Өмірде таңдау мүмкіндігі туғанда мейлінше мүлт кетпеуге мән беретін маңызды нәрсенің бірі – мамандық. Өкінішке қарай, бұл таңдауға келгенде шалыс басып, басқа шаруаның құлағынан ұстаған немесе мүлдем шарасыз жүрген азамат көп.
Зерттеу деректері бойынша, елімізде еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жыл сайын 70 мыңнан аса түлек жұмысқа орналаса алмайды. Бұған қоса NEET санатындағы жастар да аз емес. Еңбек нарығындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, жалпы адам капиталын тиімді дамыту үшін қазіргі кезде сапалы кәсіптік бағдарлауға барынша көңіл бөліне бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында: «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс», деп атап өтті.
Расында, кейінгі кезде қоғамда кәсіптік бағдар беру туралы түсінік кеңінен өріс ала бастады және ерте жастан мамандық таңдауға мән беретін жұрттың қатары көбейіп келеді. Бүгінде көптеген ортада аталған бағыттағы жұмыстар айтарлықтай жүйеленіп, кәсіптік бағдарлау бойынша арнайы орталықтар, кеңесші мамандар белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл бетбұрыс, әрине, қуантады. Өйткені мамандық таңдауды оқуға түсер сәт таяғанда ғана ойламай, ерте бастан қамданған жөн.
Бұған дейін баланың қандай мамандыққа бейім екеніне жете көз жеткізбестен, ата-аналардың көзқарасымен жасалған таңдаудың қаншалықты тиімсіз болғаны жоғарыда келтірген статистикадан көрініп тұр. Яғни осындай қателіктердің салдарынан еліміздегі жұмыс күшінің жартысынан көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса «Жаңа мамандықтар атласы» зерттеу жобасындағы деректер де бейжай қалдырмайды. Осы зерттеуде оқушылардың 87%-ы ата-аналары мен мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайтыны көрсетілген. Бұл ретте ата-аналардың 75%-ы балаларының қандай мамандықты қалайтынын толық түсіне алмағанын мойындаған. Аталған сауалдамаға қатысқан оқушылар мен олардың ата-аналарының 90%-ы кәсіптік бағдарлау туралы біле бермейтінін және бұған қатысты ақпаратты мақсатты түрде іздемегенін айтқан.
Жалпы, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетсіз мамандардың көбеюі мәселесінің тамыры тереңде жатыр. Яғни болашақ мамандардың іске алғысыз кадр болмауына жол бермеу үшін мектеп табалдырығынан бастап қай салаға бейімділігін анықтау маңызды. Еуропа елдерінде бұл мәселеге, тіпті балабақшадан бастап мән береді екен. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігінен білім ошақтарында кәсіптік бағдарлау жұмысы қалай үйлестірілгенін сұрап білдік.
«Мектептерде кәсіптік бағдарлау жұмысын ұйымдастыру мәселесі «2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатта қамтылған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында ерекше назарды қажет ететін балаларға кәсіптік бағдар беру бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әдістемелік әзірлеген. Білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдарлау жұмысын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-кәсіби бағдар беруші, педагогтер, ата-аналар, мектеп серіктестері тиімді ынтымақтастық құру арқылы үйлестіреді. Сондай-ақ кәсіптік бағдарлау жұмысына мониторинг жүргізеді, әдістемелік қолдау көрсетеді және сапалы кері байланыс жолға қойылған. Осы оқу жылынан бастап барлық мектепте «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы құжатқа сай Педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізілген және осы бұйрық шеңберінде қызмет атқарылып жатыр», делінген ведомство жауабында.
Сонымен қатар мектеп жасындағы балалардың ерте мамандық таңдауына септесетін ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарланып жатыр екен. Әзірге жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейінді оқытуды енгізе отырып, кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
Бүгінде балаларға, жастарға кәсіптік бағдар беру бойынша оқу орындарынан тыс көптеген жоба қолға алынып жатыр. Соның бірі – «Bolashaq» бағдарламасы стипендиаттары қауымдастығының мектеп түлектеріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін «Болашаққа сеніммен» кәсіптік бағдар беру жобасы. Бұл туралы «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев біршама мәлімет берді.
– Бұл бастамамыз былтыр қанатқақты жоба ретінде еліміздің әр өңіріндегі 43 мектепте жүзеге асырылды. Енді 2023 жылдың соңына дейін 500-ден аса мектепті қамту жоспарланып отыр. Жалпы, жоба аясында 3 мыңнан аса оқушы қамтылды, оның ішінде 10-12-сыныптағы балалар бар. Біз оларға нарықтың дамуы және мамандық таңдау кезінде алдында қандай триггер болуға тиіс екені жайлы айттық. Қазірдің өзінде 40-қа жуық дайын тәлімгер бар. Сайтымызда арнайы сауалдаманы толтыруға болатын сілтеме көрсетілген. Үйлестірушілер әртүрлі мектептердің оқушыларымен кездесу ұйымдастыруға көмектесу үшін хабарласады. Тәлімгерлерге жан-жақты психологиялық зерттеулер дайындадық. Бұған ірі қалалардың тұрғындары ғана емес, өндірісте вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де қатыса алады. Сондай-ақ қалалы жерлерде мүмкіндік көп екенін ескеріп, ауыл мектептеріне баса назар аударамыз. Ауыл-аймаққа өзіміз барып, қандай мүмкіндіктер барын көрсетуіміз керек. Жас ұрпаққа жол нұсқап, дұрыс мамандық таңдауға көмектесу маңызды, деді М.Манкеев.
