Жас әнші Данелия Төлешова АҚШ-та өткен America’s Got Talent шоуында тағы да өнер көрсетті. Ол Дункан Лоуренстің Arcade әнін орындады. Байқаудың ресми парақшасында әншінің өнер додасының жаңа маусымына қатысқан сәтінен бейнежазба жарияланды.
Қазақ қызының өнері жобаның әділқазылары мен барша көрерменнің көңілінен шықты. Данелияға олар ерекше қошемет көрсетті. Еске сала кетейік, Төлешова бұл жобаға бұған дейін де қатысқан болатын. 2020 жылы Лос-Анджелесте America’s Got Talent шоуының 15-маусымының финалисі атанды. America’s Got Talent 2006 жылдың 21 маусымынан бері өткізіліп келеді. Шығармашылық байқаудың бас жүлдесі – 1 миллион доллар.
Дүбірлі доданың биылғы 18-маусымының қазылар алқасына дәстүрлі түрде жобаның негізін қалаушы, продюсер Саймон Коуэлл, супермодель Хайди Клум және канадалық сықақшы, тележүргізуші Хоуи Мандель кірді.
Данелия Төлешованың осыған дейінгі шығармашылық жолын бақылап отырсақ, оның дауыстық қабілеті де, өзін жақсы жағынан көрсете білуі де қарқынды дамып келе жатқанын байқаймыз.
Биыл аталған жоба өткен жылдардың жеңімпаздары мен финалистерінің өнерін ұсынды. Нәтижесінде, келесі кезеңге өтетіндердің есімдері де жарияланды. Данелия, өкінішке қарай, олардың арасында болмады. Қазіргі уақытта Данелия АҚШ-та тұрады, сонда оқиды. Әрі қарай музыкалық мансабын жалғастыруды жоспарлап жүр.