Жетісулықтардың волейболға келгенде бір бүйрегі бұрып тұрады. Осыған орай Талдықорған төрінде «Жетісу» волейбол клубына арналған спорттық база мен клуб ойыншыларына арнап тұрғын үй тұрғызылмақ. Бұл өзі спортшылардың көптен бергі тілегі еді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған нысанның эскиздік жобасын облыс әкімі Бейбіт Исабаев волейбол жаттықтырушыларымен және сәулет-құрылыс саласының мамандарымен бірлесіп талқылаған.
Көпке мәлім, «Жетісу» волейбол клубы – ел чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп жүрген команда. Оның үстіне қалыптасқан өз ойын үлгісі бар, жанашыр жанкүйері де жетерлік. Жалпы, клуб жұмысы жақсы жолға қойылғанымен, Жастар спорт сарайында дайындалып жүр. Онда әртүрлі спорт секторлары болғандықтан, спортшыларға кедергі келтіреді. Жаттықтырушылар алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Енді өңірде сол үшін спортшыларға барлық жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде жергілікті жасөспірімдерді спортқа баулуға, облыстағы спорттық командалар мүшелерінің қатарын жетісулық талантты балалармен толықтыруға ықпал етпек.
Б.Исабаев өз сөзінде құрылыс барысында спорттық нысандарға қойылатын барлық норматив қатаң ескерілуге тиіс екенін айтты. Осы орайда клуб жаттықтырушылары құрылыс нысандарын жобалаушылармен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Атап өтсек, үш қабаттан тұратын спорт базасында ерлер мен әйелдер командаларына арналған жеке ойын залдары, массаж кабинеттері, душ кабиналары, тренажерлық залдар, медицина маманына арналған кабинет, әкімшілікке арналған бөлмелер – жалпы спортшылардың оқу-жаттығуына қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылады. Нысанның құрылысына керекті қаржы облыс бюджетінен бөлінеді.
Ал клуб ойыншылары мен жаттықтырушыларына арналған 4 қабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен тұрғызылмақ. Онда ерлер мен әйел спортшыларға арналған блоктар бөлек болады. Тұрғын үйде жатын бөлмелермен қатар шаруашылыққа қажетті бөлмелер, ас әзірлейтін орын, асхана, массаж кабинеті, медперсоналға арналған бөлме, демалыс бөлмесі және басқа да қажеттіліктер қарастырылады. «Жетісу» әйелдер волейбол командасының жаттықтырушысы Елена Павлова, спорттық директоры Валерий Беленков және басқа да жаттықтырушылар сәулет және құрылыс саласы мамандарымен бірге нысандар құрылыстарын талқылау барысында ортақ тұжырымға келіп, эскиздің егжей-тегжейін кеңесе жобалауға келісті.
Осы жиын барысында Талдықорғанда инвестордың есебінен салынатын Үстел теннисі орталығы құрылысы жобасының жай-жапсары да талқыланды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі аймақта спорт саласына, соның ішінде кәсіби клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор көңіл бөлінетінін атап өтті. Өңірге келген сапарында Мемлекет басшысы Жетісудың спорттағы даңқын қалпына келтіру жайлы тапсырма берген еді. Соған сәйкес қолға алынып отырған мұндай іс-шаралар өңірде саламатты өмір салтын насихаттауға, жастарды дене шынықтыру мен спортқа көптеп баулуға ықпал етпек.
«Биыл бірнеше спорттық нысанның құрылысы жүргізіледі. Соның ішінде «Жетісу» волейбол клубына арналған спорттық база мен арнайы тұрғын үй, үстел теннисі орталығы салынады. Индорхоккейден ұлдар мен қыздар командалары жасөспірімдер арасында өтетін Әлем чемпионатына жолға шықты. Регбиден еліміздің құрама командасының негізін біздің облыстың спортшылары құрап отыр. Спорттың осы түрінен ұлдарымыз бен қыздарымыз республикада 1, 2-орындардан көрініп келеді. Сондықтан біз индорхоккей мен регби клубтары үшін де жаттығу базаларын салып береміз. Баскетболдан және футзалдан облыста командалар құрылды. Бұл клубтарға да мүмкіндігінше жағдай жасаймыз», деді Б.Исабаев.
Алдағы уақытта «Жетісу» футбол клубының орталық стадионы мен қосалқы стадионына жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Футболшылар Премьер-лигаға көтеріліп, жақсы нәтиже көрсетті. Қазір облыстағы кәсіби клубтар командаларының құрамында 80-90 пайызы – өз еліміздің азаматтары, солардың тең жартысы – Жетісудың ұл-қыздары. Облыс әкімдігі материалдық базаларды нығайтуға бар мүмкіндікті жасамақ ниетте.
Жетісу облысы