Тегінде ұлт мүддесінен биік мұрат болмаса керек. Әрине, жалпыадамзаттық асыл қазынаға айналған жаһандық жауһарларды әспеттеу қажеттігі әмбеге аян. Әйтсе де әлемдік өркениет бәйгесінде әр халық өз атының озғанын қалайтыны тағы талассыз.
«Ұлы даланың ұлы адамдары» атты бұл мінәжат мүйісіне келушілер атақ-даңқтары асқақтаған ардақты ата-бабалармыздың аруағына құран бағыштап, олардың ғибратқа толы ғұмырынан үлгі-өнеге алса, сөйтіп, өскелең өрендеріміздің өнбойында отаншылдық, ұлтжандылық қасиеттері қалыптасса қандай ғанибет
Осы орайда біздің қазақтың өзек өртер өкініштері өте көп. Отарлаушылар ойраны ел еңсесін езіп кетті. Талай дүниеміз тарихтың тасасында қалып қойды. Сан жылдарға созылған бодандықтың ауыр зардабынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз.
Аласапыран замандардың аламан-тасырында атадан мирас салт-дәстүрінен айырыла жаздаған Алаш жұртының кешегі кем-кетігін түгендеудің сәті тәуелсіздік тұсында түсіп тұрғандай. Бұған елін сүйген ерлеріміз хал-қадерінше үлес қосу үстінде. Қазақтың қайта өрлеуіне қалтасынан қаржы жұмсап, игілікті істер тындырып жүрген атымтай-жомарттарымыздың бірі – Сапар Ысқақов. Құрметті құрылысшы, кәнігі кәсіпкер, ұлтжанды азамат, мерейлі меценаттың бұған дейінгі атқарған ауқымды шаруалары көзі ашық, көкірегі ояу көпшілікке ақпарат құралдары арқылы мәлім болғандықтан, белгілі жайларды қайталап қайтеміз. Оның үстіне ондай-мұндайын айтып жария мақтауды ағамыз жақтыра бермейді.
Сексеннің сеңгіріне шықса да, тұғырынан таймаған тарланбоздың ойға алған жоспары жетерлік. Солардың ішіндегі ең соқталысы – Қостанай облысының Амангелді ауданында салынып жатқан көпбейінді туристік кешен. Бұйырса бұл дала ұлағатын танытатын таңғажайып орталық болғалы тұр. Көзіміз көріп, көңіліміз көншіген соң жазып отырмыз осынау жолдарды.
Аталған жоба бойынша Амангелді ауылының дәл іргесіндегі жеті гектар жерде талайларға таңдай қақтырардай тамаша мәдениет ордасы орнамақ. Айналасы жасыл желекті ағаштармен жайқалып, көк майсамен көмкерілген абат бақтың арасында көркі көз сүріндірер он екі нысан бой көтермек. Олардың кейбірі қазірдің өзінде келушілерді қабылдауға дайын. Ең бастысы, мұндағы архитектуралық ансамбль батыс пен шығыстың теңдессіз ескерткіштерін бір ендікте тоғыстырған. Сан ғасырдың сырын бүккен сақ моншасы, миллиондарды табындырған Мысыр Пирамидасы, үлкен-кішіні үздіктірген Үндістандағы Тәж-Махал, Мексикадағы Майя тайпасының мәңгілік мақтанышы Чичен-Ица ғимараты, Бразилия қаласындағы кафедралды собор, паң Париждегі салтанат қақпасы, Нью Делидегі «Лотос» храмы, Гранададағы «Альгамбра» сарайы, Сириядағы «Пальмира» амфитеатры, Бразилиядағы «Алворадо» дейсіз бе, бәрін осы арадан көресіз.
– Алты құрлықты армансыз аралап, 150-ге жуық мемлекетте болдым. Ақ қар, көк мұзы аспанмен астасқан Антарктида мен Арктикаға да табаным тиді. Сол саяхаттар барысында әдемі әсерге бөлеген әлемге әйгілі кереметтердің кішірейтілген көшірмелерін туған жерімнің төсінде тұрғызғым келді. Бұларды арнайы барып көруге көптеген бауырымыздың қалтасы көтере бермейді ғой, – дейді шартарапты шарлаудан шаршамайтын Сапар аға мәселенің мән-жайын түсіндіріп. Жиһанкез сөйтіп, жер-жерден көрген-білгені мен жиған-тергенін жерлестерінің игілігіне ұсынбақ. Сөйтіп, төрткүл дүниеге танымал сәулеттік туындылар Қазақстанның мәдени мұраларын насихаттауға септігін тигізбек. Ізгі ниеттен туған іскерлік қадамды құптамасқа амалың жоқ.
Былтыр күзде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты пайдалануға берілген пантеонға пара-пар «Мемориал» табалдырығынан имене аттадық. Өйткені оның ішіне Торғай өңірінде туып, исі қазақтың тұлпар мініп, ту ұстаған тұлғаларына айналған Шақшақ Жәнібек, Қошқар, Иман, Төлек Жәуке батырлардың, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Бірімжанов секілді Алаш арыстарының, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Кейкі Көкембайұлы, Әбдіғаппар Жанбосынұлы сияқты елі үшін еңіреген ерлердің есім-сойлары граниттен қойылған тағзым тасының бетіне жазылып, астына мәңгілік мекендерінен әкелінген топырақ салыныпты.
Ал ашық алаңқайдағы анадайдан менмұндалаған «Ұлттық жады қабырғасы» елімізде бұрын-соңды болмаған ерен ескерткіш ретінде ерекшеленбек. Биіктігі 4 метр, ұзындығы 40 метрді құрайтын қызыл кірпіштен қаланған қабырғаға шетелдерде және республикамызда жерленген жақсы-жайсаңдарымыздың зираттарынан алынған топырақпен толтырылған құтылар орналастырылып, мәрмар тақтаға аты-жөндері жазылатын болады.
Ұзын саны екі жүздей ұлт мақтанышының аты-жөнін осы арадан көресіз. Олардың өмірбаянымен арнайы QR код арқылы танысып, мол мағлұматқа қанығасыз. Киелі керегетастың дәл ортасына биік баған орнатылып, ұшар басына «Алтын адам» мүсіні қондырылады.
«Ұлы даланың ұлы адамдары» атты бұл мінәжат мүйісіне келушілер атақ-даңқтары асқақтаған ардақты ата-бабалармыздың аруағына құран бағыштап, олардың ғибратқа толы ғұмырынан үлгі-өнеге алса, сөйтіп, өскелең өрендеріміздің өнбойында отаншылдық, ұлтжандылық қасиеттері қалыптасса қандай ғанибет.
Сапар Ысқақұлы осыған байланысты салиқалы ойын былайша сабақтады:
– Алты жылға созылған «Бабалар ізімен» экспедициясы аясында Еуропа, Азия, Африка, Американың елуге тарта еліне сапарлап түбі бір түркі жұртына қатысты қаптаған деректерге қанықтық. Тарам-тарам тамырлары әлемнің әр шалғайына жайылған сақ, ғұн, түркі тектестердің терең тарихымен таныстық. Орасан зор олжаға кенелдік. Олардың біразын телехабарларға түсіріп, көрермен назарына ұсындық. Қаншама құнды құжаттар таптық. Күлдір-күлдір кісінеген Күреңге күміс ер салып, Күн түбіне жортқан баяғы бабаларымыздың сол жақтағы сан ғасырлық сайраған іздерін көріп, кеудемізді мақтаныш кернеді. Тағдырдың жазуымен тарыдай шашылып барған жерлерінде тасы өрге домалап, алтын тақта отырғандары да аз емес. Өзімізше есептеп көрсек, 23 мемлекетте қандастарымыз билік құрыпты. Демек өзге жұртта сұлтан болғандар. Сыртқа кеткен «сырттандарымыздың» ішінде батыр да, бағлан да, ғалым да бар. Біз сондай жүзге жуық милләт марғасқаларының өмір сүрген жерлерінен, сүйектері қойылған зираттарынан бір уыс топырақтан алып келдік.
Айрықша жоба авторының айтуынша, маңдайымызға басып мадақтауға лайық жақсы-жайсаңдарымыздың қатарында асқан ғұламалығымен, ерен ерлігімен аттары аңызға айналған скиф сұңғыласы, философ, тарихтың атасы Геродоттың өзі «жер жүзіндегі жеті данышпанның» тізіміне кіргізген Анахарсис, ертеден-ақ даңқы төске өрлеген Еуропаны дәргейіне келтіріп, Рим империясындағы құлдық қоғамды құлатқан Еділ патша, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр Әл-Фараби, тағдыршешті Дидгори шатқалындағы шайқаста 40 мыңдық қолымен қырғын салып, грузиндерді түрік, парсы шапқыншылығынан қорғап қалған Артық хан, Юань империясының әскери қолбасшысы Әлихан Жалайыр, қаһарлы қағаннан қорықпай, ұлы Жошының қайғылы қазасын жолын тауып домбрамен жеткізген найман Кетбұқа жырау, Мажарстан патшайымы Елизавета Куманская, тағдыры таста таңбаланған Күлтегін, құман қыпшақтарының көсемі Көтен хан, Үндістан үкілеп, төбесіне көтерген Сұлтан Разийя Бегім, бүкіл Русьтің ұлы князі дәрежесіне жеткен Сайын-Болат, Алтын Орданың ханшасы Тайдулла, ғұндар қағанатының керегесін кеңейткен Мөде хан, өткенімізді өзгеше өрнектеген «Шежірелер жинағын» жазушы Қадырғали Жалайыр, Ресей аумағындағы Қасым хандығын билеген Ораз-Мұхаммед, ел қамын жеген Едіге би, тұңғыш кәсіби тарихшымыз Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати, Мысырды мысымен басқан мәмлүк Бейбарыс сұлтан, қалың қытайдан қаймықпай қарсы шапқан Оспан батыр, құдіретті күйшіміз Құрманғазы Сағырбайұлы, Алаштың азаттығы жолында арпалысып өткен Мұстафа Шоқай, ел басына күн туғанда ерлермен бірге майданға аттанған шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк және басқа да біз білетін, білмейтін тұғыры биік тұлғаларымыз бар. Бұларға бірінші қабырғадан бір-бір ұяшық бұйырмақ.
Ал атамекендегі Абылай мен Абай бастаған ардақтыларымыз қабырғаның екінші бөлігінен орын алмақ. Осылайша, қасиет тұнған қабырғаның қос қанаты тұтас тарихымызды айғақтап тұратын болады. Бағзыдан жеткен бабалар жолы бүгінгі үрім-бұтағын адастырмай бақуатты замандарға бастағай.
Туристік кешендегі тарихи-танымдық маңызы зор нағыз керекті нысан «Дешті Қыпшақ» музейі екені ешқандай талас тудырмайды. Бүр жарған қызғалдақ пішініндегі ғимаратының өзі ғайыптан түскен ғажайыпты елестетіп, еріксіз бас шайқатады. Сырт пішіні сүйсінткен мұражайдың іші де елді елең еткізер экспонаттарға толса нұр үстіне нұр. Алтайдан Дунайға дейінгі аралықтағы қиян далада қиқулап, қайқы қылыштарымен жау жапырған қыпшақтар тарихында тағылымдық дүниелер баршылық.
Біз келгенде он екі орындық қонақүй мен дәмхананың құрылысы қызу жүріп жатыр екен. Мамандығы бойынша құрылыс инженері санатындағы Сапар Ысқақов бірден жігіттерді жинап, істің барысымен танысты. Жанына жақын жұмыстың ой-шұқырын жетік білгендіктен нақты нұсқаулар беріп, бұған дейінгі тапсырмаларының қалай орындалғанын тексерді. Өзімен бірге Астанадан ала барған тұсқағаздар мен керамикалық тақтайшаларды құрылысшылардың қолына тапсырды. Жергілікті тұрғындардан жасақталған бригада мүшелері де сенімге сай серпін көрсетіп жатқанына куә болдық. Жұмыс болған соң оның бәрі бірдей ойдағыдай бола бермейтіні жасырын сыр емес. Сондықтан Сапекең құрылыс сапасына көбірек көңіл бөлу керектігіне айрықша назар аударды.
Бизнестегі білігінен сарабдал санаткерлігі асып түспесе, кем соқпайтын Сапар Ысқақовты ұлтының ұйықтап кеткен намысын ояту, кейінгі жастардың жарқын келешегіне кең өріс ашу мәселелері қатты алаңдатады. Өйткені еліміздің ертеңі бүгінде қандай ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызға тікелей байланысты. Олар уақыт талабына сай білімді, бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сонда ғана елін өркениет өріне сүйрей алады. Отаншыл оғландар көбеймей көсегеміздің көгеруі екіталай.
– Ашығын айтқанда, бұл құрылыс нысаны іске қосылғаннан кейін маған мол табыс әкелуі екіталай. Іргелі қалалардың іргесінде тұрған жоқ. Тоғыз жолдың торабынан тым шалғай орналасқан. Бюджеттен, басқа да қаржы көздерінен соқыр тиын алған емеспін. Алақан жайып ешкімнің алдына бармаймын. Өзім құрған «Тілеп» қайырымдылық қоры есебінен ақша бөліп, амалдап жатқан жайым бар. Келісті кешен толығымен аяқталып, іске қосылғанша шамамен 3 млрд теңгенің үстінде қаражат жұмсалмақ. Кейде балаларым кейістік білдіріп жатады. «Папа, өз қатарластарыңа қарашы, бала-шағасының қасында алаңсыз демалып тыныш тіршілік кешуде. Ал сіз тыным таппайсыз. Осының қажеті қанша?» деп мені алашапқыннан айнытқылары келетінін қайтерсің. Рас, мына еңбектерімнің ертең еш кетуі де ғажап емес. Қайдан білейін, күннен-күнге жасарып келе жатқанымыз жоқ. Денсаулық та оқта-текте сыр беріп қояды. Жан-жақтан туристер ағылып, көздеген мақсатымызға жете алсақ жақсы. Жетпесек ше? Ауқымды кешен өзін-өзі ақтай ма? Жергілікті әкімдік өз балансына алған күннің өзінде әрі қарай ұстап тұра ала ма? Сананы сан саққа жүгіртер сауал көп. Соған қарамастан бастаған істі баянды етуге тырысып бағамын. Себебі бұл қалың қазағыма қажет. Алдымыздан туар ақ күннен үміттімін, – дейді Сапар Ысқақов.
Құрылыс алаңына Амангелді ауданының әкімі Талғат Кәрібозов бастаған жергілікті билік өкілдері жиі ат басын бұрып, мұндағы ірілі-ұсақты шаруаларға шама-шарықтары жеткенше көмектерін көрсеткенін естігенде кәдімгідей қуанып қалдық. Жарық тартылып, асфальт жол төселіп, автотұрақ салынғаны инвестордың да көңілін көтеріп тастаған тәрізді.
Орны бөлек осынау туристік орталыққа алыстан ат сабылтқан саяхатшылар мен айналасындағы ауыл адамдарының рухани ләззат алып, табиғат аясында тынығуларына керек нәрсенің бәрі болмақ. Аптап ыстықта саябақтағы сабат бассейнде салқын суға шомылып рахаттанса, бала біткен алуан түрлі аттракциондарда асыр салып ойнамақ. Мейманхана мен мейрамхана қонақтар қызметіне қашанда әзір. Басқа да қызыққа батырар мәдениет ошақтары есіктерін айқара ашпақ. Енді тек істің сәтін салсын деңіз.
Шежірелі Торғай өлкесінде тартымды тарихи-мәдени орындар көп-ақ. Мәселен, ғарыштан көрініп, ғалымдардың көкейін тескен Торғай геоглифтерін алайықшы. Көненің көмбесіндей қаптаған үйінділердің қандай құпияларды бүгіп жатқаны әзірге беймәлім. Сол жұмбақты шешуге әлемнің әр шалғайынан оқымыстылар келері даусыз. Енді осы мәдени мұраларымызды насихаттай алсақ, соларға туристерді тарта білсек құба-құп.
Ұлтын ұлықтауды, халқына қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған абзал ағамыз Сапар Ысқақовтың жан дүниесін жаулаған жақсы идеясы жүзеге асса, Амангелді ауданындағы туристік кешеннің Қазақстанның қадір-қасиетін арттырар айтулы мекендердің біріне айналары сөзсіз.
Қостанай облысы