• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Ақпан, 2023

Ауқымды жобадан үміткерлер

228 рет
көрсетілді

Өткен жұмада Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шығыс Қазақстан облысына барып, онда кәсіпкерлермен, қауымдастықтармен, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ облыс аудандарында фермалар мен шаруа қожалықтарын аралады, Ауқымды жоба (Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі бойынша фермалар салу үшін жеңілдікпен қаржыландыру) пулына енгізу үшін үміткер жобалармен танысты.

Шығыс Қазақстан облы­сы дамыған өнеркәсібі мен өсім­дік шаруашылығымен танымал. Табиғат байлығы мол, егіс алқап­тары шексіз өңірдің ауыл шаруа­шылығын өркендетуге мүмкіндігі зор. Биыл өңірде кросс-док, көкө­ніс қоймалары, қонақүй, асхана, вете­ринарлық зертхана және ке­ден­дік бақылау орны бар қуатты хабты пайдалануға беру жоспарлануда. Бірінші кезеңде, осы жылдың тамыз айында «Алтай» көтерме-тарату орталығы үшін әрқайсысы 10 мың шаршы метрді құрайтын екі көкөніс қоймасын іске қосу көзделген. КТО директоры Жан­болат Казановтың айтуын­ша, нысанның 80%-ы дайын. Екінші кезеңде, 2024 жылы ет, балық, сүт, бал орау нысандары, тәулігіне бір тонна нан өндіретін наубайхана салынады. ШҚО әкімі Даниал Ахметов кәсіпорынның әлемдік стандартқа сай сападағы балды сатып алып, экспортқа жіберуді жос­парлап отырғанын атап өтті.

Өскеменде Серік Жұманғарин ірі сауда желісінің супермаркетін аралап, оның бағасымен танысып, ұсынылған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сапасы мен ассортиментіне баса назар аударды. Сонымен қатар ол Глубокое ауданының Предгорное ауылында болды, онда өткен жылы «Altyn Shyghys» ЖШС өсімдік майларын өндіру зауытын – күнбағыс, рапс, зығыр, мақсары және соя зауыты техникалық іске қосу жүзеге асырылды. 2022 жылы кәсіпорын 58 мың тонна май өндірді. Алдағы жылдары терең өңдеу жабдықтарын, тазарту цехын қою жоспарланып отыр. Оны 2026 жылы іске қосу көзделген. Кәсіпорын директоры Ербол Әбдіқалықовтың айтуынша, қуаттылығы тәулігіне 500 тоннаға дейін жететін тазартуды іске қосқаннан кейін Қазақстан елімізде өндірілген тазартылған күнбағыс майымен толық қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин зауытта ауыл шаруашылығы өндіру­шілерінің проблемалық мәсе­ле­лерін тыңдады. «Вертекс Восток» ЖШС жарма өңдеу кәсіпор­нының директоры Евгений Касат­кин қарақұмықты қайта өңдеуді қолдау мүмкіндігі туралы мәселені көтерді.

«ШҚО мен Павлодар облысында қарақұмық дәнінің жетіспеуіне байланысты шаруа қожалықтары төрт жыл бойы осы дақылдың егістік алқаптарын аз егіп келеді. Шаруаларда шикі­зат бар, бірақ қазір оның бағасы төмендеп кетті, олардың өткен маусымға қарағанда төмен бағамен сат­қысы келмейді. Соның сал­дары­­нан кәсіпорындарымыз тоқ­тап, шығынға батып отыр. Біздің нарыққа арзан жарма жет­кізетін көрші елдің ықпалы зор. Бәсекелестік үшін шикізатты арзан сатып алуымыз керек. Импорт пен логистикаға қосылған құн салығына байланысты қарақұмық шикізаты қымбатқа түседі және бәсекеге қабілетті емес. Егер біз импортқа қосылған құн салығынан біраз уақытқа босатылатын болсақ, онда шикізат сатып алып, жұмыс істей алар едік. Дайын өнім бағасы бойынша бәсекеге қабілетті болар еді», деп атап өтті ол.

«Астана Бизнес» агрохол­дингінің бас директоры Фарид Аби­таев күнбағыс тұқымын іріктеу­мен және өндірумен айналысады.

«Күнбағысқа экспорттық баж салығы енгізілгеннен кейін селек­циялық тұқымдар тауарлық күн­бағыспен СЭҚ ТН (сыртқы эконо­микалық қызметтің тауар номенклатурасы) бір кодына түсті. Бірақ олар іс жүзінде тауарлық өнім болып саналмайды. Біздің кәсіп­орын – елімізде күнба­ғыс тұ­қымын өндіруге маман­данған жал­ғыз кәсіпорын. 10 жыл ішін­де тұ­қым сатылымы 15 есе өс­ті. Ал­ғашқы жылдардан Ресей Федера­циясына тұқым экспортта­дық, ал биыл Германияға бірінші пар­тия жөнелтілді. Селекциялық тұқым­ды бажсыз экспорттау мүм­кін­дігін жеке кодқа енгізуге бола ма, соны сұрағым келеді», – деді кәсіпкер.

Серік Жұманғарин кездесуде көтерілген барлық мәселені зерделеп, пысықтауға тапсырма беретінін айтты.

Вице-премьер Шемонаиха ауданының «Рулиха» тауар-сүт фермасында СҚО-ның АӨК-тегі ірі инвестициялық жобалар­ды қаржыландыру бойынша тәжі­рибесін қайталау аясында болашақ жеңілдікпен қаржылан­дыру үшін облыс пулына үміткер жобалармен танысты. Бұл – өңірде әлі салынбаған жұмыртқа шығаратын құс фабрикасының, сүт-тауарлы фермалардың, сауын сиырлардың аналық малын шығаратын кәсіпорындардың, суару жобалары мен көкөніс қоймасының құрылысы. Өз кезегінде Серік Жұманғарин алда­ғы үлкен жобаның басты мақ­саты – елімізде негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортты толық алмастыруды қамтамасыз ету екенін тағы да атап өтті.

 

Шығыс Қазақстан облысы