Ауылдағы мал баққан ағайынды жайылымның тапшылығы тығырыққа тіреп отыр. Мәселен, Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы аудандарында бос жайылым, тағы алты өңірде шабындық жерлер жетіспейді. Ақсуға қарасты ауылдық аумақтарда да осындай мәселе өзекті болып отыр. Облысқа шамамен 139 мың гектар қосымша мал өрісі қажет.
Ертіс-Баян өңірінде халық сирек қоныстанғанына қарамастан жайылым жерлер мәселесі кейінгі уақытта өзекті бола түскен. Бұған негізгі себеп – дәнді дақыл өсірілетін танаптардың ұлғаюы. Жыл сайын өсімдік шаруашылығындағы суармалы, ауыспалы жерлердің көбеюі туралы тапсырма өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Дей тұрғанмен, солтүстіктегі ауылдардың барлығы дақыл егіп, бидай мен картоп сатып күнелтеді деуге келмейді. Жеке ауласында жүздеген мал ұстайтын, ала жаздай сиыр сауып, құрт-ірімшіктен түскен табысқа күнелтіп отырғандар да баршылық. Ал түлік басының өсуі мен қосалқы шаруашылықтардың кеңеюі өрістердің тарылуына соқтырып отыр.
Төрт түлік жылы қорада ұсталатын қысқа уақытта біліне қоймағанымен, көктем туа елді мекендердің айналасының барлығы жеке шаруашылықтардың иелігіне өтіп кеткенін жергілікті халық сезіне бастайды. Айнала жайқалған егін, төрт түлік тұяғын қиыс басса, біреудің бидайын таптап кетуі аяқ астынан. Сондықтан ауылдарда мал басын көбейте алмай отырғандар көп.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері жерлерді түгендеп шықты. Сөйтіп, 36 елді мекенде 282 мың гектар мал өрісі жетпейтіні анық болған. Халықтың мұқтаждығын ескере отырып, 111,8 мың гектар жер қайтарылды. Оның үстіне 51,8 мың гектар алқапта жеке аулалар мал жаюы үшін ауылдық округ әкімдері мен ауылшаруашылық өнімін өндірушілер арасында 56 меморандум жасалыпты. Осылайша, мәселенің салмағы біраз жеңілдегендей болып көрінген.
– Былтыр Ақсу қаласының ауылдық аймағы бойынша 17 мың гектар, Екібастұз қаласы бойынша – 126,1 мың, Ақтоғай ауданында – 13,7 мың, Баянауыл ауданында – 24 мың, Тереңкөл ауданында – 16,9 мың, Май ауданында 93,4 мың гектар жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бірақ өңір бойынша қайтарылған жалпы көлемі 111,8 мың гектардың 67,2 мың гектары ғана елді мекендердің (ауылдардың) маңында орналасқан. Көріп отырғанымыздай, шалғайдағы көп жерлер пайдаланусыз ұзақ тұрып қалған. Ал ауылдар маңындағы жерлер көбіне-көп игерілген. Қайтарылған учаскелердің жайылымға жарамсыз деп танылғаны жоқ, барлық жер учаскесі ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылатын болады, – дейді Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов.
Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың арнайы жер қорларында шамамен 480 мың гектар жайылым бар. Ал Павлодар, Успен, Шарбақты, Аққулы аудандарында бос жайылымдар мүлде жоқ. Өңір бойынша биыл 139 мың гектар жайылым жетіспейтіні мәлім болып отыр.
Айналасының барлығы бау-бақша мен егістікке толы Павлодар ауданында мал өрістерінің тапшылығы жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған. Аудан тұрғыны Құсайын Жеңісов егін шаруашылығының қарқынды дамуы мал ұстауға кедергі екенін айтады. Балаларымен бірге атакәсіпті жандандыру үшін биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал сатып алуға ынталанып отыр екен. Алайда жайылым тапшылығы бұл жоспарын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтінін іші сезеді. Сондықтан болашақта жайылым жерлері мол өзге ауданнан шаруашылық құрып көрем бе деген үміті зор.
