Қарағандыда Қазақстан мен Ресейдің азаматтығын алған үш әйел анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері Қарағанды-Сортировочная станциясында 26, 45 және 51 жастағы үш әйелді ұстады. Тексеру барысында ұсталғандардың Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қос азаматтығы бары анықталды.
«Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық сотының қаулысымен Ресей азаматтарының әрқайсысы 428 820 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды», деді Көлік полиция басқармасының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Көлік полициясының қызметкерлері құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігімен «Шетел азаматтығын алу фактісі туралы заңнамада белгіленген мерзімде хабарламау» бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Айта кетейік, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды.