• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Тұлға 21 Ақпан, 2023

Әбдімәлік Нысанбайұлы НЫСАНБАЕВ

402 рет
көрсетілді

2023 жылғы 21 ақпанда 86 жасқа қараған шағында Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаев бақилыққа озды.

Әбдімәлік Нысанбайұлы 1937 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. 1960 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетін бітірген. 1960-1961 жылдары КСРО Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтында аға лаборант, 1961-1976 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылым философиясы және методология­сы бөлімінің меңгерушісі болды. 1990 жылдан 2010 жылға дейін Философия және құқық институтының (қазіргі Философия және саясаттану институты) директоры болып еңбек етті. Сонымен қатар 1997-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы қызметін қоса атқарды.

Ә.Нысанбаевтың негізгі зерттеу ең­бектері диалектика және таным тео­риясы, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану және мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ол ғылыми мектеп қалыптастырып, көптеген ғылым докторы мен кандидатын даярлады. Ә.Нысанбаев 570-тен астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдіс­темелік еңбек, соның ішінде 30 мо­но­графия, жеке кітаптар мен оқу құ­рал­дарын жаз­ған. Бірқатар еңбегі 25 шет тілінде жарық көрген. Философия, мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану ғылымдары бойынша 65 ғылым докторын, 100-ден астам ғылым кандидатын білікті маман ретінде даярлады.

Ғылымдағы еңбегі үшін Қазақстан­ның және Түркияның Мемлекеттік сыйлықтарын, Қазақстан Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сый­лығын алды. «Отан», «Парасат» орден­дерімен және бірнеше медальмен мара­пат­талған. 2005 жылы «Философ Ны­сан­баев» атты деректі фильм жарық көрді.

Әбдімәлік Нысанбайұлы ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның байырғы авторы әрі тұрақты оқырманы болғанын да еске сала кетейік. Оның басылым бетінде жарияланған мақалалары оқыр­­манның рухани дүниесін байыта түскені анық. Сондықтан газет ұжы­мы мен оқырмандарының атынан ака­демиктің отбасына, туыстары мен жа­қындарына, жалпы еліміздің ғылыми қауымдастығына орны толмас қайғыға ортақтасып көңіл айтамыз.

 

«Egemen Qazaqstan» ұжымы

 

 

Есімі ел жадынан өшпек емес

Әбдімәлік Нысанбайұлының шә­кірт­тері ғылымның түрлі саласында олжа салып жүр. Олар диалектика, он­то­логия, таным теориясы, филосо­фия­­лық антропология, аксиология са­лала­рының іргелі мәселелерімен айна­лысады.

Ғалымның ғылыммен айналысуы­на жеңгеміз Зейнеш Әшенқызының сіңірген үлесі зор. Ол Әбекеңе жақсы жар, өмірлік серік бола білді. Зейнеш жеңгеміз де ғылым саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Химия ғылымдарының кандидаты атанды.

Жалпы, Нысанбаевтар – ғылым мен білім жолына түскен әулет. Ұлы Назар – заң ғылымдарының кандидаты, қызы Динара – философия ғылымдарының кандидаты. Немерелері де ғылым мен білім жолынан алыстаған жоқ. Шыңғысханы экономика саласы бойынша ғылым кандидаты атанды. Данияры Қазақ гуманитарлық-заң университетін үздік тәмамдады. Айжаны – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Қазір ғылыми-зерттеу саласында қызмет атқарады.

Ғылым мен білімге ден қойған ша­ңы­рақтың иесі Әбекең саналы ғұмы­­рында зиялы ұрпақ тәрбиелеу арқы­­лы да ел ғылымына айтарлықтай үлес қосты. Осының өзі көңілге медеу емес пе! Жолын жалғар ұл-қызы, неме­релері мен шәкірттері барда Әбді­мәлік Нысанбайұлының есімі мен еңбегі ел жадынан өшпек емес.

