• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Ақпан, 2023

Қайыры мол қор қолдауға зәру балаларды жігерлендіреді

330 рет
көрсетілді

Әлеуметтік мемлекеттің сипаты халықтың тұрмысын жақсарту, сапалы білім алуға жағдай жасау, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейге көтеру сияқты басымдықтармен айқындалады. Еліміздің осы мәртебесін нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры сүбелі үлесін қосып жатыр. Әсіресе аталған қордың әлеуметтік санаттағы балалардың дамуына көрсетіп жатқан қолдауы ерекше.

Мүмкіндікті арттыратын арнайы мектептер

Мүгедектігі бар, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тәр­бие­ленетін, ата-анасы мүгедек бала­лар қашанда мемлекеттік қол­дау шараларымен жан-жақ­ты қамтылып келеді. «Қазақ­стан халқына» қоғамдық әлеу­меттік қоры (ҚЭҚ) тарапынан ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар бұл санаттағы бала­лардың өмірге деген құлшы­нысын жандырып, арман-мақ­сатына қанат бітіріп, одан сайын жігерлендіріп жатыр.

Қор бастамасымен қолға алын­ған игі жобаның бірі – Арна­йы мектеп ұйымдарын жарақ­тан­дыру бағдарламасы. Жоба аясында екі жыл ішінде ҚӘҚ қаражаты есебінен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 98 арнайы мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

Еліміздегі барлық арнайы мек­тептің жұмысын үйлестіретін Ар­найы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлт­тық ғы­лы­ми-практикалық орта­лы­ғы­на да жаңарту жүргізіледі. Осы мақ­сат­та қор 2 млрд 764 млн теңге бөледі.

Өткен жылдың соңына қарай қор алғашқы арнайы мектепті жарақтандыру жұмысын аяқтады. Бұл – Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «№7 ар­найы мектеп-интернаты. Мек­теп­те 123 бала оқиды. Оның ішінде мү­гедек балалар, жетімдер мен қамқорлыққа алынған балалар бар. Ерекше қажеттіліктері бар ба­ла­лар үшін заманауи білім беру және тәрбиелеу ортасын құруға жәр­демдесу мақсатында қор арт-терапия, музыка кабинеттерін, қыш өндіру шеберханасын, акт және спорт залдарын жалпы со­масы 37 млн 58 мың теңгеге жаңарт­­ты.

«Мектепте өте қабілетті және дарын­ды балалармен таныстық. Олар – түрлі шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері. Осы­лайша балалардың әлеуетін одан әрі дамыту, қоғамға бейім­деу маңызды. Бұл ретте арнайы білім беру ұйымдарының қазіргі жағдайына назар аудару керек. Себебі мектептер тиісті дең­гей­­де қаржыландырылмайды. Сон­дық­тан қор арнайы мектептерде ерекше балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін осы бағдарламаға бас­­тамашылық жасады», деді «Қа­зақстан хал­қы­на» қоғам­дық қорының басқарма төраға­сы­ның орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Аталған мектепте 45 педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің айтуынша, арт-терапия каби­не­тін­дегі сабақтар ерекше баланың физиологиялық, психологиялық, зияткерлік мүмкіндіктерін аша түседі.

«Балаларға сурет арқылы сөй­лесу оңайырақ. Сурет бо­йынша баланың ойын түсініп, алаңдаушылығын көре аламыз, онымен жеке әңгімелесіп, сабақ өткіземіз. Сондықтан мұндай кабинеттің пайдасы зор әрі балалар үшін жақсы мүмкіндік», дейді бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Оксана Бон.

Қыш шеберханасына өнді­рістік материалдар, маман­дан­­дырылған жиһаз, муль­ти­ме­дия­лық экран, күйдіру­ге ар­нал­ған муфель пеші, қыш жасау дөңгелегі сатып алынды. Мұның бәрі бала қолының ұсақ моторикасын, байқағыштығын, қиялын, сөйлеуін және кеңістіктік бағ­да­рын дамытуға ықпал етеді.

«Жаңартуға дейін мұнда әдет­те­гі музыка кабинеті болған. Қазір бөлмеміз жайлы және за­­ма­науи музыка кабинетіне сәй­кес­тендірілді. Қор фортепиано, муль­тимедиялық жабдықтар, жиһаз және басқа да дүниелерді сатып алды. Балалардың эмоционалды күйі әлсіз, сондықтан му­зыка сабақтарымен айналы­са отырып, хор оркестріне, хорео­гра­фиялық қойылымдарға қа­тыс­тырамыз. Осылайша олар музыканы тыңдауды және түсі­ну­ді үйренеді», дейді педагог-дефектолог Светлана Калюга.

Балалардың ата-аналары да оң өзгерістерді байқап, ерекше ба­лаларды қолдаудың маңыз­ды­лы­ғын атап өтті.

«Мен бес жыл бұрын ұлымды осы арнайы мектепке алып кел­дім. Баламның сөйлеуінде ке­ші­гу байқалады. Қазір ол бесін­ші сыныпта оқиды және осы уақыт ішінде мұғалімдер үлкен жұмыс атқарды. Балаларға ерекше назар аударғаны үшін барша қауымға, сондай-ақ қорға алғыс айтқым келеді. Балаларымызға көбірек кө­ңіл бөліп, бағалайық», деді ата-аналардың бірі Денис Фраш.

 

Әлеуметтік санаттағы студенттер де – назарда

Сонымен қатар қор халықтың әлеу­меттік осал топтарынан шық­­қан студенттерге білім беру грант­тарын бөліп жатыр. Қор­дың бұл қайырымдылық бағдар­ла­масы биыл алғаш рет 2022-2023 оқу жылында қолға алына бастады. Грант бакалавриат бағ­дарламалары бойынша 1 млн теңгеге дейінгі оқу құнын өтей­ді және оқуға түсу үшін ҰБТ-ның қажетті өту балын жи­на­ған, мемлекеттік немесе өзге грант алмаған талапкерлерге, сондай-ақ байқау шарттарына сәйкес ақылы бөлімдердің студенттеріне беріледі. Бүгінде 2 267 студент осындай гранттың иегері атанды. Қор оқу ақысы мен шәкіртақыны төлеуге 9 млрд теңгеден аса қаражат бөледі. Бұл бағдарлама аясында студент­тер 86 жоғары және жоғары оқу орны­нан кейінгі білім беру ұйым­да­рында оқып, стипендия алады. Грантты өтеудің қажеттілігі жоқ және шәкіртақы үлгерімге қа­ра­мас­тан төленеді.

Аталған грант иегерлерінің бірі – қостанайлық Мейрам Иманов. Құлағының мүкісі бар жігіт А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің денешынықтыру бөлімінің бірін­ші курсында оқиды.

«Бала кезімнен спортпен шұ­ғылданамын және әрдайым осы мамандыққа түсуді армандайтынмын. Өкінішке қарай, биыл мемлекеттік грантқа түсе алмадым. Алайда Прези­ден­ті­міз­дің бас­тамасымен құрылған қор ма­ған тегін білім алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мен – үстел теннисінен спорт шеберімін және футболдан спорт шеберіне үміткермін. Болашақта мұғалім атанып, ерекше балаларды оқы­ту­ды көздеп отырмын. Оқу үрдісі өте ұнайды. Университет нағыз маман атану үшін сапалы білім беріп жатыр», дейді М.Иманов.

Білім беру гранттарын алу үшін осы оқу жылындағы талапкерлерден барлығы 740 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 729 студентке грант тағайындалды. Бұған қоса ақылы бөлімде оқып жатқан студенттер арасындағы гранттар байқауының нәтиже­сін­де 1 538 студент қор грантына ие болды.

Стипендияларды қоса алғанда 2022-2023 оқу жылына арналған бағдарламаның бюджеті 2 455 600 теңгені құрайды. Ал бағдарла­­­­­маның 4 жылға арналған (грант және стипендия) жалпы бюджеті – 13 млрд теңге.

