Медицина ғалымдары адам анатомиясын тереңірек түсініп, зерттей келе бірінің ашқан жаңалығын бірі жаңартып келеді. Нәтижесінде, қазір тәжірибелі дәрігерлер емі күрделі ауруларды зерттеп, анықтаудың тың әдіс-тәсілін меңгерген. Бірақ онкологиялық ауруға шалдығып, дерті асқынған пациенттердің сырқатынан құлантаза айығуы екіталай. Мұндай жағдайда да дәрігерлер қол қусырып қалмай, адам өмірін ажалдан арашалап қалу үшін арпалысады.
Онкологиялық аурулардың ішінде ұйқы безінің бұзылуы ағзадағы басқа да аса маңызды органдардың жұмысын тежейді. Ең қиыны, науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, жіті медициналық тексеруден өтпесе, ұйқы безінде ісік пайда болуы ықтимал. Егер науқас оны да елемей, бейқам жүрер болса, ұйқы безіндегі ісіктің көлемі ұлғая береді. Ұлттық ғылыми онкология орталығының онколог дәрігері, гепатобилиарлы хирург, трансплантолог Шоқан Айтбаевтың айтуынша, ұйқы безі ауруларының жедел және созылмалы екі түрі болады екен.
– Ұйқы безі жолының жабылуынан панкреонекроз пайда болады. Кейін науқас панкреатитке қарсы ем алған соң ғана біртіндеп созылмалы түрге ауысады. Аурудың созылмалы түрге ауысуына бірнеше себеп бар. Алдымен он екі елі ішек (ұлтабар) инфекциялары өт жолдарына, ұйқы без жолдарына түсіп, қабынуға әкеледі. Диетаның бұзылуы, шылым шегу, алкогольді ішімдікке әуестік және дәрігердің нұсқауынсыз дәрі-дәрмекті ішкеннен панкреатит пайда болуы мүмкін. Ұйқы безінің сөлі түтіктен толық шықпағаннан қысым басталады. Содан өт жолдарының жіңішке түтігі ұлғайып, қатая бастайды. Одан әрі қант диабеті пайда болады. Түсініктірек болу үшін кейін шегініп, ұйқы безінің ағзадағы қызметі жайында аз-кем айтайық. Ұйқы безі ағзада бөлінген сөлдің өт жолдарымен қосылып, он екі елі ішекке түсіп, астың қорытылуына әсер ете отырып, өт жолдарымен бірге ыдыратып жіберуге араласады. Осы үдерісте ағза құнарлы дәрумендерді сіңіреді. Сонымен қатар ұйқы безі қаннан бөлінетін глюкозаны бір деңгейде ұстап тұрады. Қысқасы, ұйқы безі ағзадағы кішігірім зауыт секілді, – дейді Ш.Айтбаев.
Ұйқы безі ісігі қаншалықты қауіпті?
Ұйқы безі ауруы асқынғаннан қатерлі ісік пайда болуы мүмкін екенін жоғарыда айттық. Алайда ұйқы безіндегі қатерлі ісік нақты мынадай себептерден пайда болады деген нақты түсінік жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, елде жылына 1 200-ге жуық адамнан ұйқы безінің қатерлі ісігі анықталады. Оның ішінде науқастардың шамамен 20%-ының ғана ахуалы операция жасауға келсе, ауруы асқынған 80% науқас басқа ем-шара қабылдайды. Яғни ісіктің тамырларға тарап, метастаздың пайда болуына байланысты операция жасалмайды. Ұйқы безінің ісігі бауырға, басқа да органдарға әсер еткен соң кейде диагнозды дәл қою да қиын. Ісік ерте анықталған күннің өзінде оны операция арқылы алып тастауды құп көретін науқастармен қоса, керісінше, қарсылық білдіретіндер де жоқ емес көрінеді. Ал қатерлі ісігі асқынған науқастар қанша жерден операция жасауды өтінгенімен, амал жоқ операция жасалмайды. Олар химиятерапиядан өтіп, симптоматикалық емін алып отырады. Ұйқы безінің қатерлі ісігі іш құрылысындағы басқа ағзалардағы ісікке қарағанда тез дамиды әрі өте «агрессивті» болып келеді екен. Тағы бір әлемдік статистикаға көз жүгіртсек, ұйқы безі обырына шалдыққандардың 5 жылға дейін өмір сүру көрсеткіші 10-ақ пайыз деседі. Бұл дегеніңіз, мәселен, жүз адамнан ұйқы безі ісігі анықталса, соның ішінде шамамен 10 адамның өмірі 5 жылдан асады деген сөз. Ол 10 адам, әрине, қатерлі ісікті ерте анықтап, уақтылы операция жасатқандар, дәрігердің нұсқауын екі етпей, күтінгендер. Ал ағзасы операция жасауға келмейтін науқастар әдетте жыл ішінде бақилық болады. Ұйқы безі анатомиялық орналасуына қарай бір бөлігі іш құрылысына байланысып жатыр. Тарқатып айтсақ, ұйқы безі көктамыр, жоғары артерия сосын он екі елі ішекпен қатар көкбауырға баратын тамырлармен байланысады.
