Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 19 765 004 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 208 259, ауыл тұрғындары – 7 556 745 адамға жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
12 ай ішінде Қазақстанда 403,5 мың адам дүниеге келді, оның ішінде 208 мыңы – ұлдар, 195,5 мыңы – қыздар. 2021 жылы бұл көрсеткіш 450,7 мың адамды құраған еді.
Осылайша, туу коэффициенті 1000 адамға 20,28 құрады.
Бұл ретте, бір жыл ішінде 134,7 мың адам қайтыс болған, 1000 адамға шаққанда өлім-жітім коэффициенті - 6,77.
Жалпы, бір жыл ішінде халықтың табиғи өсімі 268,8 мың адамды құрады.
Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1000 тұрғынға 27,75 адам), Түркістан (27,23) облыстарында және Шымкент қаласында (26,34) байқалды.
Ең жоғары өлім-жітім Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 11,84), Шығыс Қазақстан (11,71) және Қостанай облыстарында (10,82) тіркелді.
12 айда 1 жасқа дейінгі 3 215 нәресте шетінеді. 1000 туылғанға шаққандағы нәресте өлімінің коэффициенті 7,97 құрады (2021 жылдың ұқсас кезеңінде – 8,35).
Айта кетсек, өткен жылы 128,5 мың неке тіркелді, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда неке саны 8,4%-ға төмендеді. Сонымен қатар, елде 17,7 мың ажырасу тіркелді, бұл 2021 жылғы деңгейден 8,1%-ға аз.