Күллі әлемге танымал WorldSkills қозғалысы Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Жақында жетісулық 3 колледждің базасында WorldSkills стандарттарын енгізу бағытында 6 құзыреттілік орталық құрылды. Мұндай жаңаша оқу үдерісі заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға көмектеседі.
WorldSkills – жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды жастар арасында танымал етуге бағытталған халықаралық қозғалыс. Қазақстан жұмысшы мамандарды даярлау саласындағы үздік практикалардың бенчмаркингі үшін бұл қозғалысты одан әрі дамытатын болады.
Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жуырда Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің базасында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша аспаздықта оқитын өңір колледждерінің студенттері үшін 8 күндік облыстық тағылымдама ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі 7 колледжден 40-қа жуық студент пен оқытушы қатысқан.
Теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын тағылымдамадан Көксу политехникалық, Алакөл гуманитарлық-техникалық, Сарқан политехникалық, Текелі кәсіптік, Бастөбе сервистік-техникалық, Жаркент көпсалалы, Ақсу политехникалық колледждерінің 34 студенті мен оқытушысы өткен. Олар аспаз мамандығын оқып жүрген білімгерлер мен осы мамандық бойынша білім беретін өндірістік оқытудың шеберлері. Бұл ретте тағылымдаманың теориялық бөлігі онлайн-режімде, ал практикалық бөлігі Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің құзыреттілік орталығының шеберханаларында ұйымдастырылды. Сабақтарды жергілікті педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері өткізді.
Тағылымдаманы ұйымдастырудағы басты мақсат – заманауи үрдістерді ескере отырып, тамақ дайындау тәжірибесін қалыптастыру. Бұл ретте негізінен жеке тұлғаны, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға, кәсіптік білім беру сапасы мен жас әрі болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға екпін түсіріліп отыр.
Іс-шара аясында білімгерлер жеңсік тағамдарды, түрлі соустарды, балықтан жасалатын ас-ауқаттарды қалай әзірлейтінін үйренді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру саласында қолданылатын кәсіби лексиканы қолдану дағдыларын жетілдірумен айналысты.
Дайындалған тағамның массасын көрсете отырып, олардың технологиялық карталарын жасады. Оқыту мен оның нәтижелерін бағалаудың үдерісі толығымен WorldSkills стандарттарына негізделгенін атап өту керек. Тағылымдама аяқталғаннан кейін барлық қатысушыға құзырет орталықтарынан сертификат берілді.
– 23 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Талдықорғанда «Аспаздық іс» құзыреттілігі бойынша тағылымдама өтті. Біздің оқыту және практикалық сабақтарымыз WorldSkills чемпионатының стандарттары мен тапсырмаларына сәйкес өткізілді. Маған шеберханалардың орналасу реті, жаңа жабдықтармен жұмыс істеу, заманауи аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеру қатты ұнады. Жалпы, оқыту атмосферасы ерекше әсер етті. Сабақтар шын мәнінде қызықты әрі пайдалы, ең бастысы жаңа тәсілдерді енгізе отырып өткізілді, – дейді Көксу политехникалық колледжінің ІІІ курс студенті Маржан Темірхан.
Мұғалімдер де дән риза. Солардың бірі Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Роман Мишениннің пікірінше, мұндай тәжірибе алмасулар заманауи құрал-жабдықтар мен технологияларға қолы үнемі жете бермейтін шалғай аудандарда орналасқан оқу орындары үшін аса маңызды әрі олардағы оқу үдерісін жаңартуға ықпал етеді.
Алдағы уақытта әртүрлі бағыт бойынша түрлі нысандар мен әдістемелерді пайдалана отырып, осындай тағылымдамалар құзырет орталықтарында үнемі өткізіліп тұрады. Мысалы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің құзыреттілік орталығы базасында ІТ-технологиялар, құрылыс саласы бағыттарында, ал Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында «Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.
Жетісу облысы