• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ауыл 08 Ақпан, 2023

Ауылдың қадірін арттыратын кадр қайда?

405 рет
көрсетілді

Біте қайнасқан қоғамда адамзат бірінің жоғын бірі түгендеумен келеді. Тіршіліктің, экономиканың заңдылығы да осыған саяды. Үкімет те солай, салықтан түскен қаржыны ел экономикасын өрістетуге, сан саланың тамырына қан жүгіртуге жұмсайды.

Өңірлерде бос жұмыс орындарының саны артты. Мәселен, бір айда Түркістан облысында бос жұмыс орындарының саны 15,3 мыңға дейін жетіп, 170%-ды, ал Алматы облысында 10,6 мыңға дейін өсіп 105%-ды құрады. Бұл ретте бір айдағы орналастырылған барлық бос жұмыс орнының 44%-ы төрт өңірге – Түркістан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы қалаларына тиесілі

 

Елдегі жұмыссыздық деңгейі эконо­микаға әсер етеді. Ірі қалаларда жұмыс табу – аса қиын шаруа емес. Сондықтан жұмыссыздық жайлы ой қозғасақ, әуелі ауылдағы жастардың ахуалы алаңдатады. Ауылда бұрынғыдай мыңғырған мал ұстайтын шаруалар азайды. Егін егіп, рекордтық көрсеткішке жететіндер некен-саяқ. Шалғайдағы елді мекендердің шаруасы осы­лай шатқаяқтап тұрған соң, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың қата­ры да арта бермек.

Мейлі, жұмыс табылған күннің өзінде жалақысы мардымсыз шаруаға жастардың барғысы жоқ. Жұмыс іздеген бозбала мен бойжеткен қалаға ағылады деген болжамды байламға бір мысал осы. Қалаға жастар уақытын бос өткізіп, тамақ асырау үшін бармайды. Әйтпесе ауыл жас­тарының дені құрылыста немесе такси жүр­гізушісі болып еңбек ететінін қала тұр­ғындары да біліп қалды. Елдегі жұмыс­сыз­дыққа, әрине, бірнеше фактор әсер етеді. Әйтсе де, нарық заманында ауыл жас­тарының қалаға ағылуына ең әуелі тұр­мыстың тапшылығы түрткі болып отыр.

Жуырда Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі желтоқсанда Электронды еңбек биржасына 106,1 мың бос жұмыс орны және 36,6 мың түйіндеме орналастырылғанын хабарлады.

Осылайша, алдыңғы аймен салыс­тыр­ған­да сұраныс 16%-ға өсіп, ал ұсыныс 27%-ға төмендеген екен. Осы статистикаға жүгінсек, 2021 жылмен салыстырғанда бос орындармен қатар түйіндемелер саны да көбейген. Салалар бөлінісінде кадрға сұраныс ауыл шаруашылығында (13,3 мың бос орын), орта білім беру саласында (9,8 мың бос орын) және басқа да қызмет түрлерінде (10,3 мың бос орын) тіркелген. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Мол­чановскаяның айтуынша, кейінгі ай­ларда бос жұмыс орындары тіптен кө­бей­ген.

– Өңірлерде бос жұмыс орындарының саны артты. Мәселен, бір айда Түркістан облысында бос жұмыс орындарының саны 15,3 мыңға дейін жетіп, 170%-ды, ал Алматы облысында 10,6 мыңға дейін өсіп 105%-ды құрады. Бұл ретте бір айдағы орналастырылған барлық бос жұмыс орнының 44%-ы төрт өңірге – Түркістан, Ал­маты облыстары мен Астана, Алматы қалаларына тиесілі, – деді ол.

Сол секілді желтоқсан айында елордадан басқа өңірлерде жұмыс іздеген жұрттың азайғаны байқалады. Мысалы, Алматы (48%), Қарағанды (7%), Шығыс Қазақстан (45%) және Түркістан облыстарында (45%) түйіндемелер саны азайған. Бұл ретте Түркістан облысы (3,3 мың), Алматы қаласы (3,4 мың) мен Астана қаласы (5,7 мың) жарияланған түйіндемелер саны бойынша көш бас­тағанын айта кеткеніміз жөн. Өтініш берушілердің белсенділігі өңірлер бо­йынша гендерлік жағынан да әртүрлі болған. Егер Батыс Қазақстан (69%), Атырау (65%), Ұлытау (62%) және Ақтөбе облыстарында (61%) ер азаматтар түйіндемелерін жиі орналастырса, ал қызмет көрсету саласы басым Шым­кент (59%), Астана (53%) қалалары, Абай (56%) және Алматы облыстарында (53%) әйелдердің басымдығы тіркелген. Түйін­демелердің үштен біріне жуығы 16 жас­тан 28 жасқа дейінгі жастарға (10,8 мың), 42%-ы (15,5 мың) орта жастағы немесе (44 жасқа дейінгі) ізденушілерге тиесілі. Түйін­демелердің тек 9%-ы (3,3 мың) зейнет жасына дейінгі азаматтардан түскен.