Аудан басшысы Николай Дычконың ақпарынша, былтыр елді мекендердің пайдасына небәрі 465 гектар ғана жайылым қайтарылыпты. Ал биыл шамамен 2 мың гектар алынады деген жоспар тұр. Бірақ жергілікті халық мал өрістерінің аса кеңейе қоятынына сенгісі жоқ. Айтуларынша, жайылымдар мен шабындықтар көбіне елді мекендерден шалғай жерлерде, мал тұяғы баса қоймайтын аумақтардан ұсынылады. Мұндай тиімсіз жайылымдар жалпы статистиканы жақсартқанымен, шын мәнінде тұрғындарға әкелген пайдасы жоқ.
Мұндай мәселенің барын Тереңкөл ауылының тұрғыны Гүлнар Жаябаева да жеткізді. Жергілікті газетте еңбек ететін журналист жайылым тапшылығы жөнінде шағым айтып келетіндер қатары кейінгі жылдары көп екенін тілге тиек етті.
– Өзге ауылдарды қойып, аудан орталығының өзінде бәленбей гектар жер жетпейтінін білеміз. Жер дауына қатысты жайттардан жиі еститініміз, жағдайы келгендер кезінде мыңдаған гектар жерлерді алып тастап, өздері қалаға көшіп кеткен. Әлгіндей жерлердің көбі игерілмеген. Әкімдіктер ондай жерлерге көбіне тиісе алмайды. Себебі құжаты түп-түгел дұрыс. Не елге пайдасы жоқ, не егін егілмейтін мұндай жерлер халықтың мұқтаждығы үшін қайтарылуы керек деп есептейміз. Мұндай мәселе Байқоныс, Береговой ауылдық округтерінде де қалыптасып отыр, – дейді ол.
Тереңкөл аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Назгүл Әлдешованың айтуына қарағанда, тек былтыр өңір бойынша 11 мың гектар жер қайтарылыпты. Олардың 9,8 мың гектары елді мекендерге жақын орналасқан. Қазіргі күні Верненка, Байқоныс, Калиновка, Тереңкөл, Береговой ауылдық округтерінде жетіспеушілік бар. Бір ғана Тереңкөлдің халқына 15,3 мың гектар жайылым қажет. Жалпы, аудан бойынша 230,8 мың га жайылымдық жер бар болса, оның 107,2 мыңы жеке шаруашылықтарға бекітіп берілген. Аудан бойынша 16 жер пайдаланушымен 20,1 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін меморандумдар жасалғанына орай жайылым тапшылығы жоқ деп сендірді бөлім басшысы.
Ауылдық округтің әкімі Жұмабай Құсановтан сұрап білгеніміздей, Байқоныста 4 мыңға жуық қара мал ұсталады. Мұнда 2 мың гектардай жайылым тапшы. Ауылдар маңындағы учаскелерге «Лысов», «Алекпаров», «Туленов», «Орынбаев» және өзге де шаруашылықтар бидай мен күнбағыс егеді. Бұл субъектілер айналымдағы жерлерін өріс үшін бере қоюы неғайбіл. Дегенмен жергілікті тұрғындардың тілегін ескеріп, Әділбек Темірбаев деген азамат біраз жерін ортақ жайылым үшін пайдалануға ұсыныпты. Осындай түсіністік танытатын қамқор жандардың арқасында мәселе шешіліп келеді.
Ал Ақсу қаласының ауылдық аймағында былтыр Qoldau цифрлық платформасына сәйкес 59,6 мың гектар пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталыпты. Оның 16,9 мыңы мемлекет меншігіне қайтарылса, тағы 36,6 мың гектарды мемлекеттік органдардың ескертуінен соң жер иелері пайдалануға кіріскен. Достық, Евгеньевка және тағы бірнеше ауыл маңында жайылымдық жерлер жетіспейтінін ескере отырып, биыл шамамен 25 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтеді деген жоспар бар.
М.Хамитовтың сөзінше, бүгінгі таңда жайылыммен қатар, шабындықтарға қатысты да мәселе қалыптасып отыр. Мысал үшін, Успен, Шарбақты, Баянауыл, Железин, Аққулы аудандарында және Павлодар қаласының маңындағы ауылдарда бос шабындық алқаптары жоқтың қасы. Павлодар облысы бойынша жайылымдардың жалпы ауданы – 8 млн 303 мың, шабындықтардың аумағы 302 мың гектарды құрайды десек, оның ішінде жер пайдаланушыларға (ЖШС, ШҚ, ФҚ, жеке тұлғалар) 4,9 млн гектары жайылым, 175 мыңы шабындық ретінде бекітілген. Яғни мал шаруашылығы үшін жарамды жерлердің басым бөлігін шаруашылықтар иеленіп отыр. Бұл статистиканың өзі-ақ жеке аулалардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермейтінін аңғартса керек. Жаңадан шаруашылық құрғысы келетіндер бос жер таба алмай әлекке түседі. Олардың жобалары конкурстық комиссиялардан ұтып шығуы да неғайбіл. Себебі әлгіндей комиссиялар заң бойынша жерде бұрыннан еңбек етіп келе жатқан шаруаларға басымдық беруі тиістігі соңғы заңнамалық өзгерістерде көрсетілген.
