М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов Дүниежүзілік қысқы Универсиадада шорт-тректен командалық эстафетада күміс жүлде иеленген Малика Ермекке оқу орнының білім грантын тапсырды.
Жаһандық додада ел құрамасы сапында Малика Ермектен бөлек, Яна Хан, Алина Әжіғалиева, Әлішер Әбілқатимов және Еркебұлан Шамұханов бақ сынаған болатын. Айтулы аламанда ұлттық құраманың саңлақтары Франция спортшыларына ғана есе жіберіп, күміс жүлдемен күптелген еді.
– Алғаш рет коньки тепкен кезде тіпті кішкентай болатынмын. Сондықтан бұл спортты өзім таңдадым деп айта алмаймын. Әкем дәл осы спорт түрімен шұғылданғанымды қалап, мұз айдынына ертіп әкелген еді. Сол үшін де әкеме деген ризашылығым шексіз. Ол кісіге ылғи да алғысымды айтып жүремін. Болашақта қысқы Олимпия ойындарында жүлдегерлердің қатарынан көрінсек деген тәтті арман бар, – дейді спортшы.
ТАРАЗ