• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 10 Ақпан, 2023

Сайлау: Қанша үміткер тіркелді?

586 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталғаны белгілі. Партиялық тізім бойынша саяси додаға түсетіндер бар, өзін-өзі ұсынғандар бар, қысқасы, нағыз бәсеке енді басталғалы тұр. Әр дауыс ауадай қажет. Ол үшін халықтың сеніміне ие болу маңызды.

Кеше Орталық сайлау ко­мис­сиясының отырысы өтіп, онда Парламент Мәжілісінің және мәс­лихаттарының депутаттығына кан­дидаттарды ұсыну қорытын­дылары жарияланды. Қай партия қанша үміткерін қосты, кімдер тізімде бар деген сауал елдің сая­си өміріне бейжай қарамайтын көпшілікті елең еткізетіні рас. Үміткер демекші, өңірлерде өзін-өзі ұсынғандардың ішінде жиырма жастың ауылына енді қадам бас­­қан жастағы азамат та, 72 жас­­­тағы зейнеткер де бар. Бұл са­­й­­лау­дың ерекшелігі де сол, әр­кім­­н­­ің депутат болу құ­қығына ие бар.

Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Нұрлан Әбді­ровтің айтуынша, 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Пар­ламент Мәжілісі мен мәсли­хаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес өкілді органдар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталды.

– Бұл сайлау науқанының ерек­шелігі – Парламент Мәжілісінің, сонымен бірге облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аралас: пропорционалды өкілдік ету, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Ал аудандар мен қалалардың мәслихаттарына депутаттығына кандидаттарды ұсыну рәсімі то­лы­ғымен мажоритарлық жүйе не­гі­зінде, яғни бірмандаттық ау­мақ­тық сайлау округтері бойынша өтті.

Партиялық тізімдер бойын­ша сайланатын Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығына заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар ие болды. 21 қаңтарда өткен Орталық сайлау комиссиясының екінші отырысында партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға елімізде тіркелген барлық 7 саяси партия жіберілді. Сайлау туралы Конс­титуциялық заңның нормаларына сәйкес саяси партиялар біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімдерді және басқа да тиісті құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына ұсынды. Ал Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен бірге азаматтар өзін-өзі ұсынды. Бұл электоралдық рәсімдерге округтік сайлау комиссиялары қатысты. Жоғарыда аталған сайлау үдерісінің субъектілері барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына да кандидаттарды ұсыну құқығына ие болды. Сай­лау туралы Конституциялық заң­ның нормаларына сәйкес мәсли­хаттар депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен оны өткізу тек аумақтық сайлау комиссиялардың құзыретінде екенін атап өткен жөн, – деді Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссия­сы төрағасының орынбасары Конс­тантин Петровтың мәліметінше, тіркелген барлық 7 саяси партия Парламент Мәжілісінің 69 мандаты үшін саяси додаға қатыспақ.

– Парламент Мәжілісі сайлауында саяси партиялардың тізімдерінде Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілді. 29 бірмандаттық аумақ­тық сайлау округі бойынша 609 кан­дидат ұсынылды. Жалпы рес­публика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кан­дидатты құрайды. Ең жоғары бәсекелестік Астана қаласы­ның 2 сайлау округінің әрқай­сысы бойынша – 63 кандидат. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округі бо­йынша – 8 адам. Облыстардың, рес­публикалық маңызы бар қала­лардың және астананың мәсли­хаттар депутаттарының 334 мандатына партиялық тізім бойынша ұсыну кезеңінде саяси партиялар белсенділігінің жеткілікті дәрежеде жоғары болды. Мысалы, 6 партия (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан басқа, «Байтақ» партиясы Қостанай облысы бойынша) өңірлердің көпшілігінде мәслихаттардың депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерін ұсынды. Ал облыс­тар, республикалық маңызы бар қалалар және астана (334), аудандар (2130) мен қалалар (617) мәслихаттарының депутаттығына (бұл 3081 мандат) кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыну қорытындыларына сай орташа бәсекелестік 4,3 кандидатты құрайды. Бұл көрсеткіштер аза­мат­тардың және азаматтық қоғам­ның жоғары белсенділігін айғақтайды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес Парламенті Мәжілісі мен мәсли­хаттары депутаттығына партия­лық тізімдерді, кандидаттарды тіркеу кезеңі 18 ақпанға дейін жалғасады. Парламент Мәжілісіне партиялық тізімдер бойынша кандидаттардың Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәй­кестігін анықтау және партиялық тізімдерді тіркеу мәселелерін Ор­талық сайлау комиссиясының жекелеген отырыстарында қарас­тырылады. Сондай-ақ отырыс­тардың бірінде аумақтық сайлау комиссияларының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бо­йынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды және партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары туралы қабылдаған шешімдеріне қатысты есептерін тыңдайтын боламыз, деді Константин Петров.

Жалпы, партиялық тізім бо­­йын­ша «Қазақстан Халық пар­­тия­сынан – 52, «Ақ жол» демо­­­кратиялық партиясынан – 52, «Жалпыұлттық социал-демо­кратиялық» партиясынан – 19, «Бай­тақ» жасылдар партия­сы­нан – 18, «Ауыл» халықтық-демо­кратиялық патриоттық партиясынан – 25, «Respublica» партиясынан – 25, «Amanat» партиясынан 90 кандидат саяси додаға түспек.

Сайлау науқаны аясында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан аккредиттеу бойын­ша және Сыртқы істер министр­лігінің ұсыныстар бойынша аккредиттеу рәсімі жалғасып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, 2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекет пен 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізген. 2023 жылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша Сыртқы істер министрлігінен 2 шет мемлекеттер мен 1 халықаралық ұйымынан 37 байқаушы тіркеуден өтуге ұсынылған. Қытай Халық Республикасынан 2 кандидатура және Нидерланд корольдігінен 3 кандидат, ал Демократиялық инс­титуттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі Миссиясынан 32 байқаушы ұсынылып отыр.