• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Ақпан, 2023

«Астананың» алтыншы суперкубогі

203 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні Қазақстанда кезекті футбол маусымының шымылдығы түрілді. Жылдың алғашқы ресми матчында былтырғы ел чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогі бәсекесінің жеңімпазы Шымкенттің «Ордабасы» клубтары Қазақстан суперкубогін сарапқа салды.

«Астана Арена» стадионында өткен еліміздегі ең мықты екі ұжым арасындағы кездесудің сөзсіз фавориті «Астана» клубы еді. Өйткені олар біріншіден өз алаңында, екіншіден жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауы астында ойнады. Десе де, көпшілік жұрт маусымаралық үзілісте құра­мын түгелдей жаңартып, қатарын ұлттық құрама сапында өнер көр­сететін мықты футболшылармен толықтырған «Ордабасы» клу­бынан да ерекше ойын күтті. Шым­кенттік ұжымда биылдан бас­тап Қазақстан ұлттық құрамасы мен бұрынғы «Тобылдың» жар­тылай қорғаушысы Асхат Тағы­берген, сондай-ақ еліміздің бас құрамасында ойнайтын қор­ғаушылар Темірлан Ерланов пен Сергей Малый, қақпашы Мұхамеджан Сейсен, шабуылшы Айбар Жақсылықов және тағы басқа футболшылар доп тебеді.

Григорий Бабаян жаттық­тыратын «Астана» клубы да трансфер кезеңінде қарап қал­ған жоқ. Мәселен, еліміздің жеті дүркін чемпиондары өз қата­рына сербиялық жартылай қорғаушы Душан Йованчичті, черногориялық қорғаушы Жарко Томашевичті, гамбиялық шабуылшы Дембо Дарбоені, хорватиялық қақпашы Йосип Чондричті және франциялық жартылай қорғаушы Фабен Уреганды қосып алды.

Сөйтіп, Қазақстан суперкубогі аясында тоқсан минутқа жалғасқан тартысты матчта «Астана» клу­бының мерейі үстем болып, алтыншы мәрте алтын кубогті жеңіп алды. Елордалық ұжым бұған дейін 10 мәрте финалда ойнап, соның тек бесеуінде ғана жеңіс тойын тойлаған болатын. Міне, биыл алтыншы мәрте жаңа мау­сымды жеңіспен бастап отыр. «Ор­дабасы» клубына келер бол­сақ, оңтүстіктен келген команда биыл өз тарихында екінші рет суперкубоктің финалына шықты. Алғаш рет олар 2012 жылғы финалда ойнап, сол жылы-ақ кубокты басынан асыра көтерген еді.

Жеті мыңнан аса жанкүйер тамашалаған биылғы «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы матчта алаң иелері айқын басымдықпен жеңіске жетті деп айта алмаймыз. Тең дәрежеде өткен ойын тағдырын 11 метрлік айып добы шешіп кетті. Кездесудің есебін 8-минутта «Астананың» жаңа ой­ыншысы Алекса Аманович ашты. Қорғаушының алыстан бағыттаған жойқын соққысымен салған әдемі голына жергілікті жанкүйерлер қуанып боламын дегенше «Ордабасыға» қайта оралған Еркебұлан Тұңғышбаев командаласы Асхат Тағыбергеннің пасынан кейін баспен гол соғып, бір минуттың ішінде таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Кейіннен матч біраз саябырсып қалғандай болды. Бірінші тайм аяқталар тұста қонақтардың ойыншысы Шохбоз Умаров елордалық шабуыл­шы Дембо Дарбоға қарсы ойын ережесін бұзып, төреші «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік нүктеде мүлт кетпеген Дарбо өзінің дебюттік кездесуінде гол соғып, командасын жеңіске жетеледі. Ойынның екінші кезеңінде қос команда есепті өзгертуге тырысқанымен, гол соға алмады. Қорытынды есеп – 2:1. Осылайша, «Астана» өз тарихында алтыншы рет Қазақстан суперкубогінің жеңімпазы атанды.

Енді командалар келесі аптада басталатын футболдан Қазақстан чемпионатының матчтарына да­йын­далады. 4-5 наурыз күндеріне жоспарланған ел біріншілігінің 1-тур ойындарында «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шах­терін» қабылдаса, «Орда­басы» Шымкентте Ақтаудың «Кас­пийі­­мен» кездеседі. Сондай-ақ бұл турда «Жетісу» – «Ақтөбе», «То­был» – «Ақсу», «Қайсар» – «Қы­зыл­жар», «Оқжетпес» – «Мақ­­таарал» және «Қайрат» – «Аты­рау» командалары ойнайды.