Cайлаудың алғышарты 2022 жылдың наурыз айында, яғни, Президент өз Жолдауында саяси реформалардың жан-жақты бағдарламасын ұсынғанда қаланған болатын. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші өзінің Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бір жылға жетпейтін уақытта партиялар үшін шынайы бәсекелестік орта қалыптасты, азаматтардың Парламент пен мәслихаттарға өзін-өзі ұсынуына жол ашылды. Мұны қолда бар статистика да дәлелдеп отыр. Мысалы, Парламент сайлауына барлық жеті саяси партия қатысып жатыр. Оның екеуі партия туралы заңнамаға өзгерістер енгеннен кейін тіркелді. Сондықтан партиялар арасындағы бәсекелестік бұл сайлау кампаниясының негізгі элементі болмақ.
Мәжіліс депутаты болуға партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы ұсынылды (орташа есеппен 1 мандатқа 9 үміткерден келеді). Сайлауға қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділердің көптеп қатысып жатқаны (оның ішінде, әдетте билікті сынап жүрген азаматтар да бар) олардың жүргізіліп жатқан реформаларға сенімі мен қолдауын білдіреді», деп жазды Е. Қарин.
Сондай-ақ ол елімізде соңғы жылдары орын алған барлық өзгерістерді жұртшылықтың қызу қолдап отырғанын айтқан.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, қазақстандықтардың 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды.