• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Ақпан, 2023

Хайуанаттар бағы қажет пе?

1688 рет
көрсетілді

«Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі» дейміз. Олай болса, табиғатпен үндес аң-құс, жануарлар дүниесі, тіпті қыбырлағанның барлығы дерлік – қоршаған ортаның төл перзенті. Бізге дейінгі ғалымдардың еңбегіне, дәлелдеуді қажет етпейтін теорияларға талас жоқ. Мәселе жылдан-жылға қатары азайып жатқан жануарлар дүниесін сақтап қалуда болып тұр.

Қазір қоғамда екі түрлі пікір қалып­тас­қан. Бірі хайуанаттар бағын қажет деп санаса, екінші жақ жабайы жануарлар темір торда емес, табиғатта өмір сүруге тиіс деген түсінікті құптайды. Осы жайға экологтер да екіжақты қараса, қа­рапайым халықтан не сұраймыз. Расында, осы тақырып тек кейінгі жылдары көбірек айтылып, өзекті бола бас­тады. Ашық қоғамда әр азаматтың пікірі, көзқарасы құнды. Озық үлгідегі технологиялардың ауылы алыс кезде жұрт хайуанаттар ба­ғына, цирктегі артист аң-құстардың өнерін тамашалауға ағылған. Сол шақ дарқан даланың та­би­ғаты қандай көркем болса, жануарлар әлемі де сондай бай болған екен-ау. Қазір қоғамның дүниетанымы, тү­сінігімен қоса құндылығы өзгерді. Он­сыз да азайы­п бара жатқан жануарлар дүниесін қорғау өзге тіршілік иелерінен бір саты жоғары саналатын жұмыр бастыны алаңдататыны орынды.

Сондықтан әр ел өзінің территориясында сирек кездесетін өсімдіктер мен жа­нуарлар әлемін көзінің қарашығындай қорып, көбейтудің қам-қарекетін жасап-ақ жатыр. Мысалы, Алматы хайуанаттар бағында бунақденелілер, қосмекенділер, бауырмен жорғалаушылар, сүтқоректілер, балықтар және басқа да аң-құстың 371 түрі кездеседі. Ірілі-ұсақты жануарлардың жалпы саны 4 мыңға жетеғабыл. Оның 76 түрі халықаралық және Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарымен ерекшеленеді. Оның ішінде табиғатта өмір сүрсе зау биіктен жемтігін аңдып, ұрымтал сәтте, тіпті ірі аңдардың адымын аштырмайтын жыртқыштар тобы бар. Осыдан келіп, «жыртқыш құстар хайуанаттар бағына қайдан келді?» деген заңды сауал туады. Жыртқыш құс­тарды хайуанаттар бағына 1970 жыл­­дары Қарашеңгел аңшылық ш­аруа­шы­лығынан Икар Бородихин деген аза­мат алып барған. Ол қорықта қанаты қайырылған, аяғы сынған, бір сөзбен айтқанда, табиғатта өмір сүруге қауқарсыз құстарды ғана тапсырған. Қазір хайуанаттар бағында жыртқыш құстардың 30 түрі бар. Олардың саны 236-ға жеткен. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген құмай, тазқара, бүркіт, дала қыраны, балтажұтар сынды құстардың түрі көп. Сол сирек кездесетіндердің қатарында үнді жайрасы, Тянь-Шань ақ тырнақты қоңыр аюы, арқар да бар.

Алматы хайуанаттар бағында даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахи­мованың айтуынша, қызғыштай қорып отырған жануарлардың басым көпшілігі хайуанаттар бағында бұрыннан мекен етеді. Табиғатта еркін ойқастаған жануарларды ешкім арнайы ұстап алып келмейді. Аңшылардан тәркіленген жаралы жануарлар, қақпанға түскен немесе енесі өлген бөлтіріктер, ақбөкен, түлкі сынды өзге де аңдар хайуанаттар бағын толықтырған. Ал Амур жолбарысы, арыстан, қабылан, маймыл және басқа да жануарлар әлемдегі өзге хайуанаттар бағынан жеткен. Хайуанаттар бағы еуразиялық, дүниежүзілік ассоциациялармен байланыста. Тәжірибе алмасып, бірінен-бірі жануарлар алып отырады. Мысалы, керқұлан (Прежевальский жылқысы) тәрізді жануарлар қазір тек қорықтар мен зообақтарды мекендейді. Был­тыр хайуанаттар бағы ақтөс тукан, поляр қасқырлары, сервал сынды бір­неше аң-құспен толыққан. Онда ветеринар­лық бөлім негізгі бөлім саналады. 9 мал дә­рі­гері хайуанаттардың ахуалын жіті ба­қы­лайды. Бірі құстарға қараса, екіншісі жырт­қыштарға дегендей әр мал дәріге­рінің өзі баскөз болатын, тілін таба алатын жануарлары болады.