 

Денешынықтыруды дамытуға ден қойылды

Қордың спорт саласындағы мәселе­лерге назар аударуына екі мыңнан аса жұртшылық өкіл­­дерімен өткізілген онлайн-кон­фе­ренциялар мен көшпелі жиындар барысында айтылған ұсыныстар негіз болды. Бұл ретте қор 4 қайырымдылық жобасын іске асырып жатыр. Атап айтқанда, ауылдардағы спорт залдарды жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дене­­шынықтыру-сауықтыру клуб­тарын жабдықтау, пара-хоккейден Қазақстанның жалғыз құ­рамасын спорттық жабдық­тар­мен қамтамасыз ету және пара-атлеттерге протездер дайындау жобасы.

«Мәселемен жүйелі түрде айналысу мақсатында қор спорт залдарды жабдықтайды деп шешілді. Осыған дейін демеушілердің қол­да­уымен ауылды жерлерде спорт залдарды ашып жүрген «Батыр боламын!» қоры бізге жүгінді. «24 спорт залы» бағдарламасын бастап, өткен жылы спорт ин­фра­құрылымы әлсіз немесе мүл­дем жоқ шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерде 23 залды жабдықтадық. Ғимарат жергілікті билік пен меценаттардың есе­бі­нен беріліп жөнделсе, қор жабдықтармен және спорттық мүкәммалмен қамтамасыз етті», дейді «Қазақстан халқына» қо­ғам­дық қорының басқарма төра­ғасы Болат Жәмішев.

Жабдықталған 23 залда ауыл­дар­дағы аз қамтылған және көп­бала­­лы отбасылардан шыққан 1 750 бала бокспен, күреспен, дзюдомен және басқа да спорт түрлерімен үнемі айналысуға мүмкіндік алды. Спорт залдарға күрес кілемдері мен қаптар, еден жабындары, жаттығу мане­кен­дері, сондай-ақ гантельдер, киім-кешек, бокс қолғаптары мен шлемдер, арқандар, спорттық жинақтар сатып алынды. Жер­гілікті жаттықтырушылар шақы­рылып, балаларға үйірме жұ­мы­сын өткізеді. 24 залды ашуға қор тарапынан 183,6 млн теңге бөлінген.

Мәселен, Атырау облысының 1,5 мыңға жуық адам тұратын Бөдене ауылында спорт залының ашылуы үлкен жаңалық болды. Осы ауылдың баласы Мырзабек Қуанышбек қуана-қуана күрес секциясына жазылыпты. «Бұрын біздің ауылда мұндай зал мен кү­ресуге арналған спорттық құ­рал-жабдықтар болмады. Осын­­дай үйірмеге барғысы келе­тін балалар саны өте көп. Сон­дық­тан жасалған мүмкіндікті ба­рын­ша пайдалануға тырысамыз», деді ол.

Қор әдеттегі спорт секцияларына қатыса алмайтын ерекше балаларға арналған спорт залдарын жабдықтау жобасын іске асырып жатыр. Балаларды бейімделгіш спортқа баулып жүрген «Жас жауынгер» де­не­шы­нықтыру-сауықтыру клубы­ның табысты тәжірибесі қол­да­нылды. Балаларды оңалту клу­бының әдістемесі бірнеше жыл бойы жоғары тиімділігін дәлел­деп келеді. Өткен жыл­дың қазан айында қор қызмет­кер­лері «Жас жауынгер» жаттық­ты­ру­шылар құрамымен бірлесіп «Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған бейімделген бокс, армспорт» оқу бағдарламасына авторлық құқықты растайтын ғылыми патент алды. Тұрақты қатысудың нәтижесінде жүру қозғалысы шек­телген әрі жаттығуға үй­ре­н­­беген балалар ширап, ал­ғаш­қы қадамын жасай бас­тады. Сондықтан қор жобаны «Тұсаукесер» деп атады. Жобаның Астанада ашылған залына қатысып жүрген бала­лар­дың бірі – 10 жасар Ернұр. Анасы Бақытгүл Құрманбекованың айтуынша, үш жыл бұрын Қызылордадан елордаға көшіп келген сәттен бастап Ернұр үйірмеге қа­тысып келеді. Осы уақыт ішін­де қолы мен аяғындағы бұл­шық­ет­тер нығайып, қимылы ширай түсіпті.

