• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 20 Ақпан, 2023

Еңбек нарығындағы «еркін құстар»

487 рет
көрсетілді

«Еркін құс» деп отырғанымыз – еш жерге байланбай, өз бетінше еркін еңбек ететін адамдар. Фриланстың тура мағынасы осыған саяды. Тегеуріні күшті технологияның дамуы, ұрпақтар алмасуы және олардың қалау-еркімен бірге Covid-19 пандемиясы фрилансерлердің қатарын күрт көбейтті. Бұл қазір жалдамалы еңбек нарығының ажырамас бір бөлігіне айналып отыр.

Кешігіп келе жатқан пойызды күт­кен­дей сарылып отыратын кеңсе қыз­мет­керлері үшін сағат тілі алтыны соқса, ас­паннан алтын түскенмен бірдей. Демо­би­лизация! Әскери борышынан боса­тыл­ған солдат дерсіз. Бұл – бұрынғы қасаң да қатаң тәртіп. Өйткені бүгінде сол баяғыдай бес күн бойы таңмен таласа барып, сегіз сағаттан кеңсеге кісенделіп жұмыс істегісі келмейтіндер де шықты. Олар табысын фрилансер ретінде табады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) мамандары елімізде қанша фрилансер жұмыс істейтінін анықтады. ЕРДО сарапшылары жыл басында әлеуметтік аударымдармен, міндетті зейнетақы жарналарына талдау жүргізе отырып, 2021 жылы Қазақстанда 1 миллионнан аса адам фрилансер болып жұмыс істеді деген қорытынды шығарды. Сонымен қатар фрилансерлердің 78%-ы жалдамалы жұмыспен бірге қосымша қызмет істейді. Бүгінде біздегі фрилансерлердің орташа айлығы 255,8 мыңға жеткен. Олардың 15%-ы білім беру және сауда-саттық саласына, 13%-ы мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыздандыру секторына тиесілі. Бұл ретте ең жоғары табыс – кәсіптік және ғылыми қызмет салаларында, онда орташа табыс 211 мың теңге және медианалық табыс – 111 мың теңге; тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 209 мың және 149 мың теңге; ақпарат пен байланыста – 188 мың және 93 мың теңге. Еліміздегі фрилансерлердің 41%-ы Алматы, Астана және Шымкент қалаларында болса, оның 22%-ы Алматыда екен.

 

Салыққа салғырттық

Кеңседе істеген жұмыс нәтижелі дей­тін­дердің қатары әлі де көп. Тұрақты штат – тұрақты табыс. Экономика заң­ды­лығы бойынша, тұрақты табыстың өнім­ділгі жоғары. Кейінгі жылдарда фри­ланстердің белсенділігі артқандықтан на­рықта «Gig-economy» ұғымы қалып­тас­ты. Бұл – қыз­меткерлер мен компаниялар арасында жасалатын қысқа мерзімді келісім. Бұл да эко­номиканың жаңа бір үлгісі іспетті. Ал экономист Досбол Нұрахмет мұның эко­но­микаға кері әсері барын айтады.

– Еңбек нарығында фриланс кө­беюі­нің экономикаға кері әсері де бар. Өйткені біздегі көп фрилансердің жеке кәсіпкерлігімен олардың тапқан табыстары көрсетілмейді. Дамыған елдерде бұл белгілі бір дәрежеде оң септігін тигізуі мүмкін. Онда салық ең маңызды түсінік болып қалыптасқан. Ал бізде салықтан жалтару жайы көп кездеседі. Осы тұрғыда алғанда мемлекет бюджетінің бір бөлігі зардап шегеді, дейді ол.

 

Тиімді және тиімсіз тұстары

ЕРДО сарапшыларының айтуынша, фрилансер тұрақты қызметкер секілді ақылы еңбек демалысына шыға алмайды. Штаттан тыс істеймін деп «шөміштен қағылатыны» да осы тұс.

– Еркін жалақы алатын қызметкерлер көбінесе әлеуметтік қорғау жүйелерінен тыс қалып жатады. Мысалы, дәстүрлі жұ­мыс­пен қамту шеңберінде берілетін еңбек құқықтарында жыл сайынғы демалыстар, біліктілікті арттыруға және т.б. мүмкіндік аз, тіпті жоқ десе де болады, дейді ЕРДО Стратегия департаментінің директоры Ұлпан Шегенова.

Пандемия уақытында бір жылдай үйде жұмыс істеуге мәжбүр болдық, бір­­шама қиын тұстарын бастан кештік. Мәселен, жұмыс режімі 24/7 болды. Күні-түні жұмыс. Бұл ретте сарапшылар «ұтымды тайм-менеджмент және тапсырыс берушімен дұрыс жұмыс істеу уа­қы­тын нақтылау қажет», дейді.

Ал фрилансер болып жұмыс істейтін Ерлан Оспанның айтуынша, фрилан­сер­ліктің екі жағы да бар. Мәселен, ол фри­лансерде ғана еркіндік бар дегенге келіспейді.

– Қазіргі жас ерекшелігіме байланысты фриланс болған маған ыңғайлы. Бұрын мен тұрақты штатта мемлекеттің жұмысын істедім. IT саласына қатысты жұмыстармен қатар БАҚ саласында еңбек еттім. Бас редактор болып, километр-километр мәтін тексердік. Қазір бұл – маған қол емес. Сондықтан фрилансты таңдадым. Енді жастардың көбі неліктен осыны таңдады дегенге келсек, ұрпақтар са­бақтастығы жоқ. Жастарға мекеменің бас­­шылары жасы үлкен болған соң өктемдік танытады. Тапсырма береді, бұйырады. Оған жастар намыстануы мүм­кін. Бізде әлі де кейбір жерлерде ке­ңестік басқару жүйесінің сарқыны бар. Солдафонды қазір мен де көтере алмаймын, – дейді ол.

Оның пікірінше, фриланстың тиімсіз жағы – кепілдік жоқ. Бір айда көп тапсырыс алып, қалған екі айда қарап отыруы мүмкін. Фриланс нарығы толқымалы. Бұл жерде ұсыныс кейде күрт өседі. Енді бірде бір орынға 100 адам таласып қалуы мүмкін.

– Қазір фрилансер жай жұмысшыдан көп табуы мүмкін. Интернеттегі фриланс биржаларда шығады. Мысалы, Беларусь елінен Қазақстанға арналған бір та­уар шығарылып жатыр делік. Соның заттаңбасын, нұсқаулығын қазақ тілінде аудару керек. Мен 4 сағатта соны тып-типыл аударып, 400 мың алуым мүмкін. Ал менің әріптестерім ол ақшаны бір ай бойы шауып жүріп алады. Бірақ еркін жұмыста кепілдік жоқ, дейді Е.Оспан.

Ол бұрын басшы болып істеген маман ретінде фриланс кәсіпорындар мен фирмаларға пайдалы екенін алға тартады. «Цифрлану дегенді бізде электроника, смартфон, компьютерге байланыс­ты түсінеді. Бұл деген – нақтылыққа бейім­де­лу. Цифрлану дегеннің бір қыры – адам мүдделері мен талаптарының айқындалуы. Біз соны енді үйреніп ке­леміз», дейді ол.

Фрилансер болу үшін адам ең алдымен өз қабілеті жететін, әрі тиімді жұмысты таң­дай­ды. Осыған дейінгі жинаған тә­жі­рибеде фрилансерлік қызметіңіздің та­быс­ты болуына әсер етеді. Фриланс биржасындағы жұмыстар санатына копирайтинг, журналистика, интернет-жарнама, веб-мастер, графика, дизайн, иллюстрация, бағдарлама жасау, аударма жасау, менеджерлік жұмыс, интернет-консультант, сценарист және бұл санаттың ішінде сатылымға бейімделген шығарма жазатын жазушы да кіреді екен.

– Көбі мұны сән көреді. Сөйтіп, әлеу­меттік желіде жазып отырады: «Мен 20 жылымды босқа құртыппын, жеке кәсіпкер екенмін ғой» деп. Ондай адам­дардың қателесетін жері – олар алдың­ғы сарп еткіздім деген 20 жылы тәжіри­бе­ге кеткенін ұмытып кетеді. Сен қазір бірдеңені бес-ақ минутта жазып тастасаң, ол аспаннан түскен құдірет емес. Өмір жолындағы тәжірибеңмен келіп тұр. Егер сен сол 20 жылда ондай тәжірибеден өтпе­сең, өнімділікті, сапаны аспаннан ала сал­майсың, деп түйіндеді Е.Оспан.

 

Визионердің болжамы

Қазіргі цифрлы дәуірде фрилансерге сұраныс көп деп ойлаймыз, алайда ашық дерек көздерінің мәліметі керісінше екенін көрсетіп отыр. Мәселен, HeadHunter жұмыс іздеу мен қызметкер жалдау порталында фрилансерлер үшін 665, кеңсе қызметкерлері үшін 1 247 бос жұмыс орны ұсынылған. Бұған қоса Ұлттық статистика бюросының дерек­те­ріне сәйкес, биыл 6,9 млн тұрғын – жал­дамалы қызметкер, ал 2,1 млн адам – өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Ұлы­бри­таниялық «The Guardian» басылымы пандемия кезіндегі еңбек нарығын са­раптай келе, болашақта кеңсенің қажет­ті­лігі мейлінше азаяды деген тұжы­рым­ға ке­ліп­ті. «Пандемия адамдарға өз жұмыс уақыты құнды капитал екенін түсіндірді. Басылым 2030 жылға қарай АҚШ-тағы жұмысшылардың жартысына жуығы фрилансерлер болады деп болжап отыр. Ал жұмыс берушілердің үштен екісі қазіргі уақытта қашықтан жұмыс істеудің немесе гибридті жұмыс істеудің түрін (онлайн мен офлайнда қоса істеу) «жаңа норма» деп санайды. Көптеген компания өздерін «толығымен қашықтан жұмыс істейтіндер» деп жариялайды» делінген болжамда. Ал PwC Халықаралық консалтинг және аудит компаниясының болжамына қарағанда, фриланс жаһандық нарығының 2025 жылға дейінгі орташа жылдық өсу қарқыны – 16%, ал нарықтың өзі 6,54-тен 13,84 трлн долларға дейін өседі. Қазір «Google», «Microsoft» секілді ірі компаниялар еркін форматқа көше бас­тады. Өйткені олар жұмыс орнына қо­лайлы жағдай жасаған. Қызметкерге мін­­­детті түрде жұмысқа келу шарт емес. Ке­регі – белгіленген тапсырманы уақ­тылы орындау. Осы секілді шетел тә­жі­ри­бесі Қазақстан еңбек нарығына еніп ке­леді.

Қытай реформаторы Дың Шаупыңның бір тәмсілі бар ғой: «Мысық ақ па, қара ма, бәрібір, тышқан алса болды» деген. Бұл қағида еңбек нарығына қаншалықты әділ қиысатынын кім білсін, әйтеуір кім қай бағытта жұмыс істесе де, екі қолға бір күрек тауып, тұрмысынан таршылық көрмесе болғаны...