Әлеуметтік желінің әлеуетін пайдаланып, заманауи медиа мінберді рухани алаңға айналдыруға әбден болады. Желі ішінде «өмір сүретін» жеткіншектерге ұлттың ұлы тұлғалары туралы танымдық хабар ұсынып, поэзия байқауын, ән-күй сайыстарын өткізуге бастамашы болған Бейбіт Бөрі есімді азамат Америкада тұрады.
Бейбіт – мұхиттың арғы бетінде ауыр жүк көлігін жүргізіп жүрген қарапайым қазақ баласы. Ақын-жазушылардың шығармашылығын талдағанда кәнігі мамандардан қалыс қалмайды. Қазақ ақындарының жырларын жатқа оқитыны тағы бар. Бейбіт пен оның командасы қолға алған жобаны Tik Tok желісінде кездейсоқ көріп, айрықша қуандық. Мыңдаған оқырманы бар аудиторияның тікелей эфирі әр сенбінің кешінде қыза түседі. Әр апта белгілі бір тұлғаға арналып, түрлі жастағы көрермендер қазақ ақындарының шығармаларын жатқа оқудан, сөзіне жазылған әндерді орындаудан, сондай-ақ оларға арнаған өлеңдерін оқудан сынға түседі.
– Tik Tok желісінде отырған миллиондаған оқырман өз уақытын мән-мағынасыз видеоларды көрумен өткізіп жатқанына көңілім құлазитын. Бір күні неге осы мүмкіндікті пайдаланып әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларын, олардың шығармаларын жас ұрпаққа кеңінен таныстыруға күш салмасқа деген ойға келдім. Тақырыптық байқау ұйымдастыру идеясы менікі болғанымен, қазір біз үлкен командаға айналдық. Айнагүл Каскина, Ділмұрат Тулебаев, Ағжан Маратқызы, Данагүл Артықбаева, Эльвира Дмитриевна, Зұлқарнай Аюпов есімді өнерге жақын азаматтар күш біріктіріп оқырмандарымызға жақсы контент ұсынуға күш салып жүрміз. Әдеби сарапшылармен де кеңесіп отырамыз. Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері Қабиден Қуанышбай бізге талапкерлердің өнерін бағалауда қолғабыс етеді. Жыр эстафетасы кейде 3-4 сағатқа дейін созылады. Тәуелсіз қазылар алқасы жеңімпаздарды көпшіліктің көз алдында анықтайды. Қатысушыларды ынталандыру мақсатында демеушілер ұсынған қаржылай сыйлық үлестіріледі. Әр байқау алдында өзімізге де терең ізденістер жасауға тура келеді, кейіпкерлердің шығармаларын зерттейміз, әсіресе тарихи тұлғалардың өміріне қатысты тың деректерді қамтуға тырысамыз. Сондай-ақ мұражайлар мен ұлы адамдардың үйлерінен репортаж ұсынамыз, өйткені ол жерлерге баруға әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Ұжым бір жылдық жоспарды бекітті, биыл қазақтың ұлы тұлғаларына арналған 48 хабар өткізу ойымызда, – дейді Бейбіт Бөрі.
Аталған жобаның артықшылығы – әлемнің кез келген нүктесінен кез келген адам онлайн байқауға қатысып бақ сынай алатындығы.
Өрімдей өрендердің өлең оқуға ынтасы ауғаны қуантады, – деген команда мүшесі Айнагүл Каскинаның айтуынша, Абайдың шығармашылығына арналған апталықта 71 жастағы Ақтөбелік Мейрамгүл апа жеңімпаз болса, Ы.Алтынсаринге арналған байқауда 3 жастағы Райана көпшіліктің ықыласына бөленген. Ал М.Жұмабаев шығармашылығына арналған жобада Жетісулық оқушы Нұрай жеңіске жетсе, М.Мақатаев өлеңдеріне арналған жыр додасында астаналық Мұрат есімді такси жүргізушісі «Гран-при» номинациясының иегері атанған.