«Мемлекеттік қамтамасыз ету аясында сал ауруы бар балаларға жылына бір рет оңалтуға квота беріледі. Бұл – өте аз. Өйткені балалар күн сайын жаттығуы керек. Қызылордада тұрған кезімізде жылына Астанаға екі рет баратынбыз. Бірінші рет квота бойынша тегін ем алып, кейін ақылы бөлімге жүгінетінбіз. Ем-дом кешенді жүргізіліп, баламды аяғына тұрғызу үшін Астанаға көшуді шештік. Сосын осы үйірмеге бара бастадық. Сенбейтін шығарсыз, бірақ оң қолы мен аяғын әлсіз қозғалтып келген Ернұр ақырындап нәтиже көрсете бастады. Бұлшықеттері мен аяқ-қолындағы күші арта түсті. Үйірмеге баласын әкелетін ата-ана көп. Баласының жүре бас­тап, өз-өзіне қамқор бола алатынына үміті зор. Сондықтан мұндай де­нешынықтыру-сауық­ты­ру клуб­тары бүкіл ел бо­йын­ша ашылу керек», дейді Б.Құрманбекова.

Қордың серіктесі «Жас Жа­уын­гер» ұйымы қажетті ғима­рат пен жаттықтырушылар тобын анықтайды. Қазіргі таңда ҚӘҚ жобасы Семей, Атырау, Шымкент, Алматы және Ас­та­нада ашылып, оған 200-ге тарта ерекше бала барады. 37,4 млн теңге сомаға залдар қа­жетті жаб­дық­тармен және мүкәм­мал­мен жабдықталған.

«Қазақстан халқына» қоры параспорттың дамуына да үлес қосып жатыр. Өткен жылдың күзінде қорға Астана қаласының пара-хоккей федерациясы жүгін­ді. Федерация негізінде пара-хок­кейден Қазақстанның бірін­ші және жалғыз құрамасы құ­рылған. Параспортшылардың тәжірибесі мол, талай чемпионатта жетістікке қол жеткізген. Алайда жарыстарға сонау 2017 жылы сатып алынған құрал­да­рымен қатысып жүрді. Ал спорт­тық мүкәммалдың қыз­мет мерзімі – небәрі 5 жыл. Осылайша қор қазақстандық құра­маның пара-хоккейден ха­лық­аралық жарыстарға да­­йын­дал­уы және қатысуы үшін спорт­тық бұйымдарды сатып алуды қаржыландырды. Коман­да­ға 12,4 млн теңге сомаға 50 сырғытпа таяқ пен 16 шана са­тып алынды. Жаңа сырғытпа таяқтармен Қазақстан құрамасы С пулындағы Таиландтағы чемпионатта күміс жүлдегер атанып, жоғары лигаға жолдама мен В тобының чемпионатында ойнауға мүмкіндік алды. Енді спортшылар көктемде Словакия құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге дайындық үстінде.

Сонымен қатар қор еліміз­дің параспортшыларына арнал­ған спорттық-жүгіру про­тез­дерін жасау бойынша қайы­рым­дылық бағдарламасын жү­зе­ге асыруды бас­тады. Дәл осы паралимпиадалық спорт тү­рін­де Қазақстан ұсы­ныл­ма­ған, оған спорттық протездердің қымбаттығы да себеп. Ұлттық паралимпиада комитетінің мәліметі бойынша, елде 70-ке жуық аяқ-қол ампутациясы бар спортшы бар және тек бір ғана спортшының жүгіруге қатысуы үшін спорттық протезі бар. Қор жалпы сомасы 113,4 млн теңгеге 10 протез әзірлеуді жоспарлап отыр. Әрбір протездік-ортопедиялық бұйым жеке болғанымен, спортшы ауыстырылған жағдайда са­лыс­тырмалы физикалық пара­метрлері ұқсас кез келген параспортшы оны пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Фармас» ЖШС өндіруші компаниясы про­тез­дер­ді дайындау үшін қа­жетті өлшемдер алынған екен.

Қайыры мол қордың әлеу­меттік санаттағы балалар мен жас­тарды өмірге бейімдеу, мүм­­кіндіктерін арттыру бағы­тын­дағы ілкімді істерінің бір парасы осындай. Алдағы уақытта мұндай шарапаты мол шаралардың ауқымы одан сайын ұлғайып, шаттыққа бөленетін қарапайым халықтың қатары арта түседі деп сенеміз.