• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Ақпан, 2023

«Мұнар күн» жүлдеге ие болды

2782 рет
көрсетілді

Атырауда тұратын баспа дизайнері Назерке Ищанова компьютерлік графиканың Digital Art стилімен сурет салады.

Жақында оның сондай үлгіде салын­ған «Мұнар күн» картинасы Лон­дон қаласында өткен «Алтын талант­тар уақыты» халықаралық бай­қауының бірінші жүлдесін иеленді. Он­лайн форматта өткен байқауға әлем­нің 39 елінен 200-ге жуық үміткер қатысқан.

– Халықаралық байқаудың жарнамасын әлеуметтік желіден көрген едім. Былтырғы қарашада бірнеше картинаның арасынан біреуін таңдап, бағымды сынап көру үшін жібердім. Бұл байқау 2007 жылдан бері тұрақты өтіп келеді, – дейді Назерке Ищанова.

Ол 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтерілісінің көсемі Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толуына орай дайындалған «Асқақ рух» кітабының беттеуші-дизайнері болған. Сол кезде тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеу еңбек­терімен жете танысқан. Кейін батыр Махамбет Өтемісұлы мен ақын Ығыл­ман Шөрекұлының Исатай туралы жырларын қызыға оқыпты. Сол кезде қиялында батырдың кесек тұлғасы қалыптаса бастаған.

– Қазақ деген ұлы халықтың шынайы ғұмырдастаны әлі жазылып біткен жоқ. Талай жыл, талай ғасыр бойы ұлтымыздың ғұмырдастаны жазыла береді. Сондықтан бұл картинамды азаттықтың ақ таңын аңсап күткен, өлшеулі өмірі ат үстінде жорық­пен өткен Ұлы дала батыры Исатай Тай­манұлының асқақ рухына арнаған едім, – дейді дизайнер Н.Ищанова.

Қазір дизайнер «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшелерімен бір­ге ел тәуелсіздігі үшін қанын төгіп, жа­­нын берген ұлт батырлары мен қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыс­та­рының өмірін, еңбегін зерттеп жүр. Оның жеке қорында ұлт зиялылары, батырлар мен арыстары бейнеленген 50-ден астам картина бар. Картинаның бәрі Digital Art стилінде салынған.

 

Атырау облысы