Кәсіптік бағдар беруде балалардың қандай мамандыққа бейім екенін анықтайтын арнайы тесттер бар. Қазіргі таңда қатары көбейіп жатқан кәсіби бағдар беруші мамандар әртүрлі жастағылардан құралған аудиториясына, оның ішінде балаларға да, үлкендерге де мұндай тестілеуді тегін және ақылы негізде ұсынып жүр. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан осындай тестілеуді мектеп қабырғасында жүргізуді Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырып жатқанын мәлімдеді.
– Жас буынның болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етудің маңызы күннен күнге артып келеді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан «Мамандығым – болашағым» атты жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 1 миллионға жуық мектеп оқушысын кәсіби диагностикадан, тестілеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл жерде әр баланың ерекше қабілеті ескеріледі. Бұл – ғылыми тұрғыдан жасалған жүйе. Сонымен қатар жоба аясында бүгінгі нарықтың талабына сай ІТ құзыреттілігі бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деді А.Абылайхан.
Мектептерде кәсіби бағдар беруші мамандардың саны мұғалімдер есебінен де толығып жатыр. Профориентологтер қауымдастығының төрайымы Жадыра Тойбайдың айтуынша, осы ұйым базасының негізінде кейінгі жарты жылда 300-ден аса педагог біліктілігін арттырыпты.
– Кәсіби бағдар беру саласында бізде мамандар да, ақпарат та өте аз. Елімізде бұл бағыт енді-енді дамып келеді. Өткен жылдан бастап мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, кәсіби бағдар беруші мамандар әр мектепте пайда болып жатыр. Ең алды болып жекеменшік мектептер мен ҰБТ-ға даярлау орталықтары профориентологтермен тығыз жұмыс істеп, түрлі тесттерді қолдана бастады. Баршамызға мәлім, қазір өзін өзі тану пәнінің мұғалімдерінде сағат жоқ. Сол педагогтер енді кәсіби бағдарлаушы болып қайта даярлықтан өтіп жатыр. Жалпы, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, білім беру бағдарламалары жөнінде толық энциклопедиялық басылымдарды жарыққа шығару керек деп ойлаймын. Кәсіби профориентологтер дайындайтын курстар оқытылуы керек. Мен басшылық ететін қауымдастық базасында жарты жылда 300-ден аса педагог біліктілігін арттырды. Енді кәсіби бағдарлау мамандық ретінде ЖОО-ларда оқытылғаны жөн деп санаймын, деді Ж.Тойбай.
Сондай-ақ ол ата-аналарға арналған ақпараттық платформа әзірленіп, онда баланың қабілетіне қарай мамандықты таңдау керек екенін түсіндіретін сабақтар, дәріс, тренингтер топтастырылғанын дұрыс көреді екен. Өйткені бала мамандық таңдарда бәрібір ата-анасының пікірімен санасады.
– Қазіргі ата-аналар баласының болашақта кім болатынына қатты мән береді. Олар арнайы маманның кеңесін онлайн да, офлайн да алғысы келеді. Маған күніне 10 шақты ата-анадан жеке консультацияға сұраныс түседі. Бірақ бір балаға кемінде 2 сағат уақыт кететіндіктен, бір күнде көп дегенде 3-4 қана баламен жұмыс істеймін. Одан бөлек тек тестілеуден өтетіндер бар. Ал ҰБТ-дан кейін бізге жүгінетіндер тіптен көбейеді. Былтыр бір айда 200 баламен консультация өткізіп, 98%-ы грантқа түсті. Жасөспірімнен бөлек қазір тіпті ересек адамдар да профориентологтердің кеңесіне мұқтаж. Көбінде баласына бағыт беремін деп келіп, өзі де мамандығын таңдап кететін үлкендер менің тәжірибемде өте көп кездеседі. Ересектерге біз икигай методикасы, архетиптерін анықтау арқылы бағытын таңдауға көмектесіп жүрміз, деді кәсіби бағдар беруші маман.
«Оқу ешқашан кеш емес» дегендей, дипломы болса да, жаны қалайтын іспен айналыса алмай жүрген азаматтардың ішінде кәсіптік бағдарлау кеңесшілеріне жүгініп, қайтадан білім алып жүргендер де баршылық. Осындай 350 адам Профориентологтер қауымдастығының арнайы курсынан өткен екен. Ж.Тойбай бұл туралы мағлұмат бергенде жасы 34-ке келгеніне қарамай, дәрігер болуды қалап, медицинаға түскен азаматты мысалға келтірді.
Расында, өмірден өз орнын таппай жүрген азаматтардың жасына қарамай қайта оқимын деп талпынғаны қуантады. Мұндай талапты жандарға мемлекет тарапынан да ұдайы қолдау көрсетіледі. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы 1 ақпандағы мәліметі бойынша, елімізде қызмет саласын таңдау мақсатында 10,4 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Хакім Абайдың сөзіне сүйеніп айтсақ, дүниенің кетігін тауып бір кірпіш болып қалану үшін, қоғамның қажетіне жарау үшін жаның қалайтын мамандықты жаңылмай таңдаудың және өз ісінің нағыз шебері болудың маңызы зор. Сондықтан болашақ білікті маман қалыптастыру үшін баланың қабілетін жасынан тану керек. Бағыты түзу баладан келешекте маман ғана емес, майталмандар шығады.