• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Ақпан, 2023

Бауыр обыры: себеп пен салдар

830 рет
көрсетілді

Бұрын «аты жаман аурудың» алдын алуға, емдеуге медицина дәрменсіз болса, қазір ісікті алып тастаудың бір емес, бірнеше тәсілі бар. Соған қарамастан қатерлі ісік – жиі кездесетін аурулардың қатарында. 2018 жылғы әлемдік статистикаға зер салсақ, бауыр обыры анықталу жағынан 6-орында, ал өлім-жітім деңгейі бойынша 3-қатарда тұрған. Елдегі статистика да осыған ұқсас. Бауыр обырынан қаза тапқандар көрсеткіште 5-орында тұрса, анықталу жағынан – 8-қатарда.

Ауруды ерте анықтаған маңызды

Бір қарағанда елдегі статис­ти­ка әлемдегі ахуалдан тәуір се­кілді. Алайда елде жылына орта есеп­пен мыңнан астам азаматтан бауыр обыры анықталатынын ес­тен шығармағанымыз жөн. Сол нау­қас­тардың шамамен 700-ге жуы­­ғында бауыр ісігі асқынып, ба­­қи­лық болады екен. Осыған қа­рап-ақ ісік ауруынан ешкім 100 пайыз сақтандырылмағанын аң­ға­ра­мыз. Яғни қатерлі ісік саламатты өмір салтын ұстанып жүрген спортшылардан кездесуі әбден мүмкін. Мысалы, балалар бауыр обырының гепатобластома деген түріне шалдығуы ықтимал. Ал ересектерде осы дерттің жиі кездесетін екі түрі бар.

Бауыр обырының гепатоцеллюлярлы карцинома деген түрі науқастардың 75-80% анық­­тал­са, холангиоцеллюлярлы кар­цинома пациенттің 15-20 па­йы­зында кездеседі. Осыған қоса науқастардың 5 пайызында кездесетін бауыр ісігінің бірнеше түрі бар. Тарқатып айтар болсақ, гепатоцеллюлярлы карцинома – бауыр клет­каларында пайда болатын ісік. Ал холангиоцеллюлярлы кар­ци­­нома бауыр іші өт жолдарынан анықталады. Бауыр обырына шал­дықпау үшін бірінші кезекте В және С вирусты гепатиттерінің созылмалы инфекциясын және бауыр циррозының алдын алу қажет. Мұндай жағдайда науқас өзінің денсаулығын жіті бақылап, дұрыс емделмесе, дәрігерге қаралмаса, цир­розға айналған клеткалар бауыр ісігіне апаруы тағы мүмкін. Сосын қант диабетінен, артық салмақтан да науқастың бауырын май басу қаупі бар. Мұндайда пациент ұзақ уақыт емделмей, диета ұстамаса, салмағын түсірмесе, диабетті бақыламаса, дерт бауыр обырына немесе циррозға ұласуы мүмкін. Бауыр обырына апаратын дәлелді, дәйекті себептер – осы. Вирусты гепатит жұқтыру қаупі жо­ғары азаматтардың қатарында хирург және тіс дәрігерлері де бар.

Қанмен байланысты емшарада дәрігер мен науқас аса сақ болуы керек. Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігер-онкологі, гепатобилиарлы хирург, трансплантолог Абылайхан Шарменов вирус­ты гепатитті емдеуден алдын алу маңыздырақ екенін айтты.

