Өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс орны тапшылығы байқалатын өңірлерден 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды. Оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Барлық қоныс аударушыға тиісті деңгейде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған субсидия беріледі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі көлемде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу және жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу сияқты шаралар қарастырылған.
2022 жылы қоныс аударғандардың ішінде 3 652 адам еңбекке жарамды, олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Біржолғы субсидиялар 7 622 қатысушыға төленді, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығыстары субсидияланады.
Бұған қоса өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған мұндай азаматтардың көбінің өмірінде оң өзгерістер байқалады. Бұрын жұмыссыз жүрген жұрт басқа өңірде еңбекке араласып, нәпақасын тауып жүр. Солардың бірі – Нұрболат Мәдиев. Ол Қызылордадан Қостанай облысына көшіпті.
«2019 жылы мен болашақ жарыммен бірге Әулиекөл ауданына көшіп келдім. Қазір аудандық ауруханада массажист болып жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Маған барлық қолдау шаралары көрсетілді. Бұл үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай бағдарламалар көп болса, жақсы болар еді», дейді ол.
Н.Мәдиев жұбайымен осында көшіп келгеннен кейін үйленді. Оның жұбайы аудандық ауруханаға гинеколог болып жұмысқа орналасты. Жас отбасы қазір екінші сәбиін күтіп отыр екен.
Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуынша, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адамды құрайды. Оның 1,9 мыңы қандастар үшін, ал 6,7 мыңы қоныс аударушылар үшін көзделген.
«Қазіргі уақытта министрлік 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжат жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды. Бұған қоса тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы мәселелерін реттеуде шешуші рөл атқарады», дейді І.Испанов.