• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2014

Маман дайындау ісіне кіріспек

261 рет
көрсетілді

Соңғы кезде қаржыландыру саласында елдегі қаржылық жүйеге балама жаңа бағыттарды енгізу бас­тамасы жиі көтеріліп жүр. Бұл тұтынушы қоғамның көптен күткен жаңалығы болып отыр. Атап айтсақ, таяу уақытта елімізде исламдық қаржыландыру мамандарын дайындау қолға алынбақ. Елордада жыл сайын өте­тін Астана экономикалық форум­дарының бірінде Қазақстан мен Ислам даму банкі арасында инвестиция тарту жөнінде келісімшартқа қол қойылған болатын. Келісімшартта Қазақстан экономикасына 2 млрд. доллар инвестиция құйылатыны туралы көрсетілген еді. Жуырда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтердің бірінде Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов сол ақпаратты қайта­лай келіп, Алматы қаласының Орталық Азиядағы исламдық қаржыландырудың аймақтық хабы болатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, исламдық қаржы­ландыруға сәйкес, ел заңнамасына салықтық және құқықтық мәселе­лерге байланысты өзгеріс­тер енгізу мақсатына арнайы грант бөлінетіндігі жөнінде келісім барлығын жеткізді. Бас банкирдің мәлімдеуінше, исламдық қаржы­ландыруды ендіру барысында негізгі мәселелердің бірі білікті мамандар дайындау болмақ. «Өйткені, Ислам даму банкі исламдық қаржыландыру мәселесі бойынша әлемдік деңгейдегі көптеген мамандарды дайындауға кеңес берген. Сол себепті арнайы мамандар даярлауға Ұлттық банк пен Үкімет арнайы грант бөлетін болды», деді ол. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, арнайы даярланған мамандар жуықта дайын болмақ. «Әлемнің көптеген университеттері, оның ішінде Таяу Шығыс елдері ғана емес, Еуропа елдері мен Ресейде де осы сала мамандарын дайындаумен айналысады. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беретін боламыз», деді Қ.Келімбетов брифинг барысында. Жалпы, әлемдік дәстүрлі қар­жыландыру саясатындағы олқы тұстар көп елдердің «дамыған» деп дәріптелген экономикаларын тұралатып тастағанына куә болғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Әсіресе, банк жүйесі қатты зардап шеккені аян. Жалпы, банктердің іс-әрекетін үш сөзбен сипаттағанда ол қаражат беру, қадағалау, қаражатты өсімімен қайтарып алу болса, олардың іс-әрекетінің нәтижесін берген қаражатын қаншалықты қайтарып ала алғандығымен өлшеуге болады. Өкінішке орай, банктердің бұл мәселе тұрғысынан алғанда жағдайы мәз емеcтігі жиі-жиі баспасөз бетінде жариялануда. Дегенмен, қарызға қаражат алсаң, «еселеп» қайтару керек болатынын әркім де түсініп болды. «Еселенген» қаржы түбінде біреудің қалтасынан шығын болып шығатынын, оның да шегі болуы керектігі және ол бір тұрақты негіздерге сүйенуі қажеттігін түсіну көпшілікті ислам­дық қаржыландыру негізде­рін үйренуге алып келуде. Қарызға негізделген қазіргі қаржы жүйесінде қарама-қайшылық көп. Исламдық қаржыландыру дінге негізделген құндылықтар мен нормалар жүйесіне, сондай-ақ, ислам әлеміндегі дәстүрлерге арқа сүйейді. Бүгінде исламдық банк ісінің негізгі қағидаттары шариғат заңдарын барлық қаржылық операцияларға қолдану болып табылады. Исламдық ғалымдар исламдық қаржыландыру жүйесін нақтылайтын заңдар жинағын құрастырып та қойды. Оның негізінде ссудалық өсімді алуға тыйым, басқаша айтқанда, несие үшін төлемге тыйым салынған. Riba (мысалы, дәстүрлі банктердегі пайыз, ақша өздігінен өспейді, ол тек құнды анықтау үшін қажет құрал ретінде танылатындықтан, «ақша сатып» пайда табу күнә), Gharar (анық емес, белгісіз не екіұдай нәрселер, мысалы, меншігіңізде жоқ, не билігіңіз жүрмейтін затты сату немесе қашан болары белгісіз және құны анықталмаған нәрсені сату), Maisir/Qimar (бәс тігу, құмар ойын, оңай жолмен табыс табу: әділ құнын төлемей немесе баламалы еңбек етпей немесе еш жауапкершілік алмай бағалы мүлікке ие болу). Исламдық қаржы шын мәнінде жер бетіндегі барша қауымның өмір сүру деңгейін көтеруге қызмет етеді. Исламдық қаржыландырудың дәстүрлі қаржы жүйесінен артықшылығы осында жатыр. Жалпы, ислам қаржыландыру жүйесіне деген жаңа, жақсы көзқарас әлемдік экономикалық дағдарыс толқынынан соң күшейе түсті. Өйткені, ислам қаржы институттары дағдарысқа қарсы тұра алатындығымен әлем назарын аударды. Қаупі жоғары активтерден, жоғары тәуекелділікті ипотека мен алыпсатарлық деривативтерден сақтағандықтан дағдарыстың айтулы 2008-2009 жылдары да исламдық қаржыландыру жүйесі пайдамен шыққан. Исламдық қаржыландыруда адамзаттың саналы іс-әрекетіне көп көңіл бөлінеді. Қазір сарапшылар исламдық банктер өз капиталдарын жедел дамып келе жатқан, тиімді факторлары бар елдерге салғысы келетіндерін білдіруде дейді. Тіпті, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Қазақстанды қолай көретіндіктерін айтып қалуда. Сондықтан бұл мәселеде біздің де іркіліп қалуымызға болмайды. Ал исламдық экономикаға көшу экономиканы «тазаландырады» және тұрақты дамуға негіз салады. Батыста 1956, 1972 жылдардан бастап айтылып, кейінгі жылдары сәнге айналып жүрген «Sustainable development\Тұрақты даму» тұжырымдамасы шариғатты мойындайтындар үшін жаңалық емес: өзіңе де, өзгеге де, жалпы, жанды-жансызға, жанашырлықпен қарап, мүмкіндігіңше пайдаңды келтіру; адал мақсатқа еңбекпен, таза жолмен жету; кез келген мәселеде шынайылық пен әділдікке сүйену. Ал жуырда Мәжілісте ислам­дық сақтандыру және лизинг жүйесін ендіруді қарастыратын заң жобасы мақұлданды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев хабарлады. Осы жаңалықтарды тізбелей келе ұққанымыз, исламдық қаржыландыру сатылы түрде сөзден іске көшер күні жақын. Өйткені, осы қаржы­ландыру жүйесіне мамандар дайындауға кірісу үлкен істің басталғанын білдіреді. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».