Саяси науқаны жақындаған сайын, партиялардың белсенділігі арта түсті. Қоғам тынысын аңдасақ, пайым-пікір сан қилы. Сарапшылардың сөзінше, саяси сауаты салмақты азаматтар аралас сайлаудың артықшылығын жақсы түсінуге тиіс. Алматыдағы «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында бас қосқан мамандар аталған жүйенің негізгі міндеттері мен мүмкіндіктерін кеңінен талқылады.
Ашық пікір алаңына жиналған саясаттанушылар, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен академиялық орта өкілдері, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары аралас сайлау жүйесі тәжірибесіне қатысты сараптамалық пікірлерімен бөлісті. Институт директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы – алдағы бірнеше айдың саяси-ақпараттық күн тәртібінің басты оқиғасы әрі мемлекет тағдырына тікелей әсер ететін жауапты қадам.
Бұл жолғы саяси доданың басты артықшылығы – сайлаудың аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша іріктелетіні мәлім. Облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары деңгейінде депутаттық корпус 50/50 пайыздық арақатынаста құрылады. Осылайша облыстық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Бір жағынан бұл еліміз үшін тосын жаңалық емес. Есте болса, 1999 және 2004 жылдардағы сайлаулар дәл осылай аралас жүйемен өткен болатын. Дейтұрғанмен арадағы он бес жылда «Гибридтік» сайлау жүйесінен хабарсыз жаңа буын өсіп шықты. Сарапшылардың қазіргі міндеті – аралас сайлау жүйесін бұқараға жіті түсіндіру.
«Аралас сайлау жүйесі – барынша жиі кездесетін тәжірибе. Бүгінде бұл жүйе Жапония, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика секілді танымал елдерде қолданылады. Бізге жақын Ресей, Қырғызстан, Грузия және Литвада да осындай жүйе бар. Бұл тұрғыда әр елдің өзіне тән ерекшеліктері барын да ескерген жөн», деген Е.Тұқымов, аралас сайлау жүйесі бойынша сайлау өткізудің түрлі аспектілеріне тоқталды.
Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Қанатбек Азиз талқыланатын тақырып Қазақстан үшін де, Қырғызстан үшін де өте өзекті екенін атап өтті.
«Сайлау нәтижесінде туындаған бірнеше мәселе бар. Бірінші кезекте бұл депутат мәртебесін жүзеге асыру мәселесіне қатысты. Өйткені саяси партиядан сайлайтын депутаттар мен бір мандатты округтер бойынша сайланатын депутаттардың құқықтық негіздері әртүрлі. Қырғызстанның сайлау жүйесіндегі өзгерістерге және депутаттық корпустың қалыптасуына 2020 жылғы қазан оқиғасы толықтай әсер еткенін атап өткім келеді. Нәтижесінде конституциялық реформа жүргізіліп, онда конституциялық кеңес мүшелері депутаттық корпусты мажоритарлық және пропорционалды жүйе бойынша аралас жүйе негізінде сайлауды ұсынды. Мажоритарлық жүйеге осылайша оралу қызық болды. Себебі бұл бәріміздің басымыздан посткеңестік кезеңде өтті», – деді Қ.Азиз.
Ал Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы ҰСЗИ ғылыми қызметкері Шерадил Бактыгулов ағымдағы сайлау Қазақстандағы саяси жүйенің өзгеруінің көрсеткіші екендігіне назар аударды.
«Жақында Қазақстанда болатын Парламент сайлауы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалардың заңды жалғасы. Бұл Қазақстанның саяси жүйесінің жаңаруының көрсеткіші екенін атап өткім келеді. Әлемде кемшіліксіз сайлау жүйелері жоқ және барлық тәжірибелер бір-бірін толықтырып, байытып отырады. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына сараптама алаңын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Сайлаудан сүрінбей өткен халық қалаулысы бар ерік-жігерін ел игілігіне жұмылдырғаны абзал. Әдетте Үкіметті көп сынаған депутат ерекше көзге түсуі мүмкін, бірақ бұл депутаттың жұмыс көрсеткіші емес. Ұтымды ұсыныс айту, терең білім, саяси сарап аса маңызды. Халық популизм мен кәсіби біліктің ара салмағын ажырата алуға тиіс. Кейде саяси додада үміткердің қоғамдағы абырой беделі үлкен рөл ойнайды. Бірақ ол нақты ұтқыр маман болмауы мүмкін. Депутаттарды үш топқа бөлуге болады. Алғашқылары ел сенімін иеленген абыройлы тұлғалар, келесі шоғыр нағыз іскерлер, өкінішке қарай, осылардың тасасында жүретін үшінші топ тағы болады. Ең бастысы билік те, халық та сайлауда осыны ескерген жөн», дейді сарапшы.
Өз кезегінде Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев бір мандатты сайлау округтері балама көзқарастарды қарастыруға мүмкіндік беретінін айтты. «Өзіне тән міндеттер мен функцияларды лайықты атқара алатын тиімді Парламентті қалай құруға болатыны бізді толғандырады. Бір мандатты сайлау округтері балама көзқарастарды білдіруге мүмкіндік береді», деді А.Әміребаев.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Насимова партиялар мен кандидаттар жастармен жиі кездесіп тұруы керек деп есептейді. «Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар сайлауалды бағдарламаларды таразылап, талдай алады. Партиялар мен кандидаттар тек белсенді жастармен ғана емес, еліміздің барлық жастарымен байланыста болуы керек. Қазіргі жастар, әсіресе студенттер, манипуляция мен фейктерді ажырата алады. Жастардың мотивациясын түсіну үшін олармен жиі жүздескен абзал», деді Г.Насимова.
Ал «Стратегия» ӘСЗО» ҚҚ жобалар үйлестірушісі Ольга Симакова: «Халық кандидаттармен және олардың бағдарламаларымен әлі таныс емес. Сайлаушыларды жаңаша тәрбиелеу керек» деген пікірін жеткізді.
Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар Қазақстандағы сайлау жүйесін реформалауға оң баға берді. Сондай-ақ талқылауға қатысқан мамандар Парламент Мәжілісінің жаңа шақырылымында пікірлер плюрализмін қамтамасыз етудің әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, сайлау үдерісіне мажоритарлық жүйені қайтару мемлекеттік саясаттың өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар спикерлер алдағы сайлау және одан кейінгі саяси жүйенің жұмыс істеуі сапалы сараптамалық-талдауды қажет етеді деп есептейді.
АЛМАТЫ