Ел астанасында енді балалар ғана емес, сондай-ақ ересектер де театрлық қолөнерді үйрене алады. «Астана Опера» театрында киім үлгілеу мен ағашқа өрнек салу курстарына қабылдау басталмақ. Ниеттенген кез келген жанға жасына қарамастан театр қызметкерлері қатарындағы тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен өздерінің шығармашылық әлеуетін ашып, айрықша дағдыларды меңгеруге мүмкіндік туды.
Еске салсақ, былтыр аталған өнер ұжымында «Арт-спорт» порталының қызметі шеңберінде «кескіндеме», «құрақ құрау», «киім үлгілеу, пішу және тігу», «ағашқа өрнек салу» секілді түрлі бағыттарда балаларға арналған шығармашылық үйірмелер ашылған болатын. Әртүрлі жастағы оқушылар білікті ұстаздар өткізетін сабақтарға қуана қатысып, театрдың атмосферасын сезініп жүр. Тіпті кейбіреуі қолөнерші-ұстаздарының ісін жалғастыруды ұйғарған. Осынау уақыт ішінде балалар өз жұмыстары қойылған бірнеше көрмеге қатысты.
– Қызым «Арт-спорт» бағдарламасы аясында «Киім үлгілеу, пішу және тігу» секциясына бір жылдан астам уақыт барып жүр. Ол сабақтарға үйірме ашылған бойда қатыса бастады, сондықтан біз оқуды бастау үшін ұжымның, материалдық базаның қалай дайындалғанын білеміз. Барлығы жоғары деңгейде болды. Балалар жаңа тігін құралымен жабдықталған кең әрі жарық кабинетте дайындалады. Пішу мен тігуге қажетті заттармен театр қамтамасыз етеді. Балалар тігін машинасымен, торлағышпен жұмыс істеуді, қолмен тігу техникасын меңгерді. Үйде өздері жасаған ойыншықтар, бұйымдар топтамасы көбейіп келеді, аздап киім-кешек те тігеді, – деді Үміт Мағзұмова.
Бұдан бөлек үйірмеге қатысушылар опера мен балет спектакльдеріне дайындық барысын, әртістердің грим жасайтын, киінетін бөлмелерін көріп, костюмдердің тарихымен танысады.
Былтыр мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру платформасы театрда балалармен жұмысты айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.
– Бұрын «Астана Операда» балет және хор студиясы болатын, қазір театрлық қолөнер белсенді дамып келеді. Бұл үйірмелер балаларға өте қызықты. Осы орайда біз топтардың санын көбейтіп жатырмыз. Коммерциялық топтар қосып, ересектерге арналған сәндік-қолданбалы өнер секцияларын ашудамыз, – деді студия жетекшісі Назым Жай- лаубаева. – Шығармашылық тұрғыда өзін-өзі таныту балалар мен жасөспірімдерге ғана маңызды емес, бұл ересектерге де қажет. Сондықтан біз өз әлеуеттерін жүзеге асыруға, күнделікті шаруалардан басқа дүниеге көңіл бөліп, бос уақытты қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге мүмкіндік беруге дайынбыз.
«Киім үлгілеу, пішу және тігу» секциясында сабақтарды «Астана Операның» тігін цехында жұмыс істейтін тәжірибелі театр костюмдерін пішуші-сәнгер Айгүл Рыспаева жүргізеді. Ағашқа өрнек салуды жиырма жылдық тәжірибесі бар суретші-бутафор Ерзат Елшібаев үйретеді.
– Ағашқа өрнек салу – сәндік-қолданбалы өнер түрі, ол ағашты көркемдік өңдеудің сан алуан түрлерін, оның ішінде арамен кесуді, жону ісін, күйдіруді қамтиды, – дейді Ерзат Елшібаев. – Бұл дағдыларды үйрену аса қиын емес. Біздің иелігімізде білдектер, арнайы құрал-саймандар бар, олардың көмегімен үйдің ішін безендіруге арналған зергерлік элементтерді жасауға, шығармашылық шабытты жүзеге асыруға және қызықты жұмыс барысынан рахат алуға болады.
Айта кетейік, ересектерге арналған қолөнерді үйрену мүмкіндігі үшін барлық байланыс мәліметі театр сайтында көрсетілген.