Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Құнанбай туралы көркем фильм түсірілетін болды. Бұл жөнінде Семей қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Берік Көпбаев мәлімдеді. Қазақ халқының ұлы ағартушысы, хакім Абайдың әкесі туралы фильм биылғы шілде мен қыркүйек аралығында Қарауыл жанындағы Қарашоқыда түсірілмек. Түсіру жұмыстарына қажетті қаржы мемлекет тарапынан бөлінеді.
Берік Көпбаевтың айтуынша, Семей қаласы түсіру жұмыстарына кем дегенде 20 киіз үй тігетін болады. Ал түсіру алаңына барлығы 150 киіз үй қажет. Фильмнің кинорежиссері белгілі актер Досқан Жолжақсынов. Ол осыған дейін «Біржан сал» көркем фильміне жетекшілік етіп, басты рөлде ойнаған болатын. Облыс әкімдігінің селекторлық отырысында фильмді түсіру барысындағы жұмыс көлемі және қажетті техникамен қамтамасыз ету, өңірдегі, аудандардың тарапынан көрсетілетін көмек жағы қаралады.
– 1 шілдеде Қарашоқыда облыстың барлық аудандарының өкілдері жиналады. Түсіру жұмыстары аруақтарға бағышталып ас берілгеннен кейін басталатын болады. Жалпы, бұл фильм бірнеше сериядан тұруы мүмкін, – деді Берік Көпбаев. Фильмге жетекші актерлер құрамымен бірге жергілікті әртістер де қатыстырылмақ.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.