– Бір білікті профессорымыз «ұйқы безі пантера деген жыртқыш аң секілді, тиіссең, құтылуың қиын» дейтін. Мұнда ұйқы безінің бұзылуына көп жағдайда науқастардың дұрыс тамақтанбауы, зиянды әдеттерге әуес болуы әсер етеді. Алайда жедел панкреатит тұқым қуалауы да мүмкін. Мұндайда сырқаттың белгілері шамамен 8-10 жасар баладан анықталады. Қант ауруы бар науқастардың да ұйқы безінде кедергілер бар. Орталықта панкреатитті хируригиялық жағынан бөлек, терапияда емдейді. Әуелі дәрігер науқастың анализдерін зерттеп, жедел панкреатит бар-жоғын анықтайды. Кейін осыған қарай дәрі-дәрмек, тиісті ем-шараларын ұсынады. Ал хирургиялық әдіске келер болсақ, жедел панкреатитке шалдыққандар сырқатты ауырсынады. Содан амал жоқ, күніне 3-4 мәрте ауырғанды басатын дәрі-дәрмек ішеді. Қазір де ұлттық онкология орталығында ұйқы безінің барлық түріне операция жасалады. Хирургтер ұйқы безінің құйрығын, денесін, басын кесіп, болмаса, ұйқы безін алып тастайтын операция жасауға әлеуетті. Ал көп жағдайда ағзасы операция жасауға келмейтін науқастар дертті ауырсынып, операция жасатқысы-ақ келеді. Ауруы маза бермеген пациент қолдан ұстаған кезде жүрегің ұшып кетердей күйде боласың. Шыбықтай болған науқас тіпті қалай жатарын білмей қипақтап қалады. Қарапайым аппендициттің өзінде жаның көзіңе көрінгендей болады. Ал қатерлі ісік асқынып, мазалағанда науқас бүктеліп қалады. Мұндайда науқастың жүрегі нашарлап, инфаркт алуы да мүмкін, – дейді Ш.Айтбаев.
Ұйқы безін алып тастауға болады
Ұйқы безін алып тастаса да науқас өмір сүреді. Тек, өмірінің соңына дейін қант диабетімен алысып өтеді. Себебі осындай күрделі операция сәтті шықты деген күннің өзінде бірінші кезекте пациентке инсулин салынады. Кейін инсулиннің қолдану тәртібін, ережесін дәрігерлер науқасқа әбден үйретеді. Яғни науқастар инсулинді ішкен асына қарай мөлшермен пайдаланады. Ұйқы безін алып тастаған науқастардың арасында дәрігердің нұсқауын елемей, бақилық болғандар да бар. Себебі ұйқы безін көкбауырмен қоса алып тастаған соң қан сұйылтатын дәрі-дәрмекті науқас уақтылы пайдалануға тиіс. Себебі мұндайда қан құрамындағы тромбоциттер шамадан тыс көбейіп, қан қоюлана бастайды. Бұл онкологиялық ауруларға, соның ішінде ұйқы безіне жүрдім-бардым қарауға болмайтынын аңғартады. Сала мамандары ұйқы безін алып тастау операциясына келген науқастардың операциядан кейінгі өмірге де дайын болып келуге тиіс екенін үнемі ескертеді. Яғни науқасқа үнемі жәрдемдесетін, қолдау көрсететін, қарайласатын адам керек. Сол секілді ол операциядан кейін инсулинге тәуелді болатынын санасына сіңіруі қажет. Әдетте ұйқы безінің ісігі елуге таяған азаматтарда кездеседі екен. Мысалы, былтыр ұлттық онкология орталығында 78 жастағы қарияға да операция жасалған. Ұйқы безін алып тастау операциясы кезінде немесе одан кейін ұйқы безінің асқыну қаупі жоғары. Себебі өт жолдарын тіккен тұс, ұйқы безі тігісінің ажырауы немесе асқазанның тіккен жерінің ажырауы мүмкін ғой. Мұндайда науқас қас пен көздің арасында жан тапсыруы мүмкін. Сөз жоқ, кез келген дәрігер науқасты аман алып қалу үшін қолдан келген көмегін көрсетіп бағады. Операцияға дейін науқасқа опарацияның қауіпті екенін, ұзаққа созылатынын айтып ескертеді. Нақты деректерге жүгінсек, былтыр 1 143 адамнан ұйқы безінің ісігі анықталса, соның 810-ы жыл ішінде қайтыс болған. Шынында солай, ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққандардың арасында 10 жылға дейін өмір сүрген науқастар ілуде біреу.
