Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында қазақ журналистикасының қара нары атанған Ержұман Смайылдың құрметіне аудитория ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек жолын қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінен бастаған Ержұман Смайыл журналистік мансабында бірнеше басшылық қызмет атқарған. Ол «Жас Алаш» газетінде бас редактор болып, бірнеше шәкірт тәрбиеледі.
Салтанатты іс-шараға онымен бірге қызмет еткен әріптестері, ұстаздары мен университеттің ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты. Ректордың айтуынша, жаңа аудиторияға Ержұман Смайыловтың есімін беру – журналистика ардагеріне көрсетілген ерекше құрмет.
Аудиторияның ашылу рәсімінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің хатын министрлік өкілі Нұрбек Амиша оқып берді.
Ержұман Смайыл туралы белгілі ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, журналист, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан жылы естелікпен бөлісті.
Сондай-ақ «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса жуырда қайта құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының құттықтау хатын оқыды.
«Ержұманға құрмет көрсету – кемеңгер тұлғаны мойындау. Атқарған жұмысы өз алдына, мінезі қандай еді! Университетте аудиторияның ашылуы өте орынды деп есептеймін. Болашақ журналистер осы кабинетке келіп, Ержұманның өмірімен танысатын болса, ол – үлкен олжа», деді ардагер журналист Мамадияр Жақып өз сөзінде.