ҰҚК Маңғыстауда ақбөкендерді заңсыз атып келген екі тұрғынды қылмыс үстінде ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күрес іс-шараларын жүргізу аясында қылмыстық «кәсіптің» жолын кесуді жалғастырып келеді. 2023 жылғы қаңтарда ҰҚК прокуратура органдарымен бірге киіктің мүйіздерін заңсыз өндіру және сату арнасын ұйымдастыруға қатысты адамдар тобын қылмыс үстінде қолға түсірді. Құнды тауардың ірі партиясын саудалау әрекеті кезінде Маңғыстау өңірінің қылмыстық әлеміне қатысы бар бұрын сотты болған екі адам ұсталды.
«Мемлекетке 1 млрд теңгеден аса залал келтірілгенін және Қазақстандағы ақбөкендердің таралуына едәуір кері әсерін тигізгендерін дәлелдейтін айғақтар жинақталды. Сотқа дейінгі тергеу аясында ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша заңға қайшы әрекеттің өзге де қатысушыларын анықтауға бағытталған жедел тергеу іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр», делінген ҰҚК таратқан мәліметте.