Дертпен науқастың өзі күреспесе ем қонбайды
– Осындай күрделі операциялардан кейінгі науқастың өмірі 90 пайыз өзіне, 10 пайыз дәрігерге байланысты дер едім. Науқасты қинап операция жасаған күннің өзінде оның ертең аяққа тұруы екіталай. Бірінші кезекте науқастың күтімі тұрады. Орталыққа әке-шешесін алып келген жастар бар. Бұрын ауыл ел арасында қатерлі ісікті «жаман ауру», «аты құрысын», «аты өшсін» деп атауын нақты айтпайтын. Сол кезде мен бұл қандай ауру екен деп толғанатынмын. Кейін өсе келе білдік. Қазір дәрігерлер қатерлі ісік анықталса, хабарды науқастың өзіне айтады. Бұрындары пациеттің қызы, баласы немесе келіншегі келіп, науқастың артынан қол бұлғап, қатерлі ісік екенін бетпе-бет тұрған адамға айтпауын өтінген кездер болған. Меніңше, бұл тиімсіз. Ел ағасы болып қалған азаматтар хабарды дәрігерден естімесе де онкологиялық орталыққа тектен-тек келмегенін біледі. Операциядан шыққан соң науқастың өзі қолына қатерлі ісік деп көрсетілген қағазын алады. Науқасқа анықтаманы бермеуімізді өтініп, кейін өзі алатынын ескерткісі келетіндер табылады. Сол үшін біз науқастарға қатерлі ісікпен ауыратынын байыппен түсіндіріп айтамыз. Меніңше, қатерлі ісік бола тұра науқасқа қатерлі ісік жоқ деп айтқан күннің өзінде химиятерапияға нұсқасақ, қасындағы науқастар түгел күрделі аурумен ауыратынын біліп, өзінің де тегіннен-тегін келмегенін аңғарады. Сол кезде науқастың бізге деген сенімі жоғалады. Сенім болмағаннан пациентті қанша жерден емдеп, туыстары күтімін жасағанымен ол қиналып қалады. Көп жағдайда ата-анасын немесе ата-апасын операцияға алып келген балалар қарттарды ауруының диагнозын білмейді деп ойлайды. Алайда бізді дүниеге әкелген кісілер көпті біледі, көпті көрген. Олар да балам уайымдамасын, алаңдамасын деп ауру жайлы білмейтін кейіп танытады. Қатерлі ісікпен ауыратынын білген науқастар әдетте операциядан кейін көңіл күйі көтеріліп шығады. Химиятерапияны аламын, сендерге келемін, тексеруден өтіп отырамын деп алғыс айтады. Ал операцияға дейін қатерлі ісікпен ауыратынын білмеген науқастар ренжулі келеді. Сондықтан дәрігер болған соң науқастың жағдайы ауыр болса да емшарасын өзіне айтып түсіндіру қажет, – дейді дәрігер.
Ұйқы безінің бұзылуына ұйқысыздық әсер етеді деген де теория бар. Бірақ нақты дерек жоқ. Алайда ұйқысыздықтың салдарынан ағзадағы басқа да органдарға әсер ететінін ескерсек, уақыт өте бұл теорияның да шынға айналуы мүмкін. Енді бұл – келер күннің еншісінде. Қазір осы бағытта зерттейтін дүние өте көп. Өйткені ұйқы безі трансплантациясы елді былай қойғанда әлемде сирек жасалды. Осыған дейін елде ұйқы безі бойынша екі пациентке трансплантация жасалғанымен екі науқасқа да салынған органды дәрігерлер қайта алып тастаған. Биылдың өзінде ұйқы безіне онкологиялық орталықтың хирургтері 6 операция жасаған. Жыл сайын ұйқы безі операцияларының көбейгеніне қарамастан «орталық жайлы білмедік, естімедік» дейтін жандар да жиі кездеседі екен. Ұлттық онкология орталығының мамандандырылған дәрігерлері көмек сұрап қайырылған әр науқастың деректерін сақтап, талдап отырады. Кімнің неден қайтыс болғаны, жан сақтау бөлімінде неше күн жатқаны, анализдері, бәрі-бәрі қаттаулы. Қажет жағдайда дәрігерлер сол деректерді шолып, керегін біліп отырады. Сондай-ақ дәрігерлер ағзада ауырлық байқалса, даурықпай, мамандандырылған орталықтарға жүгінген абзалырақ екенін ескертеді.