Жамбыл облысын көпшілік бұрыннан дотациялық өңір деп атап жүр. Жергілікті жұртшылықтың табысы да ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес дегенді жиі еститінбіз.
Әйткенмен, кейінгі жылдары өңірде ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған қанатқақты жоба жемісін бере бастады. Ал әлеуметті жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды жұмыспен қамтудың маңызды екенін ұдайы айтып келеді. Бұл ретте облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов бірқатар деректі алға тартты. Оның айтуынша, 2022 жылы тұрғындарды жұмысқа орналастыру жоспары 33 879 адам болса, бұл жоспар 144,5 пайызға орындалып, жұмыспен қамтылғандардың саны 48 944 адамға жеткен.
«Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құрудың облыстық жоспары 6,2 мың жұмыс орны болып бекітілсе, жыл қорытындысымен облыста 15,4 мың жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды. Негізінен халықты жұмыспен қамту мәселелері 2022 жылдан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында іске асырылып жатыр. 2022 жылы жұмыспен қамтуға 49 500 адамды тарту жоспарланған, жоспар 152,7 пайызға орындалып, 75 565 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды», дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бұған қоса, тұрақты жұмысқа 23 296 адамды орналастыру жоспарланып, барлығы 35 590 адам тұрақты жұмысқа тұрған немесе жоспар 152,8 пайызды құраған.
Өңірде Ұлттық жоба аясында атқарылатын жұмыстарға айрықша басымдық беріліп отыр. Айталық, жоба шеңберінде ұзын-саны әлеуметтік жұмыс орындарына 960 адамға 257,6 млн теңге қарастырылып, 1 168 адам жолданған. Оның ішінде 1 100 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Облыста жастар практикасы арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де жолға қойылған. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, бүгінде 1 046 жас тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Атап айтар болсақ, өңірде 7 266 азаматқа 4536,2 млн теңге қарастырылып, қазіргі таңда 9 847 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданыпты.
«Жамбыл облысында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 21 044 азамат жолданып, 16 180 адам оқуын аяқтады. Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2 634 адамға 400 АЕК көлемінде 3 227,2 млн теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Халықты жұмыспен қамту бағытындағы маңызды іс-шаралардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Президент өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін айта отырып, еңбекпен қамтитын түрлі іс-шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс берілетінін жеткізді. Нақты қадамның алғышарты ретінде жастарды жұмыспен қамту бағытында нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2022 жылы жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 29 жасқа дейінгі жастардан 29 253 адам жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылды, 10 145 адам бос тұрған жұмыс орындарына орналасса, 363 жас қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 547 жас онлайн оқытуға, 1 840 түлек жастар практикасына, 193 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 2 025 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ 32 жас «Ұрпақтар келісімшартына», 185 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 11 991 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 1 932 жас қайтарымсыз грант алды», дейді Е. Келесов.
Өңірдегі аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы төлеу мәселесі де жолға қойылған. Нақтырақ айтар болсақ, атаулы әлеуметтік көмектен үмітті отбасыларға қазан айынан бастап sms-хабарламалар жолданған. Нәтижесінде, 218 отбасына тиісті АӘК тағайындалған. Жалпы, 2022 жылы өңірдегі 9 219 отбасындағы 48 298 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 3,8 млрд теңге төленген.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушыларды масылдық пиғылдан арылтудың маңызы зор екенін түсінетін кез жетті. Қанша дегенмен еңбекпен жеген нан тәтті ғой. Сондықтан да еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа тарту іс-шаралары қабылданып жатыр. Жыл басынан АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды 2 591 адам жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылып отыр. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2 036 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа – 343 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 93, қысқа мерзімді оқу курстарына – 69 адам, жастар практикасына 9 адам жолданып, 41 адам жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін қайтарымсыз грант алған. Нақты атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда АӘК алушылардың саны 22,3%-ға төмендегенін айта кеткен ләзім», дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 284 бала қамтылып, 722,1 млн теңге төленді. Еркін Келесовтің сөзіне сенсек, өңір тұрғындарын масылдық психологиядан арылту бағытында облыста атқарылатын жұмыс аз емес. Осылайша, басқарма басшысы еңбекке жарамды азаматтардың басым бөлігінің жұмыспен қамтылуына күш салуды көксеп отыр. Нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсете жатар.
Жамбыл облысы