Қазіргі кезде Жамбыл облысындағы 51 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 32 320 білімгер 85 мамандық, 133 біліктілік бойынша білім алуда. Оның 13 500-і оқуға мемлекеттік тапсырыспен түскендер.
2012 жылдан бастап облысымызда дуалды оқыту жүйесі енгізілді. Бүгінгі күні 11 колледжде 19 мамандық бойынша дуалды оқытуға 1521 білімгер қамтылып, әлеуметтік серіктестермен 123 келісімшарт жасалған. Әлеуметтік серіктестікті үйлестіру мақсатында кәсіптік-техникалық білім мекемелері ірі өндіріс орындарымен, шаруа қожалықтарымен, басқа да мүдделі мекемелермен оқушыларды өндірістік тәжірибеден өткізу және жұмыспен қамту мақсатында 1182 келісімшарт пен меморандум жасады. Білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізу үшін әлеуметтік серіктестер тарапынан 14 632 орын қарастырылды. Экономика салаларын білікті отандық жұмыс күшімен қамтамасыз ету, кәсіптік білім мен еңбек нарығының арасында тығыз байланыс орнату мақсатында жұмыс берушілер есебінен өткен оқу жылында 19,1 млн. теңге бөлініп, 146 білімгер, ал 2013-2014 оқу жылында 30,5 млн. теңге бөлініп, 190 білімгер оқумен қамтылды. Оның ішінде 34 білімгерге шәкіртақы төленуде.
Техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер жаңа мамандықтар ашу арқылы өз ауқымын кеңейтуде. 2013 жылдан бастап «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты «Қаратау» ТКӨК-тің қажеттілігі негізінде әрі дуалдық оқыту жүйесін енгізу мақсатында 50 орын көлемінде мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Жамбыл өңірінің экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі – химия өнеркәсібі болса, бұл салада өңірге келген ірі өндірістік кәсіпорындар – «Еврохим-Удобрение» ЖШС және «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ-тың шоқтығы биік. Дәл қазір «Еврохим-Удобрение» ЖШС тарапынан Жаңатас қаласында орналасқан №5 колледжді жұмысшы мамандар даярлау үшін базалық колледж ретінде пайдалану мәселесі қарастырылуда. Аталған компанияға Қаратау өңірінде орналасқан колледждерде тау-кен мамандарын даярлауды 2015 жылдан бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Тараз химиялық паркі» компаниясына қажет 8 мамандық бойынша кадрлар даярлануда. Биыл жыл соңына дейін химия саласына қажет мамандар даярлау мақсатында Тараз қаласында 600 орындық колледж пайдалануға беріледі.
Өткен жылдың соңында Халықаралық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы аясында республика көлемінде байқау өткізіліп, онда облыстың 4 колледжі жеңімпаз атанды. Бұл колледждердің әрқайсысы 57 млн. теңге көлемінде грант иеленіп, ол қаржының 70 пайызы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, 30 пайызы теориялық оқытуға жұмсалмақ. Осы қаржы есебінен арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқу шеберлері біліктілікті көтеру курстарын шетелдерде өтетін болады.
Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыс көлемі өсіп келеді. 2012-2013 оқу жылында техникалық және кәсіптік білімді кадрларға қажеттілік 5856 орынды құрап, 4229 мемлекеттік тапсырыс бөлінсе, 2013-2014 оқу жылында техникалық және кәсіптік білімді кадрларға қажеттілік 5666 орынды құрап, 4730 мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Яғни, алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс көлемі 501-ге артты деген сөз. 2013 жылы 6729 білімгердің 4791-і, яғни 71,2 пайызы жұмыспен қамтылды.
Облыстағы техникалық-кәсіптік білім мекемелерінде 2742 педагог қызмет істейді. Соңғы 4 жылда педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында 96 оқытушы шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасты. Білікті маман даярлау – техникалық-кәсіптік білім мекемелерін қаржыландыруға, оның материалдық-техникалық базасын жақсартуға тікелей байланысты. Техникалық-кәсіптік білім мекемелерін ұстауға соңғы 4 жылда 15 млрд. 244 млн.теңге бөлінді. Колледждер құрылысына 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 2,7 млрд. теңге бөлініп, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің бас корпусына қосымша ғимарат, Тараз қаласындағы №12 кәсіптік колледжге оқу-жатын корпусы салынып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Тараз қаласы «Арай» алабында жаңа колледж ғимараты пайдалануға берілмек.
Техникалық-кәсіптік білім мекемелерінің оқу-өндірістік шеберханаларын, зертханаларын, арнайы оқу кабинеттерін жаңарту мақсатында соңғы 4 жылда 874,9 млн. теңге бөлінді. Білімгерлерді жатақханамен қамтамасыз ету – білікті маман даярлауға жасалған жағдай десек, облыстағы 22 колледжде 1387 білімгер жатақханамен қамтамасыз етілген. Соңғы 4 жылда 3 колледжде 586 орындық жатақхана ашылса, 2016 жылға дейін тағы 3 колледж жанынан 400 орындық жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр.
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы.
ТАРАЗ.