• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2023

Зейнеткерлерге көрсетілетін қызмет

339 рет
көрсетілді

Қарияларға құрмет көрсетіп, көңілін аулап, ризашылығына бөлену – ізгі қоғамның бір құндылығы. Бұл ретте зейнет жасындағы қарт кісілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың түрі көп. Осы бағыттағы іс-шаралар жөнінде Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова кеңінен айтып берді.

Спикер алға тартқан мә­лі­­мет­тер бойынша, жасы ке­ліп зейнетке шыққан аза­мат­тар мемлекет тарапынан жол­ға қойылған жүйелі қыз­мет­терді пайдалана алады. Атап айтқанда, елорда зейнет­кер­лерінің жылына бір рет Щучинск-Бурабай курорт­тық аумағында, Қатар­көл көлі­нің жағасында орналасқан Қарт­тар мен мүгедектерге және мү­ге­дек балаларға арналған оңалту орталығында демалуы­на әрі емделуіне жан-жақты жағдай жасалған. Жасы бо­йынша зейнеткерлер жолдама құнының 25%-ын және ең төмен мөлшердегі зейнетақы ала­тындар 18%-ын ғана төлеу­ге болады. Ал Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагерлеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға тегін.

– Стоматологиялық протездеу қызметі екі жылда бір рет көрсетіледі. Биыл Астана қа­ласында тіс протездеуге және ауыз қуысының протезіне дейінгі санитарлық тазалауға 3 мың орын бөлінді. Қазіргі уақытта тіс протездеу және санитарлық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Одан кейін мемлекеттік сатып алу өткізіледі. Нәтижесінде, қызмет көрсетушімен, стоматологиямен шарт жасалады. Одан әрі БАҚ арқылы қала тұрғындары екі жылда бір рет берілетін тіс протездеуіне жазылу уақыты мен орны туралы құлақтандырылады, деді А.Таласова.

Сонымен қатар аталған бас­қарма өкілінің айтуынша, Қарт­тар күніне орай (1 қазанда) 2,5 АЕК көлемінде бір реттік ақ­шалай төлемдер беріледі. Бұған қоса қатты отынды сатып алу бойынша әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы төрт ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын, отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда пешпен жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалға алушысы) немесе иесінің отба­сы мүшелері болып келетін зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, әлеу­­меттік мәні бар ауруларға шал­дыққандарға, көпбалалы аналарға және көп­балалы отбасыларға, же­тім балаларға, ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған ба­лаларға, балалар үй­ле­рі­нің түлектеріне көрсе­ті­леді. Өтемақы 16 АЕК кө­ле­мінде жылу мерзіміне тө­ле­неді. Сондай-ақ тұрғын үйді газдандыруға берілетін бір­жолғы әлеуметтік көмек те осындай. Газ қазандығын салу және монтаждау бойынша шығындарды өтеу – 130 АЕК-тен аспайтын сомада.

– Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бір реттік әлеуметтік көмек мүгедектігі бар тұлғаларға көрсетіледі. Ал дәрі-дәрмек сатып алу және медициналық қызметтерді алу шығындарын жабуға ар­налған төлем жылына бір рет ақшалай 13 АЕК көлемінде беріледі. Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік көмек ақшалай төлем түрінде мына көлемде ұсынылады: жалғыз тұрғын үйге елеулі зиян келтірілген, бүлінген, жо­йылған жағдайда отбасына – 400 АЕК; отбасы мүшелері қайтыс болғанда, қаза болғанда – 150 АЕК. Сондай-ақ елорда­да тұрақты тұратын және тұрғын үйдің меншік иелері болып саналатын аз қамтылған отба­сы­лар­ға, коммуналдық тө­леуге жұмсалатын шы­­ғын­­­дар­дың жиынтық табысынан 5% асатын отбасына бе­рі­летін «тұрғын үй көмегін тағайындау» мемлекеттік қыз­ме­ті көрсетіледі. Бұл төлем­нің орташа көлемі – айына 25 мың теңгеге дейін, деді А.Таласова.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамға, отбасына орташа табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Бұл ретте Астана қа­ласында 2023 жылдың 1-тоқ­са­нын­да кедейшілік шегі 35 265 теңгені құрағанын айта кеткен жөн. Бұған қоса елордада зейнеткерлер үшін жолаушылар көлігі маршруттарында тегін жүру қарастырылған.