...1994 жыл 4 ақпан – Ақмола қалалық милициясының Шығыс бөлімшесі. Қоғам тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларында уақытқа қарайтын шама жоқ. Қас қарайып, қызыл іңір кірген кез. Қызу жұмыс. Кенет телефон «шыр» ете қалды. Тұтқаның ар жағында не істерін білмей абдырап, дірілдеген ананың үні естілді. Ол «Қаруланған бұзақылар ұлымды өлтірмекші» деп көмек сұрады. Дабылды қабылдаған кезекші команда дереу оқиға орнына жетті.
Жедел топ қарақшылар осы жерде болуы мүмкін деген Педагогика институтының маңы, К.Маркс көшесіндегі үйді қоршап алды. Қателеспеді. Белгісіз біреулер оқ жаудыра бастады. Атушыларға қаруларын тастап, өз еріктерімен берілу талабы қойылды. Бірақ ашынған қаскөйлер тәртіп сақшыларының бұйрығына құлақ аспады. Екіжақты тартыс күшейді. Жедел жасақтың бір өкілі үйге кіріп, қылмыскерлерді қарусыздандыруға бел буды. Есікке бірер қадам қалғанда, атылған оқ жас өмірді қыршыннан қиып кетті. Бұл – миллисекунд ойланбастан, әріптестерін құтқару үшін оққа кеудесін тосқан милиция лейтенанты Жанайдар Жирентаев еді...
– Отағасының орны, міне, осымен 30 жылға жуық уақыт бос тұр. Тірі болса биыл 63 жасқа келер еді. Төрде ілінген суретіне қарап, көз жасымды сығып алғаннан басқа амал нешік. Жанайдарға тағдыр небәрі 33 жыл ғұмырын өлшеп берді. Бірақ сол өзінің қысқа ғана өмірінде біраз дүниені бастан кешірді. Тіпті кеңес әскерлерінің сапына қосылып, Ауғанстандағы соғыс өтіне де барды. Сондай байсалды, әр шешімін ақылға қондырған қайратты азамат майданда жарақат алса да, елге оралғаннан кейін де болашағын ішкі істер органдарында қызмет етумен байланыстырды. Милицияда екі жарым жыл қызмет етіп, өзінің тәртіп пен талапқа бағынған үлгілі қызметкер ретінде қылмыстық іздестіру бөліміне жіберілгені де кездейсоқ емес-тін, – дейді Ж.Жирентаевтың жұбайы Назкен Жирентаева.
Интернационалист-жауынгер, милиция кіші лейтенанты Жанайдар Асқарбекұлы Жирентаев 1960 жылы 25 қыркүйекте қазіргі Ақмола облысы Балқаш ауданының Веселое ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Целиноград автомобиль көлік техникумына түсіп, 1980 жылы оқуын тәмамдаған. Сол жылдың 24 қарашасынан бастап 1982 жылдың 25 қарашасына дейін Қарулы күштерде Ауғанстандағы кеңес әскерлерінің контингенті құрамында әскери борышын өтеген. 1984 жылдан бастап ішкі істер органдарында Экономикалық қылмыс департаментінде, криминалдық милиция бөлімшесінде қызмет атқарған. Кейін ісіне жауапты азамат 1993 жылдың сәуірінен Ақмола облысы ІІБ Шығыс бөлімінің қылмыстық іздестіру жедел уәкілі болады. Жұмысымен қатар екі жыл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің экономика факультетінің сырттай бөлімінде білім алған.
Шұғыл тапсырмадан бөлек, ұйымдастырушылық қабілетімен жедел-қызметтік жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген Жанайдар Асқарбекұлына «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» медалі берілген. Өжеттігі мен батылдығы үшін 1996 жылы 24 қазанда Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде Астана қаласындағы бір көше Жанайдар Жирентаевтың есімімен аталады.
Абыройы асқақ, елі ардақ тұтатын азаматқа жыл сайын Алматы аудандық ІІБ қызметкерлері арнайы еске алу кешін ұйымдастырып, қаза тапқан әріптестерінің ерлігіне құрмет білдіреді. Естелік-тақта да орнатылған-ды. 2016 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған «Әке жолы» спектаклінің басты кейіпкерінің прототипі ретінде де Жанайдар Жирентаев алынды. Шаһардағы мектептердің ұжымы да батыр қаза болған күні оқушылары арасында ерлігін насихаттау мақсатында кездесулер өткізіп тұрады. Бұған қоса Қылмыстық іздестіру күнінде Ж.Жирентаев көшесінде орналасқан №22 мектептің жанында оның отбасы, жақын туысынан бөлек, достары мен қызметтестері жиналып, үнсіздікпен еске алды.
Жанайдар Жирентаевтың артында қос қызғалдағы – Динарасы мен Әселі қалды.
– Әке ізін жалғап, екінші қызым Динара полиция қызметкері болды. Мен бастапқыда қызымның бұл шешіміне қарсылық білдірдім. Бір қайғыдан қан жұтқан адамға, жанымның тағы бір бөлшегінен айырылып қалмаймын ба деген қорқыныш болғанын жасырмаймын. Өйткені мемлекетімізде осы абыройлы міндетті атқарып, бейбіт күнде қызметтік парызын орындау кезінде қаза тапқан біраз құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Уайымымды ақылға бой алдырып, кейін келісімімді бердім. Сол саладан өмірлік жолдасын да кездестірді, – деді Н.Жирентаева.
Жалпы, елімізде парызын орындап, ажал құшқан ішкі істер органдарының қызметкерлері аз емес. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан 800-ден аса азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болған. Оларға мемлекет тарапынан көмек те қарастырылған. 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 66 және 68-баптарына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерінің тұрғын үйге құқықтары қарастырылған. Ал олардың асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi. Балаларына, олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Үкімет белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызметтер де көрсетіледі. Бұған қоса қызметтік міндеттерін атқару кезінде ажал құшқандардың балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдалана алады.
Сондай-ақ балаларға кәмелеттік жасқа толғанға дейін немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіндегі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі оқу орнын күндізгі нысанда аяқтағанға дейін жиырма үш жастан аспағанша және «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңда көзделген асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақылардан бөлек, жұбайына өмір бойы ай сайынғы ақшалай төлем қарастырылған.
Антына адал болып, қиын сәтте халық үшін басын қатерге тіккен полиция қызметкерлері әріптестерінің ғана емес, бүкіл қоғамның жадында сақталады. Бейбіт күннің боздақтарының есімі мәңгі ел есінде.