• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2023

Жөнделген орталық, жаңарған жабдық

356 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау саласында білікті мамандармен қатар ем-дом көрсететін нысандардың заманауи әрі талапқа сай болуы – әлеумет көкейіндегі көп түйткілдің бірі. Жасыратыны жоқ, жер-жердегі медициналық ұйымдардың басым бөлігі кеңестік кезеңде қабырғасы қаланған екен. Бүгінде медицинаның алдында сол көне ғимараттарды жаңғырту һәм жаңарту міндеті тұр.

Қарағанды облыстық клини­калық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің корпустары да өткен ғасырдың елуінші жылдары бой көтерген. Үш блоктан тұратын аурухананың жақында екінші блогы күрделі жөндеуден өтті. Бұл блок­тың желдеткіш, жылу, су және кәріз жүйелері толық жаңарды. Сонымен қатар материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Аурухананың бұл блогы 1955 жылы салыныпты. Жалпы аумағы – 2 100 шаршы метр шамасында. Мұнда жөндеу соңғы рет осыдан он жыл бұрын жасалған екен.

Аурухана басшылығы күр­делі жөндеу кезінде барлық инженерлік инфрақұрылымның ауысқанын айтады. Желдету жүйесі әр жатын бөлмеде жеке дара. Бұл инфекция­ның басқа жаққа тарамай, ауаның алмасуы­на ықпал етпек.

Бұған қоса ғимараттың сырты тысталып, жылу сыртқа шық­пайтындай қапталды. Сыртқы әрі ішкі емдік газбен жабдықтау желісі жөнделді. Интенсивті тера­пия бөлім­шесі қайта реконструкциядан өтті. Соның нәти­жесінде, жан сақтау блогы қабылдау-диагностикалау бөлі­мімен қатар орналастырылды.

– Жансақтау бөлімі бұрын үшінші корпуста еді. Бұл қазіргі екі блок пен қабылдау бөлімінен бөлек-тін. Оның үстіне екінші қабатта. Тасымалдауда, пациенттерді эвакуациялауда қолай­­сыз­дықтар туғы­затын. Енді жан­сақтау бөлімі бірінші қабатта, қа­былдау бөлімі­нің маңында болады. Біздің орта­лықтың ерекшелігі – біз 100 па­йыз жедел көмек көрсетеміз. Пациент­тердің барлығы дерлік ауыр халде қабылдау бөлімінен интенсивті терапия бөліміне түседі. Оған қоса осы корпуста екі балалар бөлім­шесі бар, – дейді жұпалы аурулар орта­лығының басшысы Ержан Жүнісов.

Жөнделген корпус жаңа ме­дици­налық құрал-жабдық­тар­мен де толық­ты. Атап айт­қанда, өкпені жасанды желдету аппараттары, төсек маңына орнатылатын мониторлар, ультра дыбыстық зерттеу құралдары бар. Орталық басшылығы былтыр ағзаны қат-қабат зерттеуге мүмкіндік беретін цифрлы рентген аппараты алынғанын айтады.

Медициналық техника мен жиһаз­дар да жаңарды. Бар­лық ауруханаға SOS жүйесі орна­тылған. Дабыл тетіктері де бар.

– Жансақтау бөлімі алты орынға шақталған. Бұл – баланы да, ересекті де қабылдай алатын қаладағы жалғыз бөлімше. Жалпы, жұқпалы аурулар орталығында бала мен үлкендерге арналған 190 орын бар. Біз респираторлы, ішек, вирусты инфекциямен ауырған науқастарға көмек көрсе­теміз. Өткен жылы 7,5 мың науқасқа ем жасалды, – дейді Е.Жүнісов.

2019 жылы нейроинфекция блогы жөнделсе, биыл үшінші блок жаңғырмақ.

 

Қарағанды