• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әскер 16 Ақпан, 2023

Жас десантшылар жарысы

349 рет
көрсетілді

Алматыда «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына қаты­сатын командалар белгілі болды. Қаладағы десанттық-шабуылдау құрама­сы­ның ала­ңында өткен жарысқа Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларының әскери-пат­риоттық клубтары қатысты. Олармен Десанттық-шабуылдау әскер­-лерінің құрамалары мен әскери бөлімдері пысықтау жұмыстарын жүргізуде.

Іс-шара шеберлігі шыңдала баста­ған шымыр жігіттердің қоян-қолтық ұрыс әдістерін паш етуімен басталды. Кәсіби машығы жоғары мамандар жас ұландардың өнерін бағалауда физикалық мүмкіндіктерімен қатар интеллектуалдық әлеуетіне де айрықша маңыз берді. Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының кеңесшісі отставкадағы подполковник Кабир Наурушев: «Жас десантшылар өз елін сүйетін және оның тәуелсіздігін қорғай алатын нағыз патриоттар деп білеміз. Айбары мықты азаматтар – ел тірегі. Оларға жүктелетін жауапкершілік жо­ғары. Болашақ әскери адамға батыр­лықпен қатар асқан сезімталдық, ұшқыр қиял, ақыл-парасат қажет», деп жарысқа қатысушыларға жігер берді.

Сайыста әрбір команда мүшесі клуб басшылары мен нұсқаушылар үйрет­кен дағдылардың бәрін мүлтіксіз орын­дауға күш салды. Пневматикалық мыл­тық ату, автоматты бөлшектеу және құ­растыру, жалпы әскери қорғаныс кос­тюмін кию нормативін пысықтау бо­йынша өнерлерін ортаға салды. Жігіттер кермеге тартылып, нәзік жанды патриоттар жеңіл жаттығулар бойынша өзара бақ сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша бірін­ші орынды Қонаев гарнизоны әскери бөлімінің «Жас десантшы» коман­дасы, екінші орынды Алматы десанттық-шабуылдау құрамасының «Түрксіб» командасы, үшінші орынды материал­дық-техникалық қамтама­сыз ету полкінің «Барыс» командасы иеленді.

Барлық пән бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен Талдықорған гарни­зонының 18404 әскери бөлімінің командасы жанкүйерлер ықыласына бөленіп, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.

Айрықша өнерімен дараланған «Түрксіб» клубының тәрбиеленушісі Амина Заурова өткен жылдың желтоқ­сан айында «Жас сарбаз» әскери-пат­риот­тық қозғалысына қабылданған. Сабақ­тардың арқасында ол салыстырмалы түрде қысқа мерзімде ату мен спортта керемет нәтижелерге қол жеткізгенін айтады.

– Біз Райымбек батыр атындағы де­санттық-шабуылдау құрамасына күн сайын сабаққа келеміз. Нұсқаушы­лар бізге атыс қаруын бөлшектеуге және құрастыруға, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздеріне, жер бедерін бағдарлауға, парашютті жинауға және басқа да пәндерге үйретеді. Біздің жетіс­тіктерімізді өзіміз білім алатын №78 мектеп-гимназия мақтан тұтады, – дейді Амина.

«Түрксіб» әскери-патриоттық клубы 61993 әскери бөлімінің базасында үш жылдан бері жұмыс істейді. Атыс дайындығы жөніндегі нұсқаушы сержант Рамазан Сүлеймановтың пікірін­ше, әскери-қолданбалы пәндерге деген қызығушылық, біріншіден, балаларды смартфоннан алшақтатады, екіншіден, олардың бойындағы сенімділігін арттырып төзім мен тәртіпке тәрбиелейді. Жылдан-жылға жарысқа қатысушы өрен­дердің шеберлігі шыңдала түскен. Жоғары сынып талапкерлері қатардағы әскери қызметшілердей өздерін сенімді ұстайды дейді ұйымдастырушылар.

Атап өтсек, «Айбын» жастардың жыл сайынғы әскери-патриоттық жиы­нына 14 пен 18 жас аралығындағы Қазақ­­станның әскери-патриоттық клуб­тарының, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың және «Жас ұлан» рес­публикалық мектептерінің тәрбие­лену­шілері қатысады. Жобаға қатыса отырып, Десанттық-шабуылдау әскерлері­нің әскери-патриоттық клуб­тарының өкіл­дері үнемі жоғары нәти­желер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып келеді. Олардың арасында халықаралық жарыс­тарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген талантты жастар да бар.

 

АЛМАТЫ