Қостанай политехникалық колледжінің кіреберісіндегі тексеріс кезінде бір студенттен пышақ табылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Студентті металл детекторымен тексерген кезде жиналмалы пышақ табылған.
Күзетші 102 нөміріне қоңырау шалған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, тыйым салынған зат тәркіленген. Содан кейін 18 жастағы студент полиция бөліміне жеткізілді.
«Студенттің осы оқу орнына келген басқа колледждің студенті екендігі анықталды. Ол пышақты ата-анасына үй шаруашылығына көмектескен кезде қолданғанын айтты. Содан кейін қалтасына салып, ұмытып кеткен. Біз студентпен сөйлесіп, оның ата-анасына бұл туралы хабарладық», деді ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті қазір өңірдің барлық оқу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін атап өтті.