• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Ақпан, 2023

Ерте қаралғанның емі шипалы

350 рет
көрсетілді

Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері маржан тәрізді бүйрек тасы бар науқасты аман алып қалды. Бүйрек патологиясы бар па­циентке қалалық урология орталығының дәрігерлері жәрдемдескен.

Жас қыз 19 жасынан уролитиямен ауырған. Аурудың осы түрі бүйректе, қуықта немесе уретрада (зәр шығару жолында) тастар пайда болу процесімен байланысты. Содан пациент бірнеше рет операция жасатқанымен, өкінішке қарай, ауру саябырламаған. Пациент хирургиялық әдіспен емделуді ойлап, бірнеше урологиялық клиникаға барғанымен клиникалық жағдайдың ­күрделі болғанына байланысты кері қайтқан. Амалы қалмаған науқас көп­бейінді қалалық ауруханаға барады. Содан клиникада пациентке перкутанды нефролитотрипсия операциясы ұсынылған. Бұл операцияның ерек­шелігі, науқаста жарақат көп болмайды. Яғни науқастың бел аймағын 1 см кесу арқылы жасалады. Онда бүйрек тастары лазердің көмегімен жойылады.

Қалалық урология орталығының же­тек­шісі Асқар Жашеновтің айтуын­ша, пациенттің бүйрек таста­ры эн­дос­копиялық әдіспен алынған. Опера­ция­дан кейін-ақ пациенттің беті бері қарап, жағдайы жақсара бастаған. Абы­рой болғанда қанның барлық көрсеткіші жақсы шығып, бүйрек қызметі қалпына келген.

– Нефролитиаздың күрделі формалары қиын. Егер науқас уақтылы емделмесе, бүйректің функционалды күйінің жоғалуына әкеледі. Нәтижесінде, терминалды бүйрек жеткіліксіздігі пайда болады. Мұндай жағдайда науқас жасанды бүйрек аппаратын қажет еді, – дейді директордың хирургиялық көмек жөніндегі орынбасары Юрий Пак.

Қазір пациенттің ахуалы жақсы екенін жоғарыда айттық. Оның жағ­дайын дәрігерлер жіті бақылап, амбула­ториялық ем алып жатыр.