Электронды еңбек биржасындағы мә­лі­метке сәйкес, желтоқсанда ең жо­ғары жалақыны бас директорлар (2,8 млн теңге), тауар жинақтаушылары ( 2,4 млн теңге), терезе монтаж жасаушылар (1,8 млн теңге) күткен. Ал жұмыс берушілер тарапынан жоғары жалақы өнеркәсіп сала­сын­дағы цех бастықтарына (832 мың теңге), бас технологтерге (700 мың теңге), техникалық сала басшыларына (650 мың теңге) және өнеркәсіптік альпинистерге (650 мың теңге) ұсынылыпты. Қарап отырсақ, өндіріс, техникалық ма­ман­дықтарға сұраныс жоғары. Жел­тоқсан айындағы көрсеткішке қайта орал­сақ, кадр­ларға сұраныс артқанын аң­ғарамыз. Бұған әсілі қолайсыз қыс мезгілі әсер еткен болар.

 

Қызыл дипломнан қайыр болмады

Жұмыс іздеген жастар ауылда, мейлі қалада да ара-тұра кедергіге тап келіп жатады. Себебі ел ішінде, жас­тар арасында таныс-тамырсыз жұмыс табу қиын деген түсінік бар. Әсіресе кеше ғана оқуын тамамдап, дипломын қолға алған жас маманнан еңбек өтілін сұрап сарсаңға салатындар кездеседі. Теориялық білімін жетілдіріп, түйген-білгенін іс жүзінде шыңдауға мықтап бекінген жігерлі жас­тан еңбек өтілін сұрау он ойланып, мың толғансаң да ақылға сыймайды. Жұмыс орнының табал­дырығынан тауы шағылып, беті қайтқан жастың кейін мамандығы бо­йынша жұмыс істеуге аса ниетті бол­майтыны – осыдан. Жоғары оқу орнында төрт жыл үздік оқып, кейін әс­кер қа­та­рын­да азаматтық борышын өтеп келген жас маман Ерлан Нұрланов та оқу жылының басында мектепке жұмысқа орналасуға оқталыпты. Бірақ...

– Студент кезден мамандығым бо­йынша білім беру орталығында жұ­мыс істедім. Кейін әскерге бардым. Әскерден келген соң тамызда қазақ тілі мен әдебие­ті пәнінің мұғалімі болып мектепке жұмыс­қа орналассам деген ой келді. Соған ниет­те­ніп жүргенде қаладағы бір гимназия мектепке мұғалім іздеп жатқанын естіп, бардым. Салада «педагог-модератор» деген біліктілігім бар. Студент кезден об­лыстық, рес­пуб­ликалық байқауларда жең­ген жүл­делерім жеткілікті. Қызыл дип­лом да  қолда. Жұмысқа қабылдаудың жаңа критерийлері жас мамандарға тиімсіз бе, әйтеуір өзім көздеген мектепке қа­былданбадым. Бірақ кейін сол бос орынға ЖОО-ны жуырда тамамдаған, білік­тілігі жоқ өзге маманды алыпты. Осыдан-ақ таныс-білістің ықпалы жүріп тұр­ғанын аңғаруға болады емес пе? Қалай дегенде де сол оқиғадан кейін мектептен көңілім қалды. Оның үстіне студент кезде еңбек еткен білім беру орталығының басшылығы жалақымды көтермелеп, ба­рын­ша қарайласып жатыр. Осы салада ауылда еңбек етіп жүрген курстас дос­тарымыз да дипломын алғанда осындай қиын­дық­тарға тап келгенін айтады, – деді жас мұғалім.

Бұл бір ғана мысал, дегенмен бірнеше буын жастың алдынан шыққан өткел деп айтсақ болады. «Шебердің инесі де, соққан күймесі де алтын» деген. Сөз жоқ, өз сала­сында шыңдалып, ысылған, ісін жетік білетін мамандарға сұраныс жоғары. Мұн­дағы мәселе, еңбек өтілі жоқ жастарда бо­лып тұр. Ал ауылда тұ­рақ­ты жұмыс із­деген жас көп.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің ғылым комитеті, экономика инсти­ту­­тының бөлім меңгерушісі Айсұлу Тұрсын­байқызының айтуынша, ауыл аза­мат­­тары көбіне маусымдық жұ­мыс­тарға ара­­ласып, қыс айларында омалып үйде отырады екен.