– Хайуанаттар бағы керек емес, жабыл­сын! Байғұс аңдар, жүдеген, тамақ бер­мейді деп жазып, айтып жүргендер бар. Ал шынтуайтында, хайуанаттар бағы арқылы жануарлардың бірнеше түрі сақталып қалды. Қазір хайуанаттар бағының мақ­саты – жануарлар әлемін көрсетіп, соның есесіне халықтан ақша жинау емес, гендік қорды сақтау. Себебі көптеген жануардың табиғатта мекен ететін аймағы жоқ. Мысалы, қазірдің өзінде орманды даланың көлемі азайы­п, өзен-көлдер тартылып, батпақтар құр­ғап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жыл өткен сайын та­биғатта мекендейтін жануарлардың өрісі тарылып барады. Мәселе күрделі. Жүз­деген жыл бұ­рын хайуанаттар ба­ғының мақсаты қонақ­тардың көңілін көтеру, сергіту болса, қазір жануарлардың генофонын сақ­тауға басымдық берілген. Бүгінде әлем­дегі хайуанаттар бағы жа­нуар­ларды табиғаттан тыс өсіруге ма­шықтанды. Атақты жазушы, натуралист Джеральд Дарреллдің кітаптарын оқып өстім. Ол «Хайуанаттарда еркіндік деген түсінік жоқ» деген. Яғни жануарлар еркіндік дегенді түсінбейді. Еркіндік деген біздің түсінігімізде, біз ойлап таптық. Жануар­ларда қауіпсіздік, өзі мекен ететін аймақ, тамағы, көбею сынды түсініктері болады. Осы қажеттіліктің барлығын біз толықтырып отырмыз деп айта аламыз, дейді А.Рахимова.

Әлемдегі хайуанаттар бағы жануарлар­дың санын көбейтіп, кейін оларды та­биғатқа шығарудың методикалық әдіс-тә­сілдерін меңгеріп жатыр. Мамандар жырт­қыш құстарымен танылған Алматы хайуанаттар бағындағы қанаттыларды да еркіндікке жіберуге болмайтынын ес­кертеді. Өйткені мұндағы аң-құстар ер­кіндікке шықса, тамағын тауып жей ал­мауы да әбден мүмкін. Қала берді ол құс­тардың адамдардан қорықпайтыны да кері әсер етеді. Әлемдегі хайуанаттар ба­ғы жануарларды табиғатқа шығаруға ма­шықтап жатыр. Неге десек, табиғатта белгілі бір аң-құстардың қатары сиресе, дәл сондай жануарлардың санын хайуанат­тар бағынан алып орнын толтырса, ғажап емес пе?

А.Рахимова бізге бірнеше жылдың бе­дерінде хайуанаттар бағының жұмы­сына қатысты туындаған мәселелер жөнінде тарқатып айтып берді.

– Алматы хайуанаттар бағы әлемдегі ең озығы немесе нашары деп айта алмаймыз. Өйткені мұнда хайуанаттарға қажетті жағдай жасалған. 2018 жылы аюларға, қасқырларға, жолбарыстарға қоршау са­лып бастап, былтыр соны аяқтадық. То­ғандарды жөндеуден өт­кіздік. Ендігі кезекте «Африкалық саванна» кешенін салу жоспарда бар. Онда сусиыр, піл, керік, мүйізтұмсық, зебраға арналған қор­шаулар болады. Біз мүмкіндігінше хайуанаттардан төл алып қалуды ойлай­мыз. Бұл хайуанаттар бағының ең үлкен олжасы саналады. Мысалы, біз былтыр жануарлардың 21 түрінен 71 төл алдық. Олардың арасында екі ягуардың төлі, керқұланның құлыны, керік төлі, мы­сықтектес лемурлар, ақтөсті аю, көк қош­қар, еуропалық кербұғы, бүркіт және басқа аң-құс түрлері бар. Тіршілікте кез келген жануардың өмір сүру уақыты тоқтайтын кез болады. Мысалы, 2-3 жыл өмір сү­ретін балықтар, жылға жетпей өлетін жән­діктер бар. Жолбарыстар табиғатта 8 әрі асса 12 жыл өмір сүрсе, хайуанат­тар бағында өмірі 18 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Аюлар орта есеппен 20-25 жыл өмір сүреді. Біздегі аюлардан Кристина 24 жыл, ал Алькор 31 жыл жасады. Қар ба­рыстары жайында айтсақ, 2016 жылы шу шыққанын білесіздер. Сол тұста ақпарат көздері қар барыстарын бірінен соң бірі қырылып жатқандай көрсеткен. Біздегі жұмысшылар жануардың өлгенін қаламайды. Оларға жанашырлықпен қарайды. Бауыр басып қалады. Ешкім олардың қорегінен жырып, пайда көр­мейді. Біздегі екі қар барысы туыстық жа­ғынан жақын барыстардан туған. Содан екеуі де бізге ауру болып келді. Опе­рация жасаттық. Өкінішке қарай, бәрібір оңалмады. Айдың-күннің аманында Томирис деген шимпанземізден қатерлі ісік анықталғаны Приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан Қайыпқызының жанына қатты батты. Тағы бір айтарым, біз циркке жануар бермейміз. Керісінше, бізге артист арыстан, пума әкелгендер болды. Олар қартайғанда келгенімен ұзақ өмір сүріп, тіпті төлдеді, дейді ол.

