• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Ақпан, 2023

Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

233 рет
көрсетілді

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген Финляндияның сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннаримен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда, инвестиция тарту, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, білім беру, төмен көміртекті даму және т. б. салалардағы кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Премьер-министр Қазақстан Финляндияны Солтүстік Еуропа өңіріндегі және халықаралық ұйымдардағы негізгі әріптестердің бірі деп танитынын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет барлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және нығайтуға ниетті.

«Біз инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мен өзара сауда көлемін ұлғайтудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Осы орайда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарады, ол екі елдің бизнес-топтары арасындағы диалог үшін тиімді платформа болып отыр», деді Әлихан Смайылов. 

Осы тұрғыда Премьер-министр Финляндияның Астанадағы елшілігі жанындағы жаңа визалық орталықтың ашылуын, сондай-ақ қазақстандық және фин компанияларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарларын қолдады.

Өз кезегінде Вилле Скиннари Финляндияның климаттық бастамаларды ілгерілетуге, жаңартылатын энергетиканы және Азиядан Еуропаға өтетін перспективалы логистикалық дәліздерді, ең алдымен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Сонымен қатар министр фин бизнесінің қазақстандық нарыққа деген қызығушылығының артқанын, сондай-ақ салалық ынтымақтастықты, атап айтқанда, цифрландыру және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша әлеуеттің жоғары екеніне тоқталды. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-фин әріптестігін кеңейту үшін белсенді түрде бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.