– Алыс аймақтарда, елді мекендерде жұмыссыздық мәселесі өзекті. Себебі онда жұмыспен қамту бағдарламалары көбіне уақытша іске асады немесе субсидия алатын шаруалар субсидия біткен соң іркіліп қалады. Кейде жұмыспен қамту бағдарламалары шалғай ауылдарда ойдағыдай іске аспайды. Бұл қалай десек, көбіне тұрғындар әлеуметтік бағ­дарламаларға қалай қатысу керек екенін білмей жатады. Ауылда тұ­рақ­ты жұмысы болмаған соң жастар не істейді? Әрине, мегаполистерге ағылады. Біздіңше, қа­ла­ға келетін жас­тарды уақытша тір­кеп, қаласа қайта мамандық алуға, бел­­гілі бір кәсіпті меңгеруге жағдай жа­са­сақ, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, елді мекендердегі жұмыстың еңбекақысы тәуір болса, жас­тар қалаға ағылмас еді. Сондықтан ауыл­ға тұрақты жұмыс орындары қажет. Кә­сіп­тік білім беретін ұйымдар жастардың білім сапасы мен өндірістік тәжірибесіне көбірек көңіл бөлсе дұрыс. Ол үшін колледж басшылығы ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқаны жөн. Себебі ауылда шәкіртақы үшін оқуға түскен жас­тар еңбек нарығында жұмыссыз қалып жатады. Кәсіптік білімі бар жастардың арасында жалақының аздығын айтып, өзінің мәртебесін төмен санап, экономист, заңгер мамандығын оқып жатады. Шынтуайтында, олардың да еңбек нарығына қажеттілік шамалы, – дейді А.Тұрсынбайқызы.

Шеткі аймақтарда үй іргесіндегі ша­ғын шаруашылығына үйлестіріп, өзін-өзі жұ­мыспен қамтып отырған азаматтар баршылық. Бұл қатарда мерзімдік жұмыстарға араласатындар бар екенін айттық. Ал шын мәнісінде олардың тұрақ­ты жұмысы жоқ. Осыған қатысты әлеу­мет­танушы Бақыт Әлмұратов бір­қатар деректі алға тартты.

– Жұмыссыздық мәселесі – қоғамда кеше ғана пайда болған жоқ, бұрыннан бар мәселе. Былтыр елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9% болды. Бұл көрсеткіш қанша­лық­ты шындыққа жанасатынын әлі де егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Себебі осы статистика тек жұмыспен қамту ор­та­­лық­тарына қайырылып, тіркелген аза­­мат­тардың есебінен шығып отыр. Бейресми жұмыссыз жүргендерді де назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ТМД елдері ішінде еліміз жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша алдыңғы қа­тарда. Алысқа ұзамай-ақ қоялық, ағайын-туыс, дос-жарандардың арасында да жұмыссыз жүргендер баршылық. ТМД елдерін мысалға алсақ, 2015 жылы елі­мізде жұмыссыз деңгейі 4,2% болды. Сол жылы Ресейде жұмыссыздық деңгейі – 9,6%, Әзербайжанда – 10%, Украи­нада – 12,5%, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда 15,5%-ды құрады. Бұл – 8 жыл бұрынғы көрсеткіш. Ал енді сол уақытта Еуропа елдерінде жұ­мыс­­сыздық деңгейі 18,1% шеңберінде болыпты. Осы мәліметтер Еуропа ел­дері шынайы статистика ұсынатынын аңғар­тады. Әрине, жұмыссыздардың қатарында еңбекақысын күнделікті қол­ма-қол алып отырғандар бар. Мұны біз тұрақты жұмыс деп қабылдамауымыз керек. Өйткені жұмысы бар азаматтың зейнетақы қорына ақша түсуі керек. Жұ­мыс беруші тарап еңбек шартына сай жұ­мысшының қауіпсіздігіне көңіл бөлуі қажет. Бізде сантехник, дәнекерлеуші мамандарға сұраныс жоғары. Сөйте тұра осы саланы меңгеріп, жұмыссыз жүргендер көп. Жұмыссыздықтың артуына тағы бір себеп – сұраныс жоғары мамандықтарға жастардың тартылмауы­нан. Азаматтарды жұмыспен қамтуға сыбай­лас жемқорлық мәселесі де кері әсер етеді. Ел арасында «мына жұмысқа орналасу үшін мынадай сома беру керек екенсің» деген сарындағы пікірлер оқтын-оқтын жазылып, айтылады. Біз ашық қоғам құруға ұмтылғанымызбен сыбай­лас жемқорлыққа қарсы иммунитет қа­лыптастыра алмадық, – дейді әлеу­мет­та­нушы.

Б.Әлмұратов елде әлеуметтік жағ­дайы орта тап қалыптаспаса, ашық қоғам құру қиын екенін алға тартады. Ауыл­да да солай, орта және шағын кәсіп­кер­лік дамымаса, жұмыссыздық деңгейі төмендемейді. Бүгінде халықтың 40 па­йыз­ға жуығы ауылда тұрады екен. Сон­дық­тан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы әлеуметтің мәселесін назар­ға алып отыр. Қазірдің өзінде ауыл шаруа­шылығын дамытуға арналған кешенді іс-шаралар, пилоттық жобалар жемісін беріп жатыр. Шаруалардың табысын арттыруға орайластырылған жобалардан бөлек бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға мықтап көңіл бөлінгенін білеміз. Бұған қоса биыл іс бастауға ниетті жастарға жеңілдетілген несие беріледі. Енді Президент тапсырмасына сәйкес ауылды дамытудың 5 жылдық жоспары нақтыланып басталса, ауылды өркендету ісіне үлес қосуға ниетті жастар қол қусы­рып қалмас.