Кеше жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқарды үйіне арнайы іздеп бардық. Қаламгердің жұмыс бөлмесі бір қызық әлем екен. Төрт қабырғаны түгел жайлаған кітапханадан көз ала алмайсың. Төрде Оралханның суреті тұр – екеуі теледидар көріп отыр. Әрине, бұл шаңырақта Оралхан Бөкейдің, Қалихан Ысқақтың портреттерінің болуы да заңды. Жазушының аңкөстігі, балықшылығы, тау-тасқа деген құмарлығы баршаға аян – мына бір қабырғада Алтайдың әр қиырында түскен сондай фотосуреттер. Ендігі бір бұрыш суретші Әлібек Асқардың шығармашылығына арналыпты. Сонымен бұл үйге әдеби сауалдаманың ізімен келіп отырмыз. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?
– Қазір Якутияға барған сапарымды жазып жатырмын. Былтыр тамыздың аяғында Якутскіде өткен кітап көрмесіне жолымыз түсті. Новосібірге дейін көлікпен барып, әрі қарай Тайга мен Байкөлді көктен көз сүзіп ұштық – жолдағы табиғаттың әдемілігі естен тандырады. Бұл Новосібір маған таңсық емес – осы жерде офицер ретінде әскерде болдым. Көрмеге «Фолиант» баспасынан апарған кітаптарды қойдық. Өзім де кітапханаларына қазақтың өнері туралы альбомдар, орыс тілінде шыққан көркем шығармаларды сыйладым. Көрмеде кешке дейін жүреміз бе – қаланың түрлі орындарын араладық. Сонау миллиондаған жылдардан бері аспанға шапшып тұрған Ленаның тік жартастары дүние жүзіне мәлім. 50-100 метрден асатын тастардың басына шықтық. Бұл Лена да ең ұзын өзендердің бірі ғой. Бірде Сауытбек Абдрахманов Ленаның арғы беті көрінбейтін бір тұстары бар деп еді. Сол есіме түсіп, өзеннің бойында тұрып мен де сұрадым. «Арғы шеті көрінбейтін жері бар ма?» Сонда бір шаманға барайық деп кеме күтіп тұрғанбыз. Жігіттер біздің дәл сондай тұста тұрғанымызды айтты. Бірақ мен анау көкжиектен көлеңкелеген жағалауды көріп тұрмын. Сөйтсек, ол арал екен – оның арғы жағында Лена тағы жалғасады.
Бұл мекеннің бір жағы экзотикалық бояуларға қанық. Таудың ішіндегі мұз музейіне бардық. Үлкен сарайдағы әр деталь мұздан жасалған – аю, бұғы, итбалық. Тіпті су ішетін стақандарына дейін мұз.
Кітапта көбінесе қазба-байлықтары мен палеонтологиялық дүниелерді жаздым. Жаһандық жылу бұл мекенге қатты әсер етіп жатыр. Аралдар еріп, бір кездегі мамонттардың, мүйізтұмсықтардың, ертедегі жануарлардың қаңқалары миллиондап шығып жатыр. Жалпы, жерін бір метрден әрі қазсаң, мұз шығады. Ал мұздың тереңдігі 50-100 метрден асады. Оларды қазір алаңдатып отырған мәселе сол – жаһандық жылыну. Осыдан жүздеген, екі жүз, бес жүз жыл бұрынғы көмілген денелер ашылып, жер бетіне шығып жатыр. Ғалымдар ол қаңқалардан тарайтын улы заттардан қауіптеніп отыр.
Жалпы, бұл өлке суықтығымен танымал ғой. Ыстық суды елу градус суықта далаға шашып жіберсең, алдымен әдемі бір бу шығады, сосын тысырлап жерге түседі. Қатты суық болған соң айнала ылғи бұлыңғыр.
Кітаптың әлі бас-аяғын өңдеген жоқпын. Бұл енді көркем дүние емес, эссе жанрында жазылады. Алпыс беті дайын, енді бір жиырма бет қосамын. Кітаптың аты – «Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат». Төрт бөлімнен тұрады: кіріспеде Якутиядағы көне қоныс табылған жерлер, ғарыштан түскен кометаның әсері, мұз қалай басты, климаттың өзгеруі, жаһандық жылу, табылған жеті түрлі қазба жануарлар, Құдайдың гауһар тастарды түсіріп алуы, тундра туралы, бұғылар, шыбын-шіркей, қой-бұқалар, гипобиоз сынды тақырыптарды қаузадым. Якут жылқылары біздікіне қарағанда тұрпаты бөлектеу – салба-салба, жүні көп, сәл аласа, шымыр. Қыстай тебіндеп шығады – оларға шөп шаппайды екен. Якуттар тек тай мен құлынның етін жейді, ал үлкен жылқының етін жемейді.
Бірінші бөлімде аңдар туралы аңыздар, поляр үкісі, солтүстік бұғылары, малшылар өмірі, балбалдарға ұқсаған биік тастарды жаздым. Екінші бөлімнің дені кезінде итжеккенге айналған өңірдің суығына арналды. Үйлері де үш есікті: мәселен, дүкенге барар болсаң, әр есіктен кіріп, жылынып-жылынып жетесің. Жалпы, Якутияның территориясы Қазақстаннан үлкен. Сондай дарқан даланы қазір миллионға жетпейтін халық мекендеп отыр. Оның 450 мыңы якуттардың өзі болса, қалған 400 мыңы эвендер, юкогерлер, чукчалар, орыстар. Ол жақта, әрине, тоңазытқыш ұстамайды. Базарда бәрі далада ілініп тұрады. Жерлеу рәсімін де жаздым. Екі-үш күндей мұздың үстіне от жағып, жерді қазады.
Үшінші бөлімде Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жағдайлар қамтылған. Бұлар да империяға қарсы бұлқынған ұлт. Тура сондай толқу 1982 жылы да болыпты. Одан бөлек Пономаревтің соғысқа қанша адам қатысқаны туралы мақаласын бердім (якуттардың бәрінің тегі орысша). Соғысқа қай халықтан адам аламыз деп тізім шыққанда ішінде Якутия жоқ екен. Кішкентай ұлт болған соң қоспаған. Сонда сол жердегі жергілікті басшылардың бастамасымен майданға адам жіберген. Ол басшылар, негізінен басқа жақтан келген орыстар болатын. Соғыстың алғашқы легінде кеткен сол якуттардың барлығы қырылып қалды. Кейін Мәскеуде үлкен қызметте істейтін якут Винокуров Сталинге кіріп, бұлай жалғаса берсе, кішкентай ұлт түп-тамырымен жойылып кететінін айтады.
Бұл бөлімге Желтоқсан көтерілісін де қостым. Негізі, 1986 жылы 16 желтоқсанда қозғалысты қазақтар бастаған жоқ. Сол жылы сәуірде Якутияда осындай толқыныс болған екен. Ал төртінші бөлімде түркі тілінің бағзы тарихы мен якут тілінің шығу тегі, якут әдебиеті, әліпбиінің тарихы, көркем әдебиеттің қалыптасуы, қазіргі заманауи әдебиеті, ең соңында қазақ-якут мәдени қарым-қатынасын да қостым.
Мұндай сериядағы кітаптарды бұған дейін де жазып жүргем. «Мұзтау немесе жер кіндігіне саяхат», «Қазығұрт немесе топансу тарихнамасы», «Қайырымды Үміт мүйісі немесе Жер шетіне саяхат», «Шабанбай немесе «Беловодье» ұғымы туралы толғам» деген еңбектерім басылып шыққан.
Жазып алған
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»