• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 14 Ақпан, 2023

Пұшпақ ішік

1438 рет
көрсетілді

Ішік – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны елтіріден, сеңсеңнен, әртүрлі аң терілерінен тігеді, сырты матамен тысталады. Ішік тігілген терінің түріне қарай: елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын ішік, т.б. деп аталады.

Жоғарыдағы ішіктер арасындағы «пұшпақ ішікке» тоқталсақ, он томдық түсіндірме сөздікте: «Пұшпақ деп малдың, аңның тізеден төменгі сирақ терісін айтады» депті. Демек, пұшпақ барлық хайуанда бар деген сөз. Түлкі, қарсақ сияқты ұсақ аңның пұшпағынан бас киім тігіп кию Шыңжаң-Алтай және Қобда қазақтарында кең тараған. Бұл үрдісті тіпті Таулы Ал­тай тұрғындары қолданады. Олар аңның пұшпағынан дөңгелек пошымды тымақтар тігіп киеді. Пұшпақты я­кут тілінде «быстах» дейтін кө­рінеді. Қазақша аударсақ «ке­сінді, үзінді» мағыналас. Ал тыба ағайындар пұшпақты «быжынды» дейді. Бұл қазақтың «кесінді, бөлінді» деген сөзі.

 

Алматы

Пұшпақ ішік қазақтар арасында кең тараған. Әсіресе, түлкі терісінен тігілгендері әр өңірде кездеседі. Мы­салы, Алматыдағы Мемлекеттік ор­талық музей қорында түлкі пұш­па­­ғы­нан тігілген ішік сақтаулы тұр. Бұл ішіктің сырты сұр түсті мата­мен қапталып, құрылымы трапеция пішінді, етек шалғайы кең, орама жа­ғалы, қондырма жеңді, иық тігісі қи­ғаш сырылған екен. Ішіктің жон-ар­қасы 20х50 көлемде тауешкінің тері­сімен күсілген. Тері мен тыс арасына жұқа бидайы салынып, жағасы мен етек-жеңі құндыз терісімен жұрындалғаны байқалады.

 

Бай-өлке

Осындай тағы бір пұшпақ ішік Моңғолия елі Бай-Өлке аймағының орталық музейінде тұр. Бұл жәдігер жайлы анық­тамалықта: «1960 жылы музей қызметкері С.Мағзам деген дерек жинаушы Бұлғын сұмынынан тауып әкелді» делінген. Кімнен алғаны айтылмаған. Деректе: «Ішік қара пүліш матамен тысталған, ұзын­ды­ғы – 123 см, жағасы – 55 см, кеу­де­сінің кеңдігі – 51 см, қолтығы – 14 см, же­­ңінің кеңдігі – 18 см, етегі – 115 см, салмағы – 3 640 грамм» деп жа­зылған.

 

Баркөл

Тағы да бір пұшпақ ішік ШҰАР-дың Құмыл аймағы Баркөл қазақ автономды ауданы музейінде тұр. Өте сапалы сақталған. Дерек беруші тұлғаның айтуына қарағанда, ішіктің тігілгеніне ғасырдан астам уақыт өткен, жасау кезінде жүз түлкінің пұшпағы жұмсалған екен. Ішіктің тысы бедерлі қызыл күрең торғынмен тысталып, өңірі мен жеңі шаршылап сырылыпты.