«Кей пернеге қадалады саусақтар, сол пернеде жатқандай бір сыр-тетік. Жаныңды рас мазалаған, аңсатқан нағыз дыбыс содан шығар бұрқ етіп» дейді Жұмекен Нәжімеден.
Сол нота жүрегіңді дыз еткізгенде сәтке ғана көзіңді жұма қалып, бұл нендей құдірет деп, бейдауа күйіңді бүкіл жан-тәніңмен ұғынып, санаңмен бойлап жетпекке ұмтыласың. Домбыраның ішектеріне тиген қолдар оны емес, сенің сезімдеріңнің қылын шертіп жатады. Сонда үнді, әуезді жүрек қалай түсінеді екен деген ойға қаласың.
Толқыған жүректің күйі әсерден әуенге айналып, екінші бір адамның жүрегіндегі сезімді қозғап өтеді. Сондайлық өнерді тудырған адамның жаны қандай болады екен? Ол әуенді қалай естиді екен? Музыканың құдіреті… Ал саз бен сөз үйлескенде әдемі ән туады. Кейде бойымыздағы сезімді іздегенде, оның бар екенін сезінгіміз келгенде әнге елітеміз. «Сөздің құдіреті аяқталған жерден ән басталады» дейді. Жоқ, жай ғана сөзбен жеткізуге болмайтын, жанның тебіренісі болады. Сол тебіреніс әуен болып өмірге келеді. Адамның өн бойына сыймаған сезім өнерге айналады.
Әл-Фараби «Əуен» [əл-лəхн] – белгiлi тəртiппен құрылған түрлi дыбыстардың жиынтығы деп анықтама берген. Ол әуенді үш түрге бөледі: бiрi – жанды рахаттандыратын [мулəз-зə] əуен; екiншiсi – күйзелiс тудыратын [инфи-ъалия] əуен; үшiншiсi – образдарды хабарлайтын [мухаййлə] əуен. Аристотельдің пайымдауынша, бұл əсер музыкадағы адамгершілік элементтерге байланысты. Ол музыканың бойынан этикалық қасиеттерді көреді, сондықтан əуен адам жанының ішектерін тартқандай болады екен.
Әл-Фараби «Музыка» [əл-мусиқа] сөзi əуендi бiлдiредi деп анықтама берген. «Поэзиядағы сұлу мазмұндық реңк сазбен үйлесуі керек», дейді. Кейде әнге сөз жазылады, кейде сөзге ән жазылады. Сазы да, сөзі де бір-біріне үндесіп тұрған әндер «жетінші түйсікте» жолыққан адамдардың сезімі секілді өміршең келеді. Ән мен сөздің біте қайнасып, бір болмысқа айнала алуы сирек құбылыс. Музыканы түсіну бөлек өнер шығар.
Дәл солай домбыраның сөйлеп тұрғанын да екінің бірі түсіне бермейді кейде. «Түсіне алсаң «Сарыжайлау» мықтылық, Түсінбесең – домбыраның күмбірі» дейді Жұмекен. Сол Жұмекен Нәжімеденнің терең музыкалық танымын байқататын күйлерге арнау, талдау өлеңдері бір төбе. Үнді, әуезді жүрек қалай түсінеді екен деген сұрақ туғанда, ойыма бірден сол шығармалар оралатыны бар. Өйткені әуеннің сырын ашып, Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Динаның бірталай күйін сөйлеткен. Өнерді сезім дер болсақ, өзіңе сонша таныс сезімді ғана түсінуге түйсік жетеді ғой. Ендеше өнерді түсіну үшін әуелі сезімді тану керек.
«Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі ішегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып», дейді домбырамен сырлас ақын. Оның күй-өлеңдері Әл-Фарабидің «Әл-хуруф», әуен дегенiмiз – сезiлетiн, қиялдауға жəне ақылға салуға болатын нəрселер», деген тұжырымына анық дәлел. Мысалы:
Құрманғазы, «Қызылқайың»
Тек сол қайың изеп басын,
Түсінгендей түн сырына –
Түрмелердің бір қақпасын
ашып кетті күйші мына.
Құрманғазы, «Сарыарқа»
Көтерілді қанды желік,
Биле, саусақ, бас пернені.
Дүбір-дүбір... қалды келіп
Қарауылдың әскерлері.
Құрманғазы, «Ақсақ киік»
Киік қашты титтей
жаны талып та,
күйші қуды өз кінәсін танып қап.
Киік қашты ажалына өзінің,
күйші қуды жанып қашқан сезімін.
Киік қашты – құтылмасын білсе де,
күйші қуды –
жете алмасын білсе де...
Дала момын,–
әр басқаның – тепкідей;
қашуға да, қууға да жетті ғой.
Міне, солай. Менің айтпағым, әсте Жұмекен туралы емес. Тек әуенді сезіп, әр нотаның сиқыры мен сырына бойлай алудың мәнінде.
Ақтолқын,
Қара толқын..,
Соңы қайда?
Қомданып, қоңырайма,
Кел райға.
Кабағың қарс айырылып кетіпті ғой,
Қарағым, сабырайла, сабырайла…
Исраил Сапарбайдың мына жолдары толқыған көңілді жұбатып, күйге көңіл айтқандай. Бірақ расында солай. Өйткені бұл – Секен Тұрысбектің қаза көрген қамкөңіл күйі тудырған «Көңіл толқыны» жаздырған жыр. Күйді тыңдасаңыз күңіреніп,
«Менің де оңып тұрған
сыңайым жоқ:
Көзім – көл, омырауым су,
өңірім жас…»,
дегенін сезесіз ғой.
«Шер қысып тына қалам,
Шертілсе осы бір Күй!..
Көрсетпей жылап алам,
Көзімнің жасын ылғи».
Мүмкін Қалқаман Сарин секілді сіз де сөйткен шығарсыз…
«Үнді естіп үй түбінен
Мұңды алдым қоса арқалап.
Сөйлеген күй тілімен,
Сенбісің,
О, Салтанат?!»
Сіз «Салтанатты» түсінесіз бе? Сіздің жаныңыз «сан үнді толғамдарға» құмарта ма осы?