– Қанмен жұмыс істейтін орта­лық­­тағы мамандар В, С гепати­тіне қарсы вакцина алып тұруы керек. Бірде Кореяда ел азаматы операция жасатып, жыл өткен соң одан вирус­ты гепатит анықталғанын бі­ле­мін. Бұл – қанға байланысты жұ­мыстың барлығында қауіп бар де­ген­нің бір дәлелі. Қан құйдырған науқас операциядан кейін гепатит В, С-ға қарсы анализ тапсырып тұруы керек. Қазір вирусты гепатит­ке қарсы емшара, вакциналар да­мыған. Оның үстіне үкіметтен В, С вирус­ты гепатитіне қарсы тегін дәрі-дәр­мек беріледі. Тағы бір мәселеге тоқталсақ, жылдар бойы ішімдік тұтынудың салдары «алкогольдік циррозға» алып келуі мүмкін. Ал цир­роздың қатерлі ісікке ұласу ық­­ти­­малдығы жоғары екенін айт­тық. Сондықтан бауыр ауруларын ертерек анықтап, тексеріліп, алдын алудың маңызы зор. Бауыр обыры тұқым қуалайды деген де теория бар. Мәселен, вирусты гепатит Моңғолияда көп кездеседі. Жаңыл­масам, 1980 жылдары онда­ғы дәрігерлер науқастарға донор қанының құрамын талдамай құйды. Енді соның салдары кейінгі ұр­пақ­тарына тиіп отыр. Қазір Моң­ғолияда вирусты Б гепатиті көп кез­де­седі. Қайта Кеңес үкіметі тұсын­да қан құрамын тексергеннен кейін ғана пациентке құятын, – дейді ол.

Медицинада бауыр обырында қолданатын емшараның бірнеше түрі бар. Мысалы, бауырдың бөлі­гін кесу, трансплантация, бауыр ар­териялары арқылы химиялық перепараттармен емдеу әдісі бар. Соны­мен қатар дәрілік терапия сынды басқа да бірнеше түрі бар. Яғни емшара бауыр обырының түріне, деңгейіне қарай ұсынылады. Бауыр обырын емдеуде дүниежүзі онко­лог­тері Барселоналық алго­ритм­ді қолданады. Яғни ем түрі сол емдеу әді­сіне қарай тағайын­далады. Онда бауыр обыры ең бастапқы кезең, бастапқы кезең, орта кезең, асқынған және соңғысы – терминалды кезең деп бөлінеді. Бауыр обырының қай кезеңде екенін анықтаудың өзіндік критерийлері бар. Ол үшін бірінші кезекте ісіктің көлемін, ісіктің санын, бауырдың қан­­шалықты жұмыс істейтінін анық­тау қажет. Ол аз десеңіз, бауыр­дың қаншалықты қау­қарлы анық­­тау өз алдына, ал­ғаш­қы, ор­­таң­ғы және соңғы кезең деп үшке бөлінеді. Кейін науқастың «объективті статусы» деген болады. Оны да анықтаудың әдісі бар. Себебі ісік болған соң ағзаны улайды. Мұндайда науқастың тәбеті қашып, әлсірей бастайды, салмағы азаяды. Мұның соңы науқастың төсек тартып қалуына дейін апаруы мүмкін. Осы талдаудың барлығын жіті зерттей келе дәрігерлер жоға­рыда атап өткендей бауыр обыры­ның қай кезеңде екенін анықтайды. Мысалы, бауыр обырының ең бастапқы кезеңінде ісік 2 см дейін болады екен. Кейін бастапқы кезең­де ісіктің көлемі 3 см-ге дейін же­те­ді. Осы тұста тағы бір маңызды мағ­лұматқа тоқталсақ, трансплантация бастапқы кезеңде жүргізіледі. Бауыр обырының ортаңғы және одан кейінгі асқынған кезеңінде бауыр ауыстыру операциясы ұсы­ныл­майды. Себебі ісік асқынса, бауыр ауыстырған күннің өзінде нау­қас­тың өмірі ұзармайды. Яғни донорды, науқасты бос әуреге салуға болмайды.

