеттенген Талғат Төңкерісұлы алғашқы қиындықтарды еске алды. Әуелде мұндай үлкен кәсіпорынға айналдыру ойында да болмаған.
«Ешқандай ғимаратымыз, арнайы құрал-жабдықтарымыз болған жоқ. Тек шағын бір орын тауып орнықтық. Бірақ бірте-бірте тәтті пісіруге бар ынтамызбен кірістік. Текелінің атын шығаратын сапалы өнім жасасақ деп талпындық. Тынымсыз еңбектенудің нәтижесінде арманымыз орындалды. 2010 жылдан бері өнімімізді «Алақай» брендімен шығарып келеміз. Біздің пірәндіктеріміз Текелі, Талдықорған қалалары мен облыс аумағында ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында да өтімді. Он жылдан аса уақыт осы өңірлерге өнімімізді жеткізіп отырмыз», деді Т.Төңкерісұлы.
Мәселен, кәсіпорында бұрыннан келе жатқан өндіріс шеберлері бар. Солардың бірі – Людмила Стебенева. Оның мұнда еңбек етіп жүргеніне он жылға жуықтаған. Кәсіби маман пірәндік пісіру өндірістік жолға қойылғанын, мұндағы үдерістер 30 пайыз автоматтандырылғанын айтты. Айталық, қамырды бөліктерге бөліп, пірәндікті домалақ формаға келтіру ісін арнайы құрылғылар атқарады. Тек сопақша, жұмырлау келген «Қазақстан» пірәндіктері ғана қолдан дайындалып пісіріледі.
Кәсіпорын директорының айтуынша, 2018 жылы жеке қаражатына арнайы жабдықтар сатып алған. Компьютерлік бағдарламаның көмегімен онда 12 минут сайын 70 кг қамыр қажетті формаларда бөліктерге бөлініп, пісіруге жіберіледі. Қолданыстағы құрылғының көмегімен пірәндіктің жаңа түрлерін де жасауға болады. Тіпті өндірісті автоматтандыру ауқымын ұлғайтуға ниетті.
«Ол үшін бізге мықты, тәжірибелі технолог керек. Ең бастысы өндіріс үдерісін автоматтандыру деңгейін ұлғайту барысында қызметкерлер саны қысқармайды. Білікті мамандардың көпшілігі ондаған жыл бізбен бірге жұмыс істеп келеді. Сондықтан оларды кәсіпорынның ішінде басқа жұмысқа ауыстырып, жұмыс орындарын сақтап қаламыз. Автоматтандыру ісін биыл бастаймыз деп отырмыз», дейді Т.Төңкерісұлы.
Жалпы, өндірісте 58 адам еңбек етеді. Олардың жалақыларының көлемі – 90 мың мен 120 мың теңгенің аралығында. Тіпті індет өршіп тұрған кезде де кәсіпорын тоқтаған жоқ. Қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін кәсіпорын басшылығы оларды фабриканың көлігімен тасымалдауды ұйымдастырған.
Текелі кондитерлік фабрикасында бір тәулікте 1-ден 1,5 тоннаға дейін пірәндік шығарады. Жалпы, өнім көлемі тапсырысқа байланысты айқындалады. Қажеттілігіне қарай сыйлық сувенирі ретіндегі әртүрлі пірәндік те пісіріледі. Бүгінде фабрикада тәтті пірәндіктің қойытылған сүтті, шоколадты, бананмен, таңқураймен, лимонмен, құлпынаймен, қойбүлдіргенмен 13 түрі шығарылады.
Тәттінің түрлерін сан қилы ету қамырдың құрамы мен жақпасына байланысты. Осының ішінде тұтынушылар арасында ең көп сұранысқа ие «Умка» пірәндіктері ақ және қара шоколадпен, кейде жержаңғақ қосып пісіріледі. Пірәндіктің дәл осы түрін Текелінің бренді деуге болады. Цехқа бөгде адамның кіруіне рұқсат етілмейді. Мұнда ондаған жылдан бері пірәндік пісіру шеберлері ерекше рецептті көздің қарашығындай қорғап, барынша құпия сақтап келеді.
«Шикізаттың қымбаттағанына байланысты өнімдеріміздің құны өскені рас. Біз отандық өнімдерді, яғни өзімізде шығатын ұн, май, қант, сүтті қолданамыз. Өткен көктемде еліміздегі көптеген кондитермен қатар қант тапшылығы проблемасымен біз де бетпе-бет келдік. Бірақ жергілікті әкімдіктің қолдауы арқылы Алматыдан қант жеткізілді. Биыл қантқа қатысты мұндай дүрбелең болмайды деп үміттенеміз», дейді Т.Төңкерісұлы.
Осы ретте еске сала кетейік, облыстық тұрақтандыру қорына жетісулықтар үшін Көксу қант зауытынан 2 190 тонна қант сатып алынды. Бұған жалпы сомасы 920 млн теңге жұмсалған. Ондағы мақсат былтырғыдай қант тапшылығы туындаған жағдайда немесе баға күрт өскен сәтте қант сатылымға шығарылады. Бұл өңірде шекер жетіспеушілігінің алдын алуға ықпал ететін бірден-бір амал болмақ. Қарапайым халық бекерден бекер алаңдамаса болады.
Жетісу облысы