Әскери тәрбие мен құқықтық сауаттылыққа баулуды бала кезден бастаған нәтижелі болмақ. Осы бағытта Алматы облысының Ұйғыр ауданында «Жас шекарашылар» мен «Жас полицейлер» әскери-патриоттық клубтары ашылды. Клуб мүшесі ретінде 5 мектептің 85 оқушысы Шонжы ауылының Мәдениет үйінде ант қабылдады. Сондай-ақ жас полицейлерге арнайы куәліктер табыс етілді.
Мұндағы «Жас шекарашылар» мен «Жас полицейлер» клубы мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымының құқық фракциясында қызмет етеді. Яғни олар аудандағы полиция бөлімшелерінің мамандарымен және оқу ошақтарындағы құқық менеджерімен байланыс орнатып, мектептердегі құқық бұзушылықтың алдын алмақ. Алматы облысындағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мадияр Шараповтың айтуынша, арнайы куәлікке ие болған балалар енді кез келген оқушыға тәртібі, жүріс-тұрысына сын-ескертпе айта алады. Және олар құқық менеджеріне есеп беріп, ескерту алғандармен арнайы жиналыс өткізеді. Сонымен қатар клубқа қабылданғандар мектеп бітіргенге дейін еліміздің әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңдарын меңгеріп шықпақ.
– Жас шекарашылар туралы айтар болсақ, олар аудандағы әскери бөлімдерге барып, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысып, оны басқаларға насихаттаумен айналысады. Және оларға әскерилер қосымша сабақ беріп, шекара қызметінің қыр-сырынан хабардар етеді. Олар 11-сыныпты тәмамдағаннан кейін әскери борышын өтеуге тас-түйін дайын болады. Қазіргі таңда клубтардың ұйымдастыратын іс-шараларының жобасы бекітіліп жатыр, – дейді Мадияр Шарапов.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева мұндай клубтардың ашылуы білім ошақтарындағы тәрбие жұмысын тың өзгерістерге бастайтынына сенімді. Әскери-патриоттық клубтарға алдағы уақытта тағы бірнеше мектеп оқушылары мүшелікке қабылданады екен.
– Бұл клубтың ашылуы – мектеп жұмысына тың өзгеріс енгізетіні сөзсіз. Себебі кейде ұстаздың мүмкіндігі шектеулі болатын сәттер болады. Мұндайда өзіндік міндеттемесі, қызметі бар клуб мүшелері көмекке келеді. Олар барлығына үлгі көрсетіп, мектептің бет-бейнесіне айналуға тиіс. Қаршадайынан «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант берген бала жауапкершілікті сезініп өседі. Бұдан бөлек, олар қоғам өміріне ерте жастан араласады. Өзін-өзі дамытуға, мектепте әдеп пен тәртіпті сақтауға құштар оқушыдан ел ертеңіне алаңдайтын азаматтар шығатынына үмітіміз мол, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева.