Өңірдің екі ірі қаласы – Өскемен мен Семейде «Алтын белгіге» ие болған мектеп бітіруші түлектерді марапаттау салтанаты өтті. Биыл облыс орталығының мектептерінен 37 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, өңірдің мәдени орталығы саналатын Семейде 24 оқушы «Алтын белгіге» қол жеткізді.
Қос қалада жоғары дәрежеде өткен салтанатты кеште «Алтын белгі» иегерлері мен пәндік олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жас түлектер қоштасу вальсін билеп, он жыл бірге оқыған құрбылары мен ұстаздарына деген қимастық сезімдерімен бөлісті.
– Өткен жылы біздің облыстың мектеп бітірушілерінің 42-сі үздік аттестат алса, осы жылы 65-ке жетіп отыр. Өскеменнің өзінде 19 оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Бұл – Шығыс Қазақстан облысындағы білім сапасының жылдан-жылға жақсарып келе жатқанының айғағы. Өңірімізде жаңа мектептер салынып, білім беру инфрақұрылымдары дамып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Биыл Семей қаласы бойынша 2163 оқушы мектеппен қоштасты. Олардың ішінде 24 түлек мектепті«Алтын белгімен», 16 түлек үздік аттестатпен тәмамдады. ҰБТ нәтижесі бойынша, 220 оқушы 100 балдан жоғары жинады. 31 оқушы халықаралық олимпиадалар мен байқаулардан жеңімпаз болып, таңдаулы жоғары оқу орындарына гранттар ұтып алды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.