Түн ұйқысын төрт бөліп, әлди айтқан анасын, я болмаса, асқар тау әкесін қарттар үйіне қалай ғана қияды деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, тас қабырғаға ата-анасын тасжүректіктен ғана емес, амалсыздан да өткізетіндер бар екен. Бұған жақында Самар ауылындағы қарттар үйіндегі қариялардың халін сұрай барғанда көз жеткіздік.
Дей тұрғанмен, төрімізде отыратын қазынамыздың қарттар үйін сағалап жүргенін көру оңай емес. Бауыр ет баланың құрметін, аталап мойынға асылған немеренің тәтті қылығын көрмесе, несі қарттық? Жоқ, қарттар үйіндегі қамқорлық үйдегіден артық болмаса, кем емес екен. Жылы бөлме, дәмді ас, киер киім... Уақыттары да қызықты өтетін көрінеді. Бірақ жанұяның жылулығы жоқ. Самар аудандық қарттар үйінде 155 қария тұрады. Оның жүзі ер адам болса, 55-і – әйел.
– Бізде 47 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 13-і бірінші топтағы мүгедек болса, қалғаны – екінші топта. Ал мекемеде 122 қызметкер бар. Арнайы дәрігерлер жұмыс істейді. Медициналық көмек қажет болған жағдайда үнемі қасымыздан табылады, – дейді қарттар үйінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Жанна Серікқалиқызы.
Оның айтуынша, мұнда келген қариялардың тағдыры сан түрлі. Кейбірі қараусыз қалса, енді бірінің мүмкіндігі шектеулі. Балалары шетел асып, ата-анасын қарттар үйіне тастағандар да бар. Араларында балалары жоқ қариялар да бар. Олар өздеріне мүлдем қарай алмайтындықтан, осында келуге мәжбүр болған. Айта кетерлігі, мұнда қарттарды ғана емес, қараусыз қалған кез келген жастағы азаматтарды да алып келеді екен. Тиісті құжаттары сай келсе, қабылдайды. Қарттар үйіндегі жасы ең үлкен тұрғын 101-де екен. Демек күтім бар, шынайы қамқорлықта. Қызметкерлер қарияларға туған баласындай қарап отыр.
– Қариялар күтімде. Бірақ ауырып-сырқамай тұрмайды. Қолымыздан келген емдік шараларды жасап жатырмыз. Барлық құжатты жіті қадағалаймыз, яғни арнайы портал арқылы қабылдаймыз. Осында келген соң оларға бөлме береміз, сонымен қатар мереке сайын концерт ұйымдастырамыз. Жаз айларында бақшаға көкөністер егіп, өз үйлерінде жүргендей жұмыс істейді. Зейнетақысының 30%-ын өздері алады. Қалғаны автоматты түрде арнайы есепшотқа түсіп, өздерінің тұрмыстық керек-жарағына жұмсалады, – дейді Ж.Серікқалиқызы.
Қарттардың арасында өнерге жақындары да бар. Бос уақытында ән салып, би билейді. Өз араларында дойбы, шахмат ойнайды. Тіпті суретші мен ағаш шеберлері де бар. Мамандардың айтуынша, қарттар үйіне 18 жасында келген азаматтар да бар. Әрине, мүмкіндігі шектеулі болған соң ғана қарттар үйін паналайды. Ал қариялардың арасында 1998 жылдан бастап тұратындары да бар. Бәрі бір-бірімен туысындай араласады.
– Бізге кейінгі жылдары қараусыз қалған мүмкіндігі шектеулі жастар келіп жатыр. Мұнда тек аудан бойынша ғана емес, облыс бойынша да келе береді. Іштеріндегі ең жасы – 37 жаста. Барлығына қамқорлық жасап, көңілін жұбатуға тырысамыз, – дейді Ж.Серікқалиқызы.
Айта кетсек, аудандағы қарттар үйі 1991 жылы салынған. Үш корпусы бар. Мұндағы қариялар да қызметкерлердің жұмысына дән риза.
– Бұл жер біздің үйіміздей болып кетті. Қызметкерлері өзіміздің баламыз сияқты, ауырсақ жанашырлық танытып, көмек көрсетеді. Кейде отырып сырласамыз. Осында тұрып жатқаныма біраз болды. Барлық жағдайымыз жасалған. Мерекелерде ұлан-асыр той болады. Ән айтып, би билейміз. Өнер адамдары өте көп. Күніміз жақсы өтеді. Арасында сыртта серуендеп келеміз. Осы орайда басшылыққа және қызметкерлерге алғыс айтқым келеді. Бұл мекеме болмаса, біз қайда барар едік, дейді қарттар үйінің тұрғыны Надежда Черниченко.
Қарттар үйінде тағдырлары тоғысқан жандар да бар. Көңілдері жарасқан қариялар қайта бас құрап жатады екен.
– 16 жасымда ата-анаммен бірге Самардан Семейге қоныс аудардық. Сол жақта үлкен кісілер дүние салды. Елу жылдан кейін қайта осында келемін деп ойламадым. Қазір осы қарттар үйінде тұрып жатырмын. Бір ұл, бір қызым бар. Қызым – Тәжікстанда, ұлым – Семейде. Жас күнімде қара жұмыстың бәрін істедім. Кейін денсаулығым нашарлады. Осында келгеннен кейін осы кісімен танысып, ұнатып бас құрдық. Адамға бәрібір серік керек қой, дейді жанындағы жарын құшағына қысқан Баймұқанбет Қожантаев.
Аудандағы қарттар үйінің жай-күйі – осы. Қарттар үйі дейміз, отыздың ішіндегі жастардың көбейіп бара жатқанына қарап, қарттар үйі емес, «қамқорлық үйі» дегің келеді екен...
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы