• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тәрбие 23 Ақпан, 2023

Әз әже

838 рет
көрсетілді

Жуықта Павлодар өңіріне жолымыз түсті. Осы сапарымызда атамыз қазақтың «жүре берсең, көре бересің» дегеніндей, әз әже, абзал ана, қадірлі кейуананы жолықтырдық. Жарықтық Аққулы ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылында тұрады екен. Жасы 93-те, 1930 жылы дүние есігін ашқан.

Кейбір адамдар болады. Жы­лы жүз, ыстық ықыласымен пенде баласын өзіне тартып тұрады. Бұндай жандар жайында аталарымыз «Жүзі игіден түңілме» деген. Әсіресе, ақ жаулығын ай­қара тартып алып, аударылып-төңкеріліп жатқан мына дүниеге кең пейіл, көреген көз әрі мол сабыр, салиқалы ақылмен терең толғап қарайтын, кеңшілік пен пендешіліктің алма-кезек ауысып тұратын тағдыри заңдылықты білетін, сол арқылы оқыстан тап келген қиындыққа құлап кетпейтін, ойда-жоқта шұрқырап жетіп келген бақыт пен байлыққа баптанып мақтанбайтын аналар қаншама. Бұл реткі біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз Танай Найманбайқызы дәл осындай адам екен. Оны сөйлеген сөзінен, тереңінде ой тұнып жатқан бөлек болмысынан аңғардық.

– Е, қарағым, бұрынғылар «тоқсан дейтін келетін жасым ба еді, быламық жейім деген асымда еді» деп толғанған екен, сол тоқсанның үстіне шығып отырмын, – деп әңгімесін бас­тады Танай әже. – Мен сонау ұлы аштықтың алдында, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қобда бетінде туыппын. Ата-анам ел қатарлы қаражон, өзіне жетерлік дөңгелек дәулеті бар адамдар екен. 1992 жылы Бай-Өлкеден бауыр көтеріп, осында көшіп келдік. Міне, биыл атажұртқа табан тірегеніме 30 жылдан асты. Бұрынғылар «Елге ел қосылса – құт» демей ме, сол құтың мына мен боламын, балам!

Расында бұрынғы бабаларымыз осы сөзді қалай тауып айтты екен. Елге ел қосылуы құт емей немене. Айталық, өмірінде 16 құрсақ көтеріп, соның 14-ін аман-есен қаздай шұбыртып ата­жұртына оралған әз әже бүгінгі таңда 54 немере, 87 шөбере сүйіп отыр. Керемет емес пе? Есептеңіз, қазақтың қарапайым бір кемпірінің алтын құрсағы ұлы қазаққа 14 бала, 54 немере, 87 шебере қосып, барлығы 155 ұрпақ өрбітіп отыр. Бұл дегеніміз бір тайпа ел. Әз әженің басқа ісін былай қойып, дәл осы халқымыздың демографиялық жыртығын жамауға қосқан үлесі үшін-ақ бас июге тұрарлық.

«Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған, Сағынышым – сары ормандай самсаған» деп қазақтың керемет ақыны Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, қазіргі таңда асыл әженің немере-шөберелерінен жоғары білімді 23 ұстаз, 8 дәрігер шыққан. Бәрі дерлік, абыройлы еңбек етіп жүр. Осылардың ішінде бір қызы Риза Тынымхан республикалық дәргейде «Үздік мұғалім» атанса, апамыздың тағы бір немересі республикамызға танымал «KaznetSolution» ЖШС-нің негізін қалаушы кәсіп­кер, өңірлік «Жомарт жүрек» бел­гісінің иегері, меценат Асыл­бек Туғанбай екен.

Хош сонымен... Апамызға оралайық. Бізді тәнті еткен дү­­ние әз әженің әңгімесі. Терең­нен толғайды, өмірде көрген-­білгендері санасына жат­­та­лып, түйгені көкірегіне сары алтын­дай байланып қалған. «Тоқсанның төріне шығып отыр екен­сіз, бұл ғұмырдан не көріп, не түйдіңіз?» дегенімізде, апамыз терең күрсініп алып, осы бала не сұрап отырғанын өзі біле ме екен дегендей, ойлы жүзіне ойнақы күлкі үйіріліп сәл отырды да:

– Адам өз өмірін сүргені болмаса, тағдырын таңдай алмайды, шырағым, менің бұл өмірден түйгенім: жан баласына қиянат жасама, сенің сөзіңнен һәм ісіңнен ешкім зардап шекпесін, сонда ғана бейбіт-тыныш өмір сүресің. Одан кейінгі айтарым, жасымда еңбек таңдамадым, сауын­шы да болдым, мектепте ас­паз­дық қызмет те атқардым. Ең бастысы, балаларымды адал еңбе­гіммен асырадым. Әкем мар­құм «адамның ішкен асы адал, қайнатқан қазаны таза болса, сол үйге бақ үйіріліп тұрады» деуші еді, осыдан айнымадым. Одан кейін шырағым, ұл-қыздарымды басқаның ала жібін аттамаңдар деп тәрбиеледім. Қазір байқап отырсам, қазақ баласы оқиын десе білімнен кенде емес, бәрін үйренуге жағдай бар. Тамағы да тоқ, бірақ бұларға тәрбие жетпей жатқан сияқты. Қазіргі ата-аналар өз баласының тәлім-тәрбиесін мектепке, одан қалды ұстаздарға міндет етіп қойған. Бұл теріс. «Біреудің жоғын біреу ән салып жүріп іздейді» деген тәмсіл бар. Өзінің отбасы, ошақ қасының күйбің тірлігінен аса алмай, жалақыға сүйеніп жүрген адам сенің балаңды қалай тәрбиелейді. Менің ойымда отбасынан артық тәрбие мектебі жоқ қазақта. Бұрынғылар баласын «обал болады», «ұят болады», «сүйекке таңба түседі» деген үш-ақ сөзбен тәрбиелеген. Осы үш сөз біздің санамыздан өтіп, сүйегімізге сіңді және осы тәрбие тетігін балаларыма сіңіруге тырыстым, – деді әз әже.

Сөз жоқ, әжеміз дұрыс айтады. Қандай бір ұлттың жойы­лып кетпей өмір сүруі, басқа халық­тардың алдында еңсесі биік болуы ұлағатты тәрбие көр­ген ұрпағының кемелдігіне бай­­ла­нысты. Бұны кәріқұлақ, ескікөз апамыз біліп отыр. Осын­­дай көкі­регі даңғыл, ойы орнық­ты, танымы терең қария­лар­ды даңғыл жазушы Сәбит Мұ­қа­нов «Дала академигі» деп тегін айтаған ғой. Өйткені Сә­бең­­дер өткен ғасыр басында еуро­палық үлгіде білім алып, есейген шағында жер шарының талай мемлекетіне табаны тиген, бір сөзбен айтқанда, көпті көріп, көңіліне түйген тұлғалар бола тұра, дала қазағының ерекше ақыл-ой кемелдігіне қайран қалып айтқан-ау шамасы.

Расын айтқанда, қазіргідей дүниенің бедерін шоу жайлап, жеңілдің асты, ауырдың үстін са­ғалап өмір өткізіп жатқан қо­ғам­ға қарап отырып қарның ашып, тып-тыныш бейбіт күнде қарадай қамығып жүретін біз сияқты ескінің соңы, жаңаның арты адамдарға осыдай дала академикерінің кеңесін тыңдау да бір ғанибет емес пе?

Тағы бір орайы келгенде апа­мызға, «Қазіргі болып жат­қан дүние дидарына көңіліңіз тола ма, болашақтан қандай үміт күтесіз?» деп сұрап едік, жа­рықтық маған бір, менің қа­сым­да отырған жолдасым Аман­тай Тойшыбайұлына бір қарап алды да жымиды кеп. Одан кейін: – Адам қандай заманы сондай,  –деді. – Абай атаң айтты емес пе «за­манға кінә артпа» деп. Одан ғұлама емес шығарсыңдар. Яғни қоғам дегеніміз – қолға ұстай­тын зат емес, ол сенің көзқа­ра­сың, ниетің және іс-әрекетіңнің жемісі. Балам, сен бидайдың тұқымын отырғызып, арпа шауып алмайсың, солай ма?

 – Солай.

 – Не ексең соны орасың. Одан кейін, заманды түзейтін де, бұзатын да адамның өзі. Біздің түсінігімізде «жақсы адам» деген ұғым бар. Бірақ Алла Тағала адамды керемет – кемел етіп жаратқан жоқ. «Жақсы адам» деп жақсы қасиеттері жаман қасиеттерінен көп адамды айтады. Жаман адам жайлы да солай. Бұдан шығатын қорытынды жақсы адамдары көп қоғам жақсы, өзіңіз айтқандай дидары жарық. Адам баласы заманға кінә артпас бұрын өзінің отбасын, бала-шағасын жақсы адам етіп тәрбиелеуі керек. Ешкімге бағынбайтын, ешкім жөндей алмайтын жаратылыс заңы деген бар. Пенде баласы оны «тағдыр» дейді. Егер өзіңіз дұрыс жүріп, дұрыс тірлік етсеңіз, балаңыздың да тағдыры дұрыс болады. Демек, не ексеңіз соны орасыз.

Әз әженің әңгімесін тыңдап отырып, бұрынғы қазақтың дүние танымы қандай терең бол­ға­нын аңғарғандай әсер алдық. «Қартың болса төріңде, жазып қойған хатпен тең» деген осы шығар. Сөз соңында асыл әжеден «Өміріңізде, әттеген-ай дейтін өкініштеріңіз болды ма?» деп сұрадым. Кейуана қызық сұрақ қояды екенсің дегендей бір қарап күлді де: – Жасым тоқсаннан асып кетсе де, әлі күні ойымнан кетпейтін, өмір бойы санамда жаңғырып тұратын бір өкінішім бар, – деді.

 – Айтыңыз?

 – Жас күнім еді. Біздің елде Баймәмбет деген қария болды. Жалғызілік адам сөйте тұра өте адал, кірпияз таза кісі. Басында үйі, бауырында қазаны жоқ. Жамбасы сыйған жерге түнеп, бұйырған шаңырақтың дәмін татып, күнін көреді. Елдің бәрі бұл кісіні мүсәпір тұтып ас береді, төріне жатқызады. Отыздан асқан келіншек кезім еді, бір қы­зыма жаңа босанып әлі бойымды толық жинай алмай абыржып отыр едім, Байекең кіріп келді. Орнымнан тұрып, шай беруге шамам жоқ. «Байеке, сіз бүгін басқа үйге барып түнеңіз?» деп шығарып салдым. Мүсәпір бейбақ үнсіз үйден шығып кетті. Қайтып ешқашан оралмады. Осы кісіні ренжітіп алдым-ау, қол-аяғым сынып қалған жоқ атып тұрып бір шәугім шайын беріп, жіберсем нем кететін еді, – деп апамыз ойға шомып отырып қал­ды. Аздан соң еңсесін көтеріп, ақ жаулығын түзеп алды да бізге қарап: «Балам, осы қылығыма өмір бойы өкініп жүрмін», деді.

Апамыз бұлай жауап береді деп еш ойламаппын, не айтарымды білмей алдымдағы ыстақ шайды сораптай бердім. Болымсыз ісіне бола өмір бойы өкініп жүрген мына кейуананың қасында біздің өткен-кеткен ағаттықтарымызды құдай есіркесін. Шай ішіліп бата берілді. Орнымыздан тұрып жатып: «Апа айтар – тапсырарыңыз бар ма?» дедік ежелгі ата салтымен. Апамыз: «жоқ», деді маңдай теріп сүртіп «Өмір бойы мазалап келген өкінішімді айтып бір жеңілдеп қалдым». Көлікке отырып жатып көкейіме ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаевтың «Баба әжем – киелім, Басымды иемін, Жаулығын иіскеп, Жанымдай сүйемін» дейтін бір шумағы оралды.

 

Павлодар