Үндістан саяхатшылары үшін Қазақстан ең үздік тренд бағыт деп танылып, жыл сайынғы Versatile Excellence Travel Awards (VETA) сыйлығымен марапатталды. Бұл сыйлық Үндістанның туризм саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып, шетелдік туристерді өз еліне шақырған үздік туркомпаниялар мен туристік орындарға беріледі.
Travelscapes – үкіметтік мекемелер, бірінші дәрежелі қонақүйлер, Туризм индустриясы, елшіліктер және корпоративтік секторлар арасында танымал жергілікті b2b басылымы. Марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков қатысты.
«Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз режім енгізілгеннен кейін Қазақстанға келетін үндістандық саяхатшылардың санының айтарлықтай өскені байқалады. Сондай-ақ біз миллиард тұрғыны бар ел үшін танымал туристік бағыт ретінде танылғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл жетістік – Қазақстандағы қалалық, экологиялық, қызықты оқиғалы, мәдени және MICE туризм бағыты ретінде ілгерілетуде бірлескен күш-жігердің нәтижесі», деп атап өтті Д.Рыспеков.
Айта кетейік, өткен жылы елімізге 28 300 Үндістан азаматы келген. Бүгінгі таңда Eqonaq ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, Қазақстанның қонақүйлеріне Үндістаннан келген 2 мыңнан аса қонақ тоқтаған. Үндістан азаматтары еліміздің Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларында демалғанды жөн көреді екен.
Сондай-ақ Қазақстан биыл Делиде ұйымдастырылған Оңтүстік Азиядағы ең ірі саяхат және туризм көрмесі SATTE-ге қатысқан еді. Қазақстан делегациясы құрамында Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің, Kazakh Tourism, төрт отандық туроператор және әуе компанияларының өкілдері болды.