 

Үлес НЫСАНБЕК,

Философия, саясаттану және дінтану институты

бас директорының орынбасары

 

 

Үлгі тұтар қыры көп

Философия ғылымдарының көрнекті өкілі Әбдімәлік Нысанбаевтың өмір жолы кеңестік кезеңде ғұмыр кешкен зиялы қауым өкілдерімен ұқсас. Сыр бойындағы қазақы ауылда туып, жер­гілікті университетті бітірді. Алма­тыға келіп, Ғылым академиясына қыз­метке орналасты. Мәскеуде кандидат­тық, докторлық диссертациясын қорғады. 37 жасында ғылым докторы атанды.

Әбдімәлік ағамыздың қазақ ғылымы мен руханиятына қосқан үлесі дегенде, Философия институтынан қазақ философиясы бөлімін ашқанын айтар едім. Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз ұзақ жылдар рухани дағдарысты басынан кешіргенін ескерсек, мұндай бөлімнің ашылуы ауадай қажет еді. Осыны Әбдімәлік ағамыз жүзеге асырды. Содан кейін философия ғылымы саласында алғаш рет қазақ тілінде ғылыми диссертация қорғауға бастамашы болды.

Жаңа ғасырдың басында руханиятқа жаңа сілкініс әкелген «Мәдени мұра» бағдарламасын әзірлеуге атсалысты. Аталған бағдарлама аясында Қазақ философиясы тарихының 20 томдығын әзірлеп, әлемдік философияның ең таң­даулы деген 20 томын қазақ тіліне аударуға мұрындық болды. Сонымен қатар Әл-Фараби бабамыздың бұрын жарық көрмеген он томдығын аударуға қатысты. Шетелдегі қазақ диаспорасын зерттеуге де үлесін тигізді.

Әбдімәлік Нысанбайұлы саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына, өркендеуіне арнады. Оның ғылым жолындағы шәкірттері көп. Соның бірі екенімді мақтан тұтамын. Оның шетелден келіп, диссертация қорғаған шәкірттері де баршылық. Осының бәрі ғалымның шығармашылық жолдағы белсенділігін, қажырлығын көрсетеді. Айта берсе, академиктің жас ұрпақ үлгі тұтар қыры көп.

Бақұл болыңыз, аяулы аға!

 

Серік НҰРМҰРАТОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Ғаламға құлаш сермеген

Академик Әбдімәлік Нысанбай­ұлының ғылым кеңістігіндегі жарты ғасырлық үздіксіз ізденістері мен ақиқатқа деген ұмтылыстары қиындық пен қызыққа толы еді. Ғылыми қыз­меттің төменгі сатыларынан институт директоры дәрежесіне дейінгі жолдан өтті.

Ол кездегі ғылым саласындағы дис­сертациялық қорғау қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда күрделі еді. Әбекең сол жолдан сүрінбей, нағыз ғылым иесі екенін дәлелдеді. Үздіксіз ғылыми ізденіс жасаудың қыр-сырын меңгеріп, ондаған монография мен жүздеген мақала жазды. Олардың ең таң­даулысы әлемнің жиырмадан астам тілінде жарық көрді. Бұл оның қазақ жеріндегі философиялық ойлау мәдениетінің өркендеуіне, Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі орнықты дамуына, өзінің рухани тәуелсіздігін нығайта түсуіне қосқан үлесі еді.

Ғалымның мақалалары Ресейдегі, АҚШ-тағы, Түркия мен Қытайдағы беделді журналдарда жиі жарияланып тұрды. Осылайша, ол қазақ философиясы мен саясаттану саласын әлем кеңістігінде кеңінен насихаттады. Ғылым саласындағы шығармашылығын шетелдіктер де лайықты бағалады. Мәселен, 2005 жылы Анкарада «Түркі әлемі» сыйлығының иегері атануы со­ның дәлелі.

Академик Әбдімәлік Нысанбайұлы көрнекті ғалым ретінде халқымыздың жүрегінде ұзақ сақталары анық.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының

бас сарапшысы