• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Ақпан, 2023

БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқыды

333 рет
көрсетілді

БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі алдағы уақытта еліміздегі мемлекеттік институттарды нығайту, адам құқықтарын қорғау мәселелеріне баса назар аударады. Бұл туралы БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори «БҰҰ-ның Қазақстандағы Елдік командасының қызметіне шолу: негізгі бағыттары мен даму перспективалары» тақырыбында дәріс оқыды. Академияның магистранттары мен докторанттарына, қызметкерлеріне еліміздің тұрақты даму саласындағы күш-жігері және оның халықаралық аренадағы рөлі туралы айтып берді. Микаэла Фриберг-Стори ханымның айтуынша, БҰҰ Қазақстан Үкіметімен, азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, басты назар аударатын үш негізгі бағытты айқындағанын айтты.

«Біріншіден, әрбір жеке тұлғаның болашағы үшін қажетті білім алуға, дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасауға басты назар аударамыз. Бұған білім берумен қатар, кәсіпкер әйелдерді оқыту мәселесі де кіреді. Екіншіден, мемлекеттік институттарды нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға баса назар аудару маңызды. Түйткілді мәселелерін шешуде адамдардың мемлекеттік қызметкерлермен дұрыс байланыс орнатуы да маңызды мәселе. Сонымен қатар түрлі мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың кәсіби деңгейін арттыру – басты бағытымыздың бірі. Үшіншіден, тұрақты экономикалық өсім мен климаттың өзгеруі мәселелерін шешуге қолдау көрсетеміз», деп түсіндірді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі.

Мемлекеттік қызметшілермен кездесуге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Академия Дипломатия институтының директоры Алексей Волков, БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің өкілдері: RCO Kazakhstan тобының жетекшісі Куртмолла Абдулганиев, RCO Kazakhstan серіктестік қарым-қатынасты дамыту жөніндегі координаторы Дина Хасенова қатысты.