• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Ақпан, 2023

Үйді онлайн рәсімде

328 рет
көрсетілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы цифр­лық серіктестерімен бірлесіп, Digital Almaty 2023 форумында жаңа блок­чейн-өнімін таныс­тыр­ды. Енді қазақ­стандықтар Ха­лық­қа қызмет көрсету орта­лық­­тары мен нотариусқа жүгін­бей-ақ, жылжымайтын мүлікті он­­лайн платформада сатып ала алады.

Blockchain технологиясы арқылы бар­лық қолданушының жеке ақпараты­ның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Атал­ған жобаның нәтижесінде азаматтар өз уақытын үнемдеп, 8 сағаттың ішінде құжаттарды рәсімдеп, 10 минут ішінде үйді тіркей алады. Сонымен қатар бұл қызметтің құны нотариус қыз­меттерінен әлдеқайда арзан болады. Сондай-ақ азаматтар жылжымайтын мүлік нысанының орналасқан жеріне қарамастан, мемлекеттік құжаттарды онлайн тіркей алады.

Мәмілені рәсімдеген азаматтар мен сатып алынатын нысанның барлық ақпа­ратын «Жылжымайтын мүлік тіркелі­мі» мемлекеттік деректер қоры тексереді. Сатып алу-сату шартына электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюға болады. Бұл мәміленің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

– Біз Freedom Bank-пен бірлесіп, жеке тұлғалар арасындағы сатып алу-сату шар­тын ресімдеуге арналған онлайн плат­форманы әзірледік. Жаңа платфор­ма алдағы айда іске қосылады. Бұл жү­йеге BI Group құрылыс компаниясы қатысады. Біз ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тіркеуші органдар нотариустардың қыз­метіне жүгінбестен, тараптардың ерік біл­діруін онлайн режімде тексеруге мүмкіндік беретін биометриялық жүйені енгіздік. Қол қойылғаннан кейін жаңа меншік иесінің құқықтары «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорында тіркеледі, – дейді мемлекет­тік корпорацияның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Freedom Bank директорлар кеңесі төр­ағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов­тың айтуынша, банк 2021 жылы тұрғын үйді ипотекаға алудың жүйесін 90 пайыз­ға цифрландырды. Бірақ мәмілені жаса­судың соңғы кезеңі – нотариуста шартқа қол қою жүйесі әзірленбеген болатын.

– Мемлекеттік сервистермен интеграциялау және мемлекеттік корпорациямен құрылған ынтымақтастықтың нәтижесінде біз құжаттарды 100 пайыз онлайн-ресімдеуге мүмкіндік беретін блокчейн-платформасын құрдық. Осы платформаның көмегімен жеке тұлғалар жылжымайтын мүлікті биометрия мен бейнесәйкестендіруден өткеннен кейін, электрондық форматта ашық және қауіп­сіз мәмілелер жасай алады, – дейді ол.

Бұрын бұл жүйе тек B2C форматында қолжетімді болса, қазір С2С форматында, яғни делдалдарсыз жеке тұлғалар арасында тікелей сатуға мүмкіндік беретін жүйеге ауысты.