Ал эколог Азаматхан Әміртайдың ай­туынша, түз тағысын қоршауда ұстауға бол­майды. Неге десеңіз, тар жер жануар­дың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

– Хайуанаттарды қамап ұстауға болмайды. Мұндай жағдайда тордағы жануар ауруға шалдығуы мүмкін. Түздің аң-құсын асырауды ойласақ, оларға ең әуелі жайлы орын сайлау қажет. Осыдан соң олардың ұзақ өмір сүруіне барлық қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Әрине, аумағы кең орын қала ішінде емес, сыртында болатыны түсінікті. Ал елдегі хайуанаттар бағы қаланың ішінде орналасқан. Дала жануарларының денсаулығын ерекше қарап отырған зоологтер жоқ. Азып кеткен жыртқыштарды да кездестіресің. Міне, осылайша алдымен кең жерді да­йын­дап, қоршап, жануарларды ашық аумақ­та асырауға болады. Әрі осы орынды қонақтарға хайуанаттар бағы деп емес, «жа­нуарлар әлемі» деп те көрсетуге әбден болар еді. Бірақ – бұл өте үлкен шаруа, дейді эколог.

Өз кезегінде Зоология институты дирек­торының орынбасары Марина Чи­рикова елдегі үш хайуанаттар бағын сақ­тап қалу маңызды екенін айтты.

– Хайуанаттар бағы бізге қажет дер едім. Біріншіден, табиғатта түп­та­­мырымен жойылғалы тұрған аңдар сонда қорғалып, қайта көбейіп жатыр. Мысал ретінде, Гер­манияның хайуанаттар бағында сақталып, кейін өзге хайуанаттар бағына тараған керқұланды (Прежевальский жылқысы) айтсақ болады. Есесіне, керқұлан бізге де жет­ті. Екіншіден, осындай жа­нуар­лар­дың тұқымын көбейтіп, арнайы бағ­­дарламалар арқылы табиғатқа шы­ғаруға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, біздегі хайуанаттар бағы да осы жайға басымдық беріп отыр деп айта алмай­мыз. Себебі бізде хайуанаттар бағына қатысты қордаланған өзге де мәсе­лелер баршылық. Үшіншіден, аң-құстардың санын арттыруды ғылыми тұр­ғыда зерттеп-зерделеуге болады. Егер жануарларға дұрыс көңіл бөліп, қарай­ласа, олар кәнігі табиғатта еркін көсіліп ойқастап жүрген аң-құстардан да ұза­ғырақ өмір сүреді. Өйткені жабайы жа­нуарлардың қарны тоқ, жауы жоқ болса әрі дәрігерлер ұдайы бақылап отырса өмірі де ұзағырақ болады. Кез келген жануар ауырып немесе қартайып өлуі мүмкін. Қазір әлемдегі хайуанаттар бағында табиғаттан алын­ған аң-құстар ілуде біреу. Олар қа­расы азайып бара жатқан жануарларды бір-бірінен алып отырады. Сондықтан біз кем дегенде Шым­кент, Қарағанды және Алматыдағы үш хайуа­наттар бағын сақтап қалуымыз ке­рек деп ойлаймын, дейді биолог ға­лым.

Ресми деректерге сүйенсек, әлемде 1 500-ге жуық хайуанаттар бағы бар. Оның ішінде Берлин, Лондон, Сан-Диего, Син­гапур, Париж хайуанаттар бағы сынды көш ілгерілері де кездеседі. Онда жер жүзінен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған хайуанаттардың небір түрі қайта көбейген. Аумағы атшаптырым жер­ді алып жатқан сафари-парктердің де төресі бар. Олар иен даланы мекен ететін жануарлар әлемін қорғаумен шектелмей, жақсы табыс тауып отыр. Сан-Диегоға туристердің басым көпшілігі пандаларды көруге барса, бізде жыртқыш құс­тар тобы мен өзге елдерде өте сирек кез­де­сетін ақбөкендерді тамашалауға ке­летіндерге жақсы жағдай жасалса, қа­некей? 1937 жылы ашылған Алматы хайуанаттар бағында қызметкерлердің жалақысын, аң-құстардың қорегін мемлекет қаржыландырады. Қонақтардан түскен аз-маз табыс жануарлардың дәрі-дәрмегіне, жөндеу жұмыстары сынды өз­ге де шығындарға жұмсалады. Міне, сон­дықтан хайуанаттар бағы керек пе де­ген сауалға келгенде қоғам екіұдай ой­да қалады. Білікті экономистер қызмет көр­сету сапасына көңіл бөлінсе, кез келген іс алға басатынын үнемі айтып отырады. Ендеше, хайуанаттар бағына да осы қағида бойынша назар аударатын шақ таяған секілді.