Статистикаға ден қойсақ, осыдан бес жыл бұрын облыстың жеке аулаларында ұсталатын мал саны 832,3 мың басты құраса, 2022 жылы ол 896,3 мыңға жеткен. Ал өңірдің жер қоры керісінше 4 млн 116,5 мың гектардан 2 млн 565,4 мың гектарға дейін азайған.
– Сондықтан жайылымдардың жетіспеушілігі мәселесін басқадай жолдармен шешу керек. Жеке аулаларда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға шектеу қою керек деп ойлаймыз. Қазіргі күні жеке үйлердегі мал басы 50 немесе одан да көп бастан асатын фактілер бар. Бұл елді мекендердің айналасындағы жайылымдарды ұтымсыз пайдалануға, жүктеме нормаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау бойынша санитарлық нормаларын бұзуға әкеледі. Халықтың мал басын көбейту мәселесін шешу үшін «Жеке аула туралы» Заң қабылдау қажет, – деп санайды Мұрат Қабылжапарұлы.
Басқарма басшысы биыл облыс бойынша 380 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарда тұрғанын, алайда ауылдарда белгілі бір шектеулер енгізбей тапшылық мәселесі түбегейлі шешілмейтінін айтады.
«Жайылымдар туралы» ҚР Заңының 15-бабында: «Кенттер мен ауылдық елді мекендер аумағының шегінде орналасқан, мемлекеттік меншіктегі жайылымдар ауыл шаруашылығы жануарларының аналық (сауын) мал басын күтіп-бағу бойынша жергілікті халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беріледі», деп жазылған. Егер ауылдағы жұрттың қолындағы сауын малын ғана есепке алар болсақ, қолданыстағы жайылымдар барлық нормативке сыйып кетер еді. Ал шын мәнінде, халық ортақ жайылымдарда жеке аулаларындағы барлық мал түрін жаяды. Сондықтан округтің шалғай учаскелерінде және ауданның өзге (дала) округтерінде ірі қараның ұрғашысынан басқа мал түрлерін жаюға заң жүзінде рұқсат берілуі керек. Екіншіден, мемлекет меншігіне қайтарылған аумақтар есебінен шалғайдағы жайылым учаскелерін беру немесе резервке қою қажет.
Тағы бір ескеретін жайт, Екібастұз бен Май аудандары бойынша былтыр 200 мың гектардан аса бос жер қайтарылғанымен, олардың басым бөлігі бүгінде пайдаланусыз жатыр. Себебі ол аумақтарда елді мекендер сирек. Халық аз тұратын мұндай өңірлерде көші-қон бағдарламасы аясында мал баққысы келетін азаматтарды қоныстандырса абзал. Жер пайдаланудың теңгерімін бұзатын олқылықтар жергілікті комиссиялармен ескеріліп, облысқа оларды игеру бойынша ұсыныстар жасалуға тиіс деп есептейміз.
Атап өтерлігі, өңірде жер комиссиялары мүшелерінің жең ұшынан жалғасып, шөбі шүйгін шабындықтарды тамыр-таныстарына үлестіру фактілері де тыйылмай тұр. Былтыр осындай бірнеше дерек тіркелген. Комиссия отырыстарының барлығы бейнежазба эфирлерімен қамтылып, кейін интернет ресурстарына жүктелуге тиістігі туралы талап дұрыс орындалмайды. Облыс әкімі Асайын Байханов жуықта жауапты органдарға комиссияларға мүше азаматтардың біліктілігін көтеруді тапсырды. Жеке аулаларда төрт түліктің саны жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, таяу арада өрістерге қатысты түйткіл одан әрі күрделене түсетіні анық. Сондықтан мәселеге басқа қырынан үңіліп, жаңаша шешімдер қабылдануы керек.
Павлодар облысы