 

Мәйіттік донор аз, туыстық донор табу қиын

Газетіміздің өткен санында елде мәйіттік донор тапшы екенін тарқатып жазған едік. Бауыр обырына да солай, мәйіттік донор аз. Мәйіттік донор болмаған соң, әрине, науқастар оны күтпейді, туыстық донорға иек артады. Ал туыс­тық донор табылмаса, дәрі­гер­лер басқа емшараларды үзбей, жал­ғастырады. Себебі кейбір нау­қастар бауыр обырының бастап­қы кезеңінде донор іздейді. Осы мезгілде дәрігерлер дерттің алдын алады. Яғни донор табылғанша ісік өсіп, обырдың асқынған кезе­ңі­не өтпеуіне күш салады. Ал енді бауыр трансплантациясында да халықаралық талаптар бар. Нау­қас­тың ахуалы сол критерийлерге сай келсе ғана трансплантация жасалады. Бүгінде елде мәйіттік до­нор аз болса, туыстық донор табу – қиынның-қиыны. Көпшілік ба­уыр­дың ағзада өзідігінен өсетінін білгенімен, оны донордан қалай кесіп алып, науқасқа қалай салатынын біле бермейді. Орайы келгенде уақытпен санаспай, кез келген уақытта операция үстелінен табылатын дәрігерлердің жұмысына тереңірек бойлағанымыз дұрыс шығар. Медицинасы қарқынды да­мыған елдерде дәрігерлер бауыр­дың оң немесе сол жақ бөлігін де трансплантациялай алады. Ал бізде көбіне оң жақ бауыр алынады екен. Себебі бауырдың сол жағы көлемі жа­ғынан науқасқа сай келмеуі мүм­кін. Сондықтан бауырдың оң жақ бөлігінен жалпы бауырдың 60 немесе 65 пайызы алынады. Демек донордың өзінде 35 немесе 40 пайызы қалады. Бұл, әрине, донор табылғаннан кейінгі дәрігерлердің жұмысы. Ал көпшілікті ең әуелі туыстық донор табу неге қиын деген сұрақ алаңдатады. Айталық, донорлардың шамамен 40 пайызында бауырдың көлемі науқасқа сай келмейді екен. Бауырға өтетін артерия, «воротный вена», одан шығатын өт жолы бар және басқа тамырлар науқасқа сай келуге тиіс. Сондай-ақ донордың қан тобы маңызды. Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері 2017 жылы және былтыр қан тобы донорға сай келмейтін науқастың да бауырын алмастырған. Бірақ бұл әдіс – өте күрделі оталардың тізімінде. Ендігі кезде орталық дәрі­герлері бауыр трансплантация­сында осы әдісті жетілдіруді көз­деп отыр. Есесіне, осыған дейін жасал­ған екі күрделі операция сәтті шық­қан. Тағы бір ескеретін жайт, бауыр обырының бірінші және екінші кезеңінде науқастардың бауыры бірыңғай трансплантацияға жасауға келеді деп шорт кесіп байлам жасауға болмайды. Яғни нау­қас­тың жағдайы жоғарыда атап өткендей әлемдік критерийлерге сай келуі қажет.

–Туыстық донорда ең бірінші донордың жағдайын қараймыз. Себебі донор ол – сау адам. Донор­дың денсаулығына нұқсан келсе, жауапқа тартыласың. Опе­ра­циядан кейін донордың бауыры алты айға дейін қалпына келеді. Одан кейін донор дәрі-дәрмек те тұтынбайды, қалыпты өмір сүреді. Ал бауырдың бөлігі науқаста толыққанды өспей­ді. Туыстық донордан жасалатын операция мәйіттік донордан әлде­қай­да күрделірек. Неге десеңіз, ба­уыр­дың оң жақ бөлігі алынған соң артерия кішірейеді. Оның диа­метрі шамамен 1,5-2 мм болса, тігетін жіп көзге көрінбейді. Дәрі­герлер оны тек арнайы үш есе үл­кей­тетін лупа тәрізді көзілдірік тағып тігеді. Операцияда донордан бауырдың бөлігін алғанның өзіне 5-6 сағат уақыт жұмсалады. Ал науқастың бауырын ауыстыру операциясына шамамен 8-10 сағат жұмсалады. Өйткені тіккен артерия тромбоз (қанның ұюы) болу қаупі бар. Мұндай жағдайда артерияны қайта тігеміз. Трансплантация басталғаннан аяқталғанға дейін деміңді ішке бүгесің. Зейінің тек сол операцияға ауады. Босаңсуға уақыт болмайды. Кейін, отаны неше жерден сәтті жасадық деген­мен жүз пайыз сенімді бола ал­майсың, – дейді трансплантолог дәрігер А.Шарменов.

«Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» деген жақсы сөз бар. Туыстық донордан бауыр трансплантациясын жасатқан Алтынай тұрмыс құрып, бүгінде жұбайы екеуі көптен күткен перзентін бауырына басқан. Бұл медицинада сирек кездесетін жағдайлардың бірі деуге болады.

– Негізі бауырым ауыратынын 2013 жылы білдім. Содан Алматы қаласында дәрігерлерге қаралып, 2015 жылға дейін емделдім. Әр жарты жыл сайын дәрігерге қарала­тын­мын. Ол кезде маған «Вильсона-Коновалова» диагноз қойылды. Дә­рігер ұсынған дәрі-дәрмекті уақ­тылы ішіп тұрдым. Бірақ ден­саулығым жақсара қоймады. Кері­сінше, жағдайым нашарлай берді. Болмаған соң Кореяға барып қарал­ғанымда маған әуелде дұрыс диагноз қойылмағанын білдім. Содан олар 5 жылдың ішінде бауыр ауыс­­­ты­ру қажет екенін айтты. 2017 жылға дейін дәрі-дәрмек ішіп жүр­дім. Сол жылы жағдайым күрт нашар­лап, ауруханаға түстім. Яғни Ұлт­тық ғылыми онкология орта­лығына бардым. Хирург дәрігер­лермен кеңесіп, операцияны елде жасататын болдым. Туыс ағам донор болды. Операция 14 сағатқа созылды. Екі айға жуық ауруханада жаттым. Оңалдым. Кейін тұр­мысқа шықтым. Орталықтағы дәрі­герлер қалай болар екен деп біраз бас қатырды. Гинеколог дәрігер баланы алдыру керек деп қарсы болды. Ал Ұлттық онкология орталығының хирургтері баланы қалдырамын деп шешім қа­был­дасам, тоғыз ай бойы жіті бақылайтынын, қандай да бір кері әсер байқалса, баланы шығарып алатынын айтты. Босанғаннан ке­йін тағы денсаулығым болмады. Былтыр қарашада тағы операция жасалды. Қазір шүкір, баламыз жас­тан асты. Әлі күнге дейін мазам қашып, ауырсынсам, дәрігерлеріме күн-түн демей, кез келген уақытта хабарласамын. Донор болған туысым ешқандай дәрі-дәрмек ішпейді. Ол алты ай күтініп, жұмысына шықты, – дейді Алтынай.

Айта кету керек, жас ананың жағдайын Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері ұдайы бақылап отырады.

Орталықта былтыр туыстық донордан 7 бауыр трансплантация­сы жасалыпты. Ресми дерекке жүгін­сек, жылына елде мыңға жуық науқаста мидың семуі тірке­ле­ді (ми өлімі) екен. Мұндай өлім егде жаста инсульт алған кісі­лер­де немесе ми жарақатында анық­та­лады екен. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасының туысына ағзаға мұқтаж науқастардың бар екенін түсіндірудің өзі оңай емес. Дәрігерлер ерік-жігерін жиып, сұраған күннің өзінде басым көп­ші­лігі үзілді-кесілді қарсы­лық біл­­­діреді. Әрине, онколог дәрігер­лер донор тапшылығының алдын алу жағын қарастырып-ақ жатыр. Енді трансплантацияда донор тап­шылығы азайса, мұның өзі ел ме­дицинасын жаңа бір сатыға көте­ре­тін тәрізді.