Алаш тарихының Батыс елдеріндегі зерттелу тарихына үңіліп, жіті зерттеп жүргеніме біраз уақыт болды. Батыста жарық көрген көптеген еңбектерде Алаш қозғалысының тарихы, ұлт-азаттық қозғалысының негізін салған көшбасшылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды зиялылар туралы дерек, мәліметтер жазылған. Батыс елдерінде жазылған, зерттелген Алаш тарихына, жетекшілері мен мұраларына қатысты еңбектер Қазақстандағы әріптестерімнің және Алаш тарихына көңіл бөлетін жұртшылықтың да қызығушылығын тудырар деген оймен, қолымдағы мәліметтермен бөлісуді жөн санадым.
Аталған тақырып аясындағы ізденісімнің нәтижесінде тағы тың мағлұматтарға қол жеткіздім. Жуықта тапқан екі дерек мені 1929 және 1937 жылдарына дейін апарды. Бұл мақаламда осы екі дерекке тоқталмақпын.
Бұлардың алғашқысы – Алманиядан (Германиядан) табылған 1929 жылы жазылған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына байланысты дерек. Германияда құрылған Шығыс халықтарын зерттеу қоғамы кітапханасы қорына 1929 жылының ақпан-мамыр айларында қосылған жаңа кітаптар нұсқаулығы («Zugangsverzeichnis der Bibliothek der D. M. G. Februar bis Mai 1929») Zeitschrift der Deutschen Morgenländischen Gesellschaft атты Неміс Шығыс қоғамы журналының 2-санында жарияланған мәлімет. Бұл каталогқа енген жаңа кітаптардың арасында «Түрік халықтары» деген тақырыпша берілген. Осы тізімдегі кітаптар арасында Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі екі кітап бар. Бұл кітаптардың алғашқысы – Ахмет (Ақымет) Байтұрсынұлының 1924 жылы Орынборда басылған «Тіл-құрал» атты қазақ тілінің грамматикасына қатысты еңбегі. Екінші кітап болса, 1925 жылы Орынборда басылған Ақымет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлының 412 беттік «Оқу құралы. 3-4 жылдарда оқылатын кітаб» (орфография сақталды – ГҚЕ) атты еңбегі. Бұл каталогтің маңыздылығы – ұлт ұстазының басына іс түсіп, Сібірге жер аударылған 1929 жылы жазылуы. Дәл осы жылдары Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектерінің КСРО шекарасынан тысқары жерлерге таралғаны және Германиядағы шығыстану тұрғысынан аса маңызды кітапхананың қорына енгені өте қызық оқиға.
Ал 1937 жылғы Батыс Еуропада жазылған Алаш туралы мағлұматқа келетін болсақ, Йоханнес Бенцинг (1913-2001) деген неміс ғалымының Die Welt des Islams (Ислам әлемі) журналында жарияланған Түркістан халықтарының тәуелсіздік күресі («Das turkestanische Volk im Kampf um seine Selbständigkeit») атты мақаласы. Ақиқатында, бұл Батыстағы алғашқы зерттеулердің бірі деп санауға болатын тарихи маңызы зор, құнды еңбек. Осы мақалада автор Абылай хан, Кенесары сынды мемлекет қайраткерлерінің тәуелсіздік күресіндегі рөлі туралы да сөз қозғайды. Мақаласында алдымен патшалық Ресей дәуіріне, сосын ХІХ ғасырдағы саяси ұлт-азаттық күрестерге тоқталады, содан кейін түркі халықтарындағы ішкі өзгерістерге, қоғамдағы модернизация үдерістеріне, ХХ ғасырдың басындағы баспасөзге және зиялылардың халықты ояту үрдісіне көңіл аударады. 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына ерекше назар аударып, жалпы Түркістан халықтарындағы бұл қозғалысқа баға береді. Мақалада автор ХХ ғасырда орын алған оқиғаларға, Алаш қозғалысы мен оның көшбасшысы зиялыларының саяси қызметі мен зерттеулеріне де тоқталып, талдау жасаған.
Зерттеуші Йоханнес Бенцинг: «1916 жылдың көктемінде-ақ патша үкіметі осы уақытқа дейін әскери қызметтен босатылып келген халықтарды әскерге шақыруды жоспарлап отыр деген қауесет тарайды. Бұл мәселе 1916 жылғы 25 наурызда Мемлекеттік Думаның жасырын отырысында талқыланған деседі. Бірақ қазақтардың жаяу әскерге немесе атты әскерге қосылуы туралы мәселе «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 25 қаңтардағы санында талқыланғанына қарағанда, бұл іс одан да ертерек жоспарланған сияқты. Бұл жөнінде мағлұмат алу үшін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Н.Бейімбет 3 ақпанда Петерборға барып, әскери министр Поливановқа жолықты» деп жазады. Еңбектің тағы бір жерінде мынадай пікір білдіреді: «Алаш қайраткерлері... қазақтардың әскери қызмет атқаруын, еуропалық қару-жарақ пен ұрыс әдістерін білулерінің өте маңызды екенін білді... Наурыздың 9-ы күні қазақтардың әскери қызмет атқарса елге пайдалы болатынын, 8 сәуірде болса бұл мәселені тез арада шешу керектігін жазды». Зерттеуші қолына жеткен материалдарды игере отырып, Батыс Еуропаның ғылыми қауымына өзінің тұжырымын білдіріп, патшалық Ресей отарлауындағы Түркістан халықтарының өміріне баға берген. Сонымен қатар мақалада патшаның соғысқа алу туралы жарлығына қарсы жазда көтеріліс толқынының бірте-бірте жайыла бастағаны жайында айтылады. Осыдан кейін «1916 жылы 30 тамызда Байтұрсынұлы мен Бөкейхан Орынборда Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу облыстарының «Алаш Орда» өкілдерінің конференциясын шақырып, ахуалды және қабылданатын шараларды талқылаған болатын», деп жазыпты.
Бір қызығы, Бенцинг 1916 жылғы оқиғаларда да «Алаш Орда» терминін қолданады. Бұған қоса мақалада Алаш қозғалысы, оның басылымдары, зиялы қауым өкілдерінің есімдері жиі аталған. 1937 жылы Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы сынды қазақтың біртуар азаматтары ату жазасына кесілген еді. Тура сол уақытта Германияда шыққан ғылыми мақалада олардың есімдері аталып, күрестерінің талдануы да аса ерекше маңызға ие деп ойлаймын. Кеңестік билік Алаш арыстарының атын, мұрасын ұмыттыруға тырысқанымен, шетелдерде олар туралы алғашқы әрі көлемді зерттеулер жазылып, ғылыми зерттеу нысанына айналып кеткен еді. Міне, содан бері Алаш қозғалысы, саяси күрес жетекшілерінің өмір жолы, шығармашылық ғылыми мұрасы мен пассионарлығы, Алаш идеясы – Батыс ғылымының тарих, саясаттану, әлеуметтану, тіл білімі, әдебиеттану, журналистика, т.б. салаларында әлі күнге дейін жан-жақты зерттеліп келеді. «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды» деген осы болса керек.
Осы орайда, зерттеуші Йоханнес Бенцингтің бұл мәселелерге қалайша қанық болғаны да қызығушылық тудырады. Бенцинг Берлинде тұратын түркістандықтармен (ортаазиялықтармен) және Еділ-Жайық өңірінен келген татар оқығандарымен танысып, олармен тығыз ғылыми және достық қарым-қатынас орнатқан. Сонымен қатар олардан түркі халықтарының тілін, мәдениетін, фольклорын үйренген. Осы достарының арасында белгілі татар зиялысы Аяз Исхакидің қызы, атақты түрколог ғалым Саадет Исхаки Чағатайдан татар тілін үйреніпті. Бенцинг жоғарыда аталған мақаласын Берлин университетінде тәлім алып жүрген кезінде жазған, бұл оның алғашқы ғылыми мақаласы. Неміс ғалымы 1939 жылы докторлық диссертациясын тәмамдап, кейін атақты түрколог және дипломат болған. Кезінде Йоханнес Бенцингдей танымал түркологтің докторанты болған профессор Невзат Гөзайдын (2001) мен ғалымның жақын танысы әрі әріптесі болған Нұри Йүже (2020) Бенцинг туралы құнды естеліктер мен өмірбаяндық сипаттағы шолу мақала жазған болатын.
Қорыта келгенде, 1929 жылы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектерінің Германиядағы кітапханаға алынуы және 1937 жылы Йоханнес Бенцингтей танымал түрколог ғалымның мақаласында Алаш қозғалысы мен Алаш зиялыларының күресі туралы айрықша аталуы, ғылыми талдау жасалуы – ұлт тарихы үшін аса маңызды дерек. Бұл – Алаш зиялыларының және олардың саяси күресі мен модернизациялық қозғалысының әлемдік деңгейде танылғандығының тағы бір айғағы.
Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА-ЕРДЖИЛАСУН,
тарих ғылымдарының докторы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